Жаңалықтар

Әлеуметтік қорғау инспекторлары 68 мүгедектің құқығын қорғады

Әлеуметтік қорғау инспекторлары 68 мүгедектің құқығын қорғады
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 13.07.2023 13:39 946

Әлеуметтік кодекстің күшіне енуімен 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, бір жарым апта ішінде әлеуметтік инспекторлар 12 тексеру жүргізді, оның 10-ы жоспардан тыс, ал 2-і профилактикалық.

Әлеуметтік инспекторлары төрт дүкен, екі мектеп, екі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «Қазпошта» АҚ бір филиалы, бір жеке санаторий, бір түзеу мекемесі және бір банк филиалын тексерістен өткізді.

Мәселен, Абай облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті Жарма ауданы мен Курчатов қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына профилактикалық бақылау жүргізді.

Осы шаралар барысында оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтермен уақтылы қамтамасыз етпеу бойынша бұзушылықтар анықталды. Олар протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету бойынша - 17, санаторлық-курорттық емдеу бойынша - 33, гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету бойынша - 12, сурдотехникалық құралдармен - 2, тифлотехникалық құралдармен – 3 және кресло-арбамен қамтамасыз ету бойынша - 1 бұзушылық анықталды.

Оқи отырыңыз:

Бұл жұмыстардың қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылып, 68 мүгедектігі бар адамның құқықтары қорғалды.

Түркістан облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті азаматтардың шағымы негізінде «Салма Керуен KZ» ЖШС санаторийінде жоспардан тыс тексеру жүргізіп, оның нәтижесінде пандустың, кіреберіс есіктің ашылуы мен табалдырығының стандартқа сәйкес келмеуі, объектінің аумағында тактильді жолдардың болмауы бойынша бұзушылықтарды және мүгедектігі бар адамды тасымалдау үшін арнайы тұрақтың қарастырылмағанын анықтады.

Тексеру қорытындысы негізінде санаторий басшылығына анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осылайша әлеуметтік сақшылардың көмегімен санаторийде қызмет алатын мүгедектігі бар адамдардың құқықтары қорғалды.

Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар институты енгізілгенге дейін ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменттері 2023 жылдың 1 жартыжылдығында 750 тексеру жүргізді, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 533 ұйғарым беріліп, 44 млн теңгеден астам сомаға 233 айыппұл салынды.

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап әлеуметтік инспекторлардың жұмысының нәтижесінде халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары уақтылы қорғауға алынып,  мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға