Жаңалықтар

Алғыс айту күнінің астарында ұлтаралық татулық тұр

1 наурыз – Алғыс айту күні
Алғыс айту күнінің астарында ұлтаралық татулық тұр
Фото: El.kz 01.03.2023 09:00 8677

Көктемнің алғашқы айы – Алғыс айту күні. Елімізде бұл айтулы датаны атап өту дәстүрге айналды. Мерекенің маңызы қандай? Нені білу керек? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін әр өңірден түрлі сала мамандарын сұхбатқа шақырдық.

Қазақ халқы ешкімді бөліп-жармады

Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Владимир Чепель Алғыс айту күнінің тарихын жақсы білетін және қадір-қасиетін түсінетін азаматтың бірі.

«Талай қиын заманды бастан өткердік. Қазақ халқы бұрын-соңды болмаған соғыс, ашаршылық секілді азапты күндерді бамтан өткерді. Соған қарамастан, тілі басқа, діні бөлек, басына қара бұлт үйірілген қаншама этносқа пана бола білді. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды десек артық айтқандығымыз емес. Осындай қысылтаяң шақта қазақ халқы ешкімді ұлтқа, дінге бөліп-жармай қолұшын берді. Қаншама отбасыларды аман сақтап қалды. Соңғы нанымен бөлісті. Мұндай сәттерді көзге жас алып айтамыз. Тарихы тереңде жатыр. Қазіргі айтып отырған сөздердің бәрі жүректен шығуда», – дейді кейіпкеріміз.

Айтулы күннің маңыздылығына тоқталған ол бұл күн үлкендерді, тілді құрметтеуге, Отанды сүюге үйретеді деген пікірде.

Алғыс айту күнінің астарында ұлтаралық татулық тұр

«Ерекше мерекелік күн деп есептеймін. 1 наурызда көп іс-шаралар өтеді. Оның ішінде, ауқымды жұмыстар бар. Өткен жылы да осы айтулы күнді сән-салтанатпен өткіздік», – деді ол.

Сондай-ақ, кейіпкеріміз соңғы жылдары Алғыс айту күніне көп көңіл бөлінуде екенін тілге тиек етті.

«Бұл мейрамды барлығы біледі. Қандай күн екенін жақсы түсінеді. Қазіргі кезде мектептен бастап оқушыларға 1 наурыз Алғыс айту күні насихатталуда және соған орай түрлі шаралар да өтуде. Яғни, біздің өскелең ұрпағымызға мектеп табалдырығынан бастап айту, түсіндіру маңызды», – дейді.

Бүгінде Владимир Чепель Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып жұмыс істейді. Осында туып-өскен ол өзі өскен ортасында қызмет атқару үлкен абырой деп санайды. Мемлекеттік тілді өте қатты құрметтейтінін айтты.

«Менің ата-бабаларым да осы жерде дүниеге келген. Өзім тіл жанашырымын. Мемлекеттік тілді өте қатты құрметтеймін. Әрдайым жора-жолдастармен қазақша сөйлесемін. Қалай үйрену керегін, жеңіл жолдарын нұсқап отырамын», – деді.

Қызметімен қатар өзге де саланы қатар алып жүр. ҚР қол күресінен спорт шеберіне үміткер. Спортқа өте жақын екенін жеткізді.

«Өзімнің артымнан еріп келе жатқан шәкірттерім бар. Соларды жаттықтырамын. Сонымен қатар, спорттан бөлек мемлекеттік тіл саясатына мән беріп, жүзеге асырып жүрмін. Әріптес достарымды ана тілін үйренуге әрдайым шақырып, үйренуге ықпал етіп келемін», – дейді тіл жанашыры.

Алғыс айту күнін өзге мемлекеттер де атап өтеді.

«Мәселен АҚШ-та жалпыұлттық және өте танымал халықтық мереке болып саналады. Олар кешкісін барлық жақын туыс-туғанын жинап, күркетауықтың етінен тамақ пісіреді. Жақындары бір-біріне қонаққа әсіресе, ата-аналарына барады. Осындай салтанатты дастархан жайылып, алғыстарын білдіреді», – дейді бұл жөнінде кейіпкеріміз.

Айтулы күнде ол ең бірінші алғысын қазақ халқына жеткізді.

«Бейбіт елде және ашық аспан астында өмір сүріп жатқанымыз үшін ең бірінші алғысымды қазақ еліне айтқым келеді. Одан кейін мені өмірге әкелген ата-анама айтамын. Барлық жақын жандарға алғысым шексіз. Өйткені, қазіргі заманда осындай дәрежеге жеткеніміз осы жандардың да бір үлесі бар. Ынтымақ бар жерде бірлік, достық, татулық бар. Ынтымағымыз әрқашанда жараса берсін!», – деді Владимир Чепель.

Алғыс айту күнін отбасымызбен ерекше атап өтеміз

Сөз еткелі отырған келесі кейіпкеріміз жас маман. Олай дейтінім, ұлты кәріс болса да, өзі қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ береді. Сабина Пак бүгінде Қостанай қаласындағы білім беру орталығында мұғалімдік қызмет атқаруда. Алғыс айту күнінің қаншалықты маңызды екенін және қалай түсінетінін айтып берді.

Алғыс айту күнінің астарында ұлтаралық татулық тұр

«Бұл күні қандас бауырлар яғни, өзге ұлт өкілдері қазақ еліне алғысын айтады. Себебі, репрессия кезінде біздің ата-бабамызға көрсеткен жақсылығы ұшан-теңіз. Қазақ елінде өзінің мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Біз бұл күні өзіміздің мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді көрсете отырып, қазақ еліне алғыс айтамыз. Ерекше күндердің бірі ретінде есептеймін. Мен үшін өте маңызды. Отбасымызбен міндетті түрде тойлаймыз. Халықтың бізге берген бір күні деп білемін», – дейді.

Сабина Пак  бүгінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінен білім береді. Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы университетінің филология факультетін тәмамдаған. Қазіргі таңда Қостанай қаласының ауданында ұстаздық қызмет атқаруда.

«Достық білім беру орталығында 4-11 сыныптарға қазақ тілінен сабақ беремін. Орыс және қазақ сыныптары бар. Қалада көбісі орыстанып кеткендіктен, қазақ тілін үйрету қиындау. Үйренемін деген жанның қолынан бәрі келеді. Егер ниеті болса, әрине. Сол себепті, бірінші кезекте ана тілін одан кейін грамматиканы үйрету үстіндемін»,– дейді.

Бұл салаға қалай келгенін сұрағанымызда, отбасының да септігі тигенін атап өтті.

«Үлкен ағам да осы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына келуіме ұйытқы болды. Оның үстіне бала күннен таласа-тармаса Мұқағали Мақатаев, Абай Құнанбайұлының, Фариза Оңғарсынованың, Ақұштап Бақтыкерееваның шығармаларын жата-жастанып оқыдым. Сондай-ақ, өзімнің де өлең шығаратын қабілетім болды. «Қазақ еліне мың алғыс!» атты өлеңім бар. Мұнда халыққа айтқым келіп жүрген ойларымның барлығы қамтылған. Тілін, дінін, салт-дәстүрін осы өлең арқылы жеткізе алдым деп ойлаймын», – дейді Сабина.

Сондай-ақ, ерекше кейіпкеріміз қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін ерекше құрметтейді. Айтуынша, алып та, батыр да, ақын-жазушы да, анадан туады. Анам қазақ болғасын ол кісінің де үлесі көп деп есептейді.

«Анам қазақ болғасын маған ана тілін үйренуге аса қатты қиындық туындаған жоқ. Десе де, қиын тұстары да болды. Кішкене кезімде ата-анам жұмысбасты болды. Әкем полиция қызметінде, анам мектепте жұмыс істеді. Мен апамның тәрбиесінде болдым. Ал апам кәріс ұлтынан болғандықтан, қазақша-орысша араластырып сөйлейтін. Былайша айтқанда, бес жасқа дейін шала қазақ болып тәрбиелендім», – деді.

Алайда, анасы мектеп жасына жеткенде баласын таза ауылдың қазақ мектебіне бергенін тілге тиек етті.

«Бастапқыда бірден қазақ ортасына келгендіктен, аз-маз қиналдым. Құрбы, достарымның және жақындарымның арқасында қазақ тілін өте жақсы меңгеріп шықтым. Орта өте маңызды әсер етеді. Себебі, қай ортада жүрсең, сол ортамен дамисың», – деді жас маман Сабина Пак.

Бір-бірімізге құрмет көрсету, алғыс айтуға ерекше көңіл бөлеміз

Юлия Лагуткина – жан-жақтылығымен көзге түсіп жүрген жанның бірі. Бүгінде ол Астана қаласындағы «Оберег» атты украиндік бірлестігінің жастар қанатының және Астана қаласындағы «Ассамблея жастары» ұйымы өкілдігінің төрайымы. Ол бұл қызметімен қатар, мұғалімдік саланы да қатар алып жүр. Алғыс айту күнін ерекше түсінеді және ілтипаты бөлек.

Алғыс айту күнінің астарында ұлтаралық татулық тұр

«Соңғы жылдары бұл айтулы күннің маңызы артып келеді. Бір-бірімізге, соның ішінде ақ халатты жандарға, кез келген сала маманына алғысымызды білдіреміз. Күнделікті өміріміз өте тығыз болғасын, алғыс айтуды елемей жататын кездер болады. Осы күні барлығына алғыс айтамыз. Мыңызы өте зор. Төзімділікті көрсету, яғни басқа адамға ішкі жан-дүние арқылы мейірімділік таныту. Сол себепті, Алғыс айту күні өте ерекше», – дейді.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Халқы Ассамбелясы құрылды. Осы күні қазақстандықтар екі мерекені атап өтеді.

«Мерекелік деңгейде атап өтіліп жүр. Ассамблеяның мерейтойымен Алғыс айту күні тұспа-тұс келгендіктен, ерекше атап өтуге тырысамыз. Оны мейрам ретінде қабылдаймыз. Бұл күні дөңгелек үстел, профилактикалық кездесулерді өткіземіз. Себебі, Ассамблеяның жұмысына толеранттылықпен қарауымыз керек екенін қарапайым тілмен халықа жеткізуіміз қажет. Бүгінде бұл ұйымға қаншама сын бар. Жағымсыз пікірлер де жоқ емес. Сондықтан оның қиын жұмысын оңай тілмен түсіндіруіміз керек. Ассамблеяның орны ерекше деп айтуға болады. 30 жылдың ішінде түрлі этностармен жұмыс жасау, қарым-қатынас орнатып, жоғары деңгейде тату-тәтті бірлікте ұстап, алауыздыққа жол бермеу оңай шаруа емес. Алғыс күнінде этнос өкілдері, мүшелері осы күні мектептерде басқа да орындарда кездесулер өткізеді», – деді ол.

Айтуынша, қазіргі таңда Алғыс айту, шүкіршілік ету сынды құндылықтарға айрықша көңіл бөлініп келеді. Өзге мемлекттермен де салыстырып қараған кейіпкеріміздің айтар ойы ерекше.

«Басқа елдер бізге былайша қарайды. Бізді олар көпұлтты мемлекет ретінде таниды. Ішкі және сыртқы саясат саласында осыны дұрыс түсіндіре алуымыз қажет. Алғыс айту күнін атап өту бұл да бір маңызды қадам. Осының арқасында мемлекет ішінде ешбір соғыс, түсінбеушілік, қарама-қайшылық, жанжал болмайды деп ойлаймын. Сондықтан мерекенің маңызы зор. Бір-бірімізге шын жүректен қарапайым дүниеге рақмет айтсақ, нұр үстіне нұр жауар. Сонда ғана жағымды сезімдер пайда болады», – дейді.

Қазақстанда туып-өсіп, осы елде білім алып, қызмет істеп жүрген Юлия жас та болса, бас болып жүрген жанның бірі. Бүгінде ол ЕҰУ-дың магистратурасын тәмамдау үстінде.

«Магистратураның екінші курсында оқимын. Мамандығым – халықаралық қатынастар саласы. Онымен қоса, қосымша сабақ беремін. Орыс және ағылшын тілінде  білім үйретімін және қоғамдық жұмыстармен айналысамын. Ел игілігі және қоғам үшін игі қызмет атқаруға дайынмын. Еліміздің дамуына тиіттей де болса, өзіндік үлес қоссам деймін», – дейді кейіпкеріміз.

Қазақ тіліне судай Юлия мектеп қабырғасында үйренгенін айтты. Балабақшаға бармаған бала екенін айтып, мырс етіп күлді.

«Балабақшаға бармаған баламын. Бірден алты жасқа толғанда, мектеп табылдырығын аттадым. Құдайдың арқасы ма, әлде тағдырдың қалауы болар, қазақ тілінен сабақ беретін өте мықты Жанар Құсайынова деген ұстазым болды. Сол кісінің де көп септігі тиді. Бүгінде қоғамда жастарға қазақша сөйле, ұят деген сөздерді жиі айтады. Мәжбүрлік деп қараймыз ба, бұған үйренуге жастардың ықыласы болмайды. Ал менің балалық шағымда мұндай болмаған. Ұстазым керісінше, барлығына көмектесіп, жеңіл тілмен түсіндіретін. Қызықты тапсырмалар беретін. Топтық жұмыспен көп жұмыс жасадық. Яғни, қазақ тілін үйренуге деген көп мүмкіндіктер болды. Соның арқасында тілге деген қызығушылық пайда болды», – деді.

Ол мұнымен тоқтап қалмай, қазақ тілінен көптеген республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орыннан көрінді. Өз еркімен жан-дүниесіндегі қалауын қазақ тілі арқылы тапқан Юлия бүгінгі жастарға үлгі.

«Алғыс айту күнінде ата-анама алғысымды білдіремін. Әрдайым жанымнан табылып, әр ісіме қолдау көрсетіп келеді. Одан соң, қазақ тілінен сабақ берген алтын ұстаздарыма білдіремін. Сол кісілердің арқаларында осындай жетістіктерге жетудемін. Өзім ұстаздық қызметті арқалап жүрмін», – дейді.

Сондай-ақ, ол жастармен көп жұмыс жасайтындықтан, оларды ерекше бағалайды. Бүгінгі жастарды кейпкеріміз өте ашық, ақкөңіл идеялары көп деп отыр. Жастарға көп көңіл бөліп, қолдау көрсетіп, атқарған жұмыстарына алғыс білдіру керек деп санайды. 

Кішіпейіл болудан ешкім келте болмайды

Астана қаласының Ұлттық сапа орталығының ресми өкілі Алла Платонова Алғыс айту күні ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған мереке дейді.

Алғыс айту күнінің астарында ұлтаралық татулық тұр

«Бұл мереке – қиын-қыстау заманда тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Әрине, қазақ еліне деген тағзым, құрмет деген шексіз. Алайда, мұның астарында байқап отырсақ, ұлтаралық татулық тұр. Қазақстан сияқты 130-дан астам ұлт пен ұлыс тұратын елде ұлтаралық татулық болу үшін дүниеге келген мереке деп санаймын. Жалпы кішіпейіл болғаннан ешкімнің келте болып қалғаны жоқ. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қазақтың қанына сіңген әдемі сөзі бар. Сол әдемі қазақтың бойындағы қасиетті басқа да үлкенді, кішісі ұлттардың бойынан табу үшін ойлап табылған мейрам», – дейді.

Алла алғыс айту, шүкіршілік ету сынды құндылықтарға ерекше қараймын дейді. Себебі, ол тәрбиеге байланысты деп санайды.

«Басқасын білмеймін, өз басым күнде ерекше көңіл бөлемін. Ол тәрбиеге байланысты деп ойлаймын. Әрқашан сыйласып өмір сүру қажет. Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды. Құрмет өмірдің әр алуан кездерінде әр түрлі формада жүзеге асады емес пе?! Бұл жерде патриоттық ұстанымға да көп нәрсе байланысты. Жастарға патриоттық тәрбие беру  өте маңызды. ҚР Мемлекеттік жастар саясатының бағыттарының бірі болу қажет. Өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу - болашақта елдің тұрақты дамуының кепілі», – деді ол.

Қазіргі таңда Астанада Жол активтері ұлттық сапа орталығында жұмыс істейді. Мекеменің бас директоры Замир Сағынов мырзаның арнайы шақыртуымен келгенін айтты.

«Жол саласы - мен үшін тың, күрделі салалардың бірі. Өзіме үйреншікті жұмысты тауып алуыма да болар еді. Бірақ мен осы саланы да танып біліп, үлес қосқым келді. Тіл мәртебесі қалай десеңіз, апта сайын мемлекеттік тілді, әдет-ғұрыпты дәріптеу күнін ұйымдастырып отырамын. Қазақтың ұлттық тағамдарынан бауырсақ, құрт-ірімшік сияқты дәмдері кабинеттердің сәніне айналды деуге негіз бар. Қазақы салт-дәстүрмен жақын таныстыруды өзіме міндет санадым. Тұсаукесер, қыз ұзату, асық ату, баланы қырқынан шығару, бесікке салу секілді түрлі ұлттық болмысымыздың көріністері көз алдымызда қойылымға айналуда. Бұл іс-шаралардың мәні өте зор деп санаймын. Сонымен қатар әріптестеріміз ақын-жазушылардың өлеңдерін оқып, мақал-мәтелдерді іліп айтып, жаңылмай жаңылтпаш айтудан жарысамыз. Менің көңіліме медеу болар жайт, өзге ұлт өкілдері, әріптестеріміз де бұған қызығушылық танытып, қазақтың әндерін айтып, өлеңдерін оқып, тіпті домбырада ойнап өздерін басқа қырынан танып жатыр», – дейді кейіпкер.

Сондай-ақ, ол тілге ерекше назар аударады. Айтуынша, тілдің жайын тек қызыл сөзді құлпырту үшін айтпайды. Оның дамуына септігін тигізу үшін еңбек етуде.

«Мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті, сөйлеп үйренгісі келетін айналамдағы адамдарға көмектесуді өзіме міндет еттім. Қызығушылықтары жаман емес, өте жақсы нәтиже көрсетіп жатқандар да бар. Өзімді бұған дейін де, бұдан кейін де басқа ұлттың өкілі деп бөлген емеспін. Қазақтың жерінде дүниеге келдім. Қазақ тілін анам тіліндей санаймын. Сондықтан елімізде тұратын басқа ұлт өкілдері дәл мендей мемлекеттік тілімізге құрмет жасаса,  одан артық болмаса, кем болмайды деп санаймын», – деді.   

Бұрын өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде сөйлесе, бұл нонсенс боп көрінетін. Ал қазір ол таңғалатын дүние емес. Менің ойымша мемлекеттік тілді Қазақстанда туған барлық балаларға бірдей балабақшадан міндеттеп оқыту керек деп есептейді.

«Топтарға бөліп үйреткен дұрыс емес сияқты. Ал, менде мемлекеттік тілге деген қызығушылық мектеп қабырғасында жүргенде алғаш рет пайда болды. Осы қызығушылығымды қазақ классиктерінің әдеби шығармалары тереңдете түсті. Білім мен ғылым заманында кез келген адам үнемі ізденісте жүру керек», – дейді.

Алғыс айту күні бастапқыда Құдайға ризашылық білдіретін отбасылық мереке болып, уақыт өте АҚШ пен Канадада бұл мереке діни маңыздылығын жоғалтып, азаматтық, жалпыхалықтық сипатқа ие болғанын тілге тиек етті.

«Елімізде 2016 жылдың 1-ші наурызынан бастап аталып өтілуде. Өздеріңіз білетіндей 1 наурыз Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылған күні. Қазақ халқы ешкімді жатырқамайтын, қонақжай халық қой. Барлық қазақстандықтарға деген құрметті білдіруге негіз болған бейбітшілік мерекесі. Айырмашылығы өзіңіз көріп отырғандай айқын. Біріншіден, ата-анама алғысым шексіз.  Екіншіден, сол бір ауыр жылдары менің отбасымды, жалпы қаншама ұлтты жылы қабылдап, өсіп өркендеуіне мүмкіндік жасаған қазақ еліне алғысым шексіз. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!», – деп ақжарма алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, 2015 жылғы сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының 22-ші сессиясын өткізу барысында оның 20 жылдығын мерекелеу аясында Алғыс айту күнін атап өту, ал ҚХА-ның құрылған күнін – 1 наурызды мереке күні ретінде таңдау туралы шешім қабылданды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға