Жаңалықтар

Алғаш рет антикор қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтілді

Алғаш рет антикор қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтілді
Фото: t.me/antikornews 18.11.2024 23:10 334

Бүгін 18 қарашада Қазақстанда алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні – еліміздің кәсіби мерекелерінің тізбесіндегі жаңа күн атап өтілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Айтулы датаға орай агенттіктің жеке құрамының, қоғамдық кеңес мүшелерінің, қызмет ардагерлерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.  

Бұл күн айтулы тарихи оқиғаны бейнелейді – 2014 жылы осы күні ұлттық заңнамаға алғаш рет «сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары» ұғымы енгізілді.  Кейінірек 2019 жылы Президенттің Жарлығымен Президентке тікелей есеп беретін дербес құқық қорғау органы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Бірқатар дамыған елдердің тәжірибесі бойынша агенттік тиімді алдын алуды, қоғаммен әріптестікті және қылмыстық-құқықтық шараларды біріктіреді. Бүгін Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз және қағидатты күрес жүргізу бойынша қойған міндеттерін шешуге қабілетті кәсіби орган құрылды,-делінген антикор хабарламасында. 

Соңғы жылдары заңнамалық реформалардан бастап, адами факторды азайтуға және ашықтықты арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдерді енгізуге дейінгі кең ауқымды бастамалар әзірленіп енгізілді. Агенттіктің жұмысы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.  

Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шара аясында үздік қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен заңдылықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ведомстволық наградалармен марапатталды. Көпжылдық кәсібилігі мен адалдығы жас қызметкерлерге үлгі болған қызмет ардагерлеріне ерекше алғыс айтылды.  

(Фото: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға