Жаңалықтар

Алғаш рет ораза ұстаушылар не білу керек

Алғаш рет ораза ұстаушылар не білу керек
Фото: ©El.kz/Ғазиз ШАКИРОВ 26.02.2024 12:22 20128

Рамазан - мұсылмандар асыға күтетін, ораза ұстаған жанға сауап төгілетін, айлардың сұлтаны,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

Осыған орай, оразаны алғаш рет ұстаушы кісі білу керек маңызды ақпаратты ұсынамыз. 

Сіз ауыз бекітетін жалғыз жан емес екеніңізді ұмытпаңыз

Бұл оразаны сізге дейін көптеген адам баласы ұстағанын естен шығармаңыз, тіпті сізден кейінде олардың санын санап біте алмайсыз. Онымен қоса, олар Рамазан айын жақсы өткере алды, нәпсісін тыйып, жаман әдеттерінен арылып, мінезін түзеп, басқалармен арақатынасын реттеп, рухани күш жинап, азық ала білді. Бұл сіз ойлағандай отыз күн аш жүру емес. Тек күн батып, таң атқанша қалағанша ішіп-жей аласыз. Одан қорқудың қажеті жоқ. Ораза өз тоқтығымен екенін де естен шығармаңыз.

Оразаның құндылықтарын есте сақтаңыз

Алла Тағала Құран Кәрімде ораза ұстау туралы былай дейді: «Пендемнің барлық амалы өзі үшін болса, ұстаған оразасы Мен үшін. Оның сауабын өзім беретін боламын. Себебі, ол менің разылығым үшін таң атқаннан, күн батқанша тамақтан, ащы сусыннан, жыныстық қатынастан бас тартты». Ендеше, оразаның осы бір құндылығын ойымызға алып, Алла Тағаланың разылығы үшін ауыз бекітейік. «Алда әлі уақытым бар ғой, келер жылы ораза тұтармын» дей көрмеңіз.

Алла Тағала адамға шыдамы жетпейтін нәрсені жүктемейді

Суға, тамаққа шыдай алмаймын деу бос әурешілік. Себебі, зерттеушілер адамның асқазанында өзінің ағзасын екі күн бойында алып жүруге жететін тамақ барын дәлелдепті. Сондықтан, сіз таң сәріден, күн батқанша аштықтан «солып» қалмайтыныңыз ақиқат. Ендеше, «мен мұндай сынаққа төзе алмаймын» деген ойыңыздан арылыңыз.

Бұл қасиетті айға өз қалауыңызбен келгеніңіз дұрыс

Ораза ұстау сәтті тренд немесе қоғамда бір жеңілддікке қол жеткізетін нәрсе емес. Оған тек жүрек қалауыңызбен келгеніңіз дұрыс. Сонымен қатар, ауыз бекітсеңіз ешкімге міндетсінудің қажеті жоқ. Ол Алла разылығы үшін және өзіңіз үшін екенін ұмытпағайсыз.

Күн тәртібіңізді жаймендеп өзгертуді бастаңыз

Рамазан айы күн тәртібіне айтарлықтай өзгеріс алып келеді. Таңертеңгілік көбірек тамақтанып, асқазаныңызды үйрете бастаңыз. Ерте оянуды әдетке айналдырыңыз. Бұған дейін толып жатқан шаруаларыңызды ысырып, ендігі рухани баюға көп көңіл бөліңіз. Айтпақшы, теледидар мен әлеуметтік желілерден орынды-орынсыз нәрселерді көруге құмар адам болсаңыз, қазірден оған жұмсайтын уақытты азайтқаныңыз дұрыс.

Жаман әдеттеріңізден арылыңыз

Ғайбат айту, өсектеу, боқтық сөздерін айту оразаны бұзбаса да, сауабын кемітетіні жөнінде айтып кеткен едік. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ораза уақытында кім жалған сөйлеуін, сол жалғандықты амалға асыруын доғармайтын болса, ондай кісінің тамақ пен судан бас тартқаны Аллаға еш керегі жоқ»(Бұхари) дейді. Сонымен қатар, ораза уақытында жаман сөз айтпауға, даусын көтермеуге шақырады. Егер сені балағаттап, дау-дамайға шақырса «ораза» екеніңді жеткіз дейді. Яғни, ораза тек ас-ауқатты шетеу емес, тілді, ойды, көзді, құлақты таза ұстау болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға