Жаңалықтар

Әлібек Қуантыров: Қазақстан экономикасы сыртқы жағдайға бейімделуге мәжбүр

Әлібек Қуантыров: Қазақстан экономикасы сыртқы жағдайға бейімделуге мәжбүр
Фото: Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі 04.05.2023 19:48 1308

Инчхон қаласында (Оңтүстік Корея) Азия даму банкінің Басқарушылар Кеңесінің 56-шы жыл сайынғы отырысы алаңында «Орталық және Батыс Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты белсендірудегі ОАӨЭЫ-нің рөлі» атты Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына қатысушы елдердің саммиті өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі сілтеме жасап.

Іс-шараға Ұлттық экономика министрі – Қазақстаннан Азия даму банкінің басқарушысы Әлібек Қуантыров қатысты.

ҰЭМ басшысы атап өткендей, Қазақстан экономикасы қолайсыз сыртқы жағдайларға қарамастан, орнықты өсу жолына шықты. 2022 жылғы қорытынды бойынша 3,3% болды.

Қазақстанда инвестициялық ахуал тұрақты. Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7,9%-ға артып, 15,1 трлн. теңгені құрады,-деді ҰЭМ басшысы.

2022 жылы сыртқы сауда тауар айналымы 32%-ға өсіп, $134 миллиард болды. Халықаралық рейтингтік агенттіктер - Standard&Poor’s, Moody’s және Fitch Қазақстанның инвестициялық рейтингін сенімділік деңгейінде растады.

Министр экономикалық дамудың перспективаларына жеке тоқталып өтті.

Биыл Қазақстан экономикасы сыртқы жағдайларға бейімделуге мәжбүр. А.ж. қаңтар-наурызда ЖІӨ өсімі 4,9%-ды құрады. Барлық негізгі салалар бойынша оң динамика байқалады, - деді Ә.Қуантыров.

Биылғы жылы Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттің бірі - экономикалық өсуді кемінде 4% көлемінде қамтамасыз ету. Сондай-ақ Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу жұмыстары басталды. Кәсіпкерлік саласында жаңа реттеуші саясат енгізілуде.

Бұдан басқа, Ә.Қуантыров қазіргі кезде Қазақстан ОАӨЭЫ институтын құру туралы келісімді ратификациялау рәсімінен өтіп жатқанын хабарлады. Осылайша институттың толыққанды мүшесі ретінде қалыптасудағы өз міндетін растап отыр.

Министр сөзінің соңында Қазақстанның "жасыл" бастамалары туралы баяндады. 2060 жылға қарай көміртегі байтараптығына қол жеткізу ҚР үшін басым міндеттердің бірі болып табылатынын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға