Алғаш рет ақбөкен туралы энциклопедиялық фотоальбом жарық көрді
Жез қанат, күміс бауыр киік көрдім,
Дәруі сол ма дерсің күйік-шердің.
Жез марал жүреді екен арасында,
Мыңдаған Бетпақтағы киіктердің.
Атақты «Жезкиік» әнін білмейтін қазақ, оған тербелмеген көңіл жоқ шығар! Халқымыз ақбөкенді қастерлеген, киелі жануарға балаған. Оған қасиеті атады деп мылтық кеземеген. Сұлулығына тамсанып күй шығарып, ән арнаған. Бай фольклорына арқау болған.
Плейстоцен дәуірінен бері сары даланың сәніне айналған ақбөкеннің тұқымы бір жылдары жойылып кете жаздады. Бірақ жер бетінен әлмисақтан бірге жасасқан қазақ деген жұртын тастап біржола көшіп кетпеді. Киікотында жасырып аман қалған жалғыз құралайдан сайын даланы толтырған мыңдаған үйір өсті. Ақбөкендерді халқымыз көзінің қарашығындай қорғап келеді. Оған кезелген суық қаруға кеудесін тосты. Бүгін сол қасиетті бөкен нәсілін ардақтаған керемет кештің куәгері болдық.
AQBÓKEN Saiga tatarica фотоальбомы Каспий Құбыр Консорциумы акционерлік қоғамының қолдауымен баспадан шыққан. Бұл – елімізде алғаш рет жарық көріп отырған, ауқымды зерттеліп, ғылыми-танымдық еңбек. Фотоальбомнан қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде мағұлмат ала аласыз. Фотоальбомға оннан астам қазақстандық және шетелдік фотографтың жылдың әр маусымында түсірген 100-ден аса фотосуреті енгізілген.
Кітаптың шығуына мұрындық болған Мұнай-газ саласының көрнекті тұлғасы Қайыргелді Мақсұтұлы Қабылдин.
Бүгінгі таңда Каспий Құбыр Консорциумы елге танымал, Қазақстан экспортының бас жолы. Жыл сайын әлеуметтік бағдарламаларды Қазақстанның әр аймағында жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде құрылыс жұмыстары – мектеп, бала бақша, спорт алаңдарын салып жатырмыз. Оған біз жыл сайын 3 миллион доллардан астам жәрдем бөлеміз. Соның ішінде табиғатты сақтау, қоршаған ортаны қорғау аясында ауқымды бағдарламаларды іске қосып жатырмыз. Бұл еңбек 2016 жылы қолға алынған «Киелі киік» экожобасының жалғасы болып табылады, деп фотоальбомның маңызы мен мәніне тоқталды, - деді Қайыргелді Мақсұтұлы.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Қамзабекұлы да бүгінгі тақырыпқа көп үлес қосқан қоғамдық пікір белсенділеріне, журналистерге және экологиялық ұйымдардың басшыларына рахметін айтты.
Егер қоғамдық пікір болмаса киік сияқты асыл тағыларымызды сақтап қалу жолы қиындай түседі. Оның үстіне, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, сирек кездесетін жануарларды сақтап қалуға бар күшімізді саламыз, арнайы бағдарлама жасаймыз деп өзінің сайлауалды бағдарламасында айтқан болатын. Соны жүзеге асыруда осыған арнайы қаржы бөліп жатқан Каспий Құбыр Консорциумының басшылығына рақмет айтқым келеді. Расында да сол кісілер жан жақты қолдау білдіріп, көңіл бөлмесе, ұрпақтан-ұрпаққа жететін осындай құнды кітаптар жарыққа келмес еді. Егер осы үлгімен басқа да компаниялар және т.б. сирек кездесетін жануарларды сақтап қалатын болса, ол біздің, қазақтың тек қана табиғатына, экологиясының тепе-теңдігін сақтауға ғана емес, жалпы қазақтың руханиятына қосқан үлесі болар еді деп санаймын, - деді Дархан Мыңбай.
Кітапқа ақбөкендердің көздің жауын алып, көңіліңді өсіретін фотосуреттері ғана емес дала еркесі хақында кең мәлімет берілген. Киіктердің шығу тегі, тіршілік ортасы, жайылымы, күйек кезеңі, төлдеу маусымы және ерекшеліктерімен де әр қырынан таныса аласыз. Ата-бабаларымыз ән мен күй, аңыз-әфсана арқылы ғажайып жаратылыс иесін ұлықтады. Олармен өрісі бір халық болды. Аялап, оқ пен отқа ұрындырмай бүгінгі таңға жетуіне дәнекер бола алды. Бүгінгі ұрпақ ән арнап, күй шығармаса да фотоальбом шығарып, оның киесі мен қасиетін терең танып жатыр. Бұл да бабалар ізін жалғаған, табиғатпен етене дос болған дәстүріміздің бір қатпары болмақ.