Жаңалықтар

Әлемнің қай елдерінде Абай Құнанбаев атында көшелер мен ескерткіштер бар

Әлемнің қай елдерінде Абай Құнанбаев атында көшелер мен ескерткіштер бар
Фото: Akorda.kz 10.08.2023 10:51 2568

Бүгін, 10 тамыз күні, Абай Құнанбайұлының туғанына 178 жыл толып отыр. Төрткүл дүниенің бірқатар елінде ойшылдың құрметіне арнап ескерткіш ашылып, есімі көше атауларына берілуі ұлы ақынды әлем әлдеқашан мойындағанын аңғартса керек. Бүгін соның бірсыпырасына көз жүгіртіп өтейік, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Душанбеде Абай есімімен аталатын көше бар. Тәжікстанның басты шаһарындағы бұл көше 1963 жылы, қазақ әдебиетінің он күндігі аясында таныстырылған.

Үндістанның басты шаһарында да ұлы ақын, композитор әрі философтың есімімен аталған көшені кездестіруге болады. Делидегі көшенің толық атауы – Абай Мардж. «Мардж» деген сөз «жол» дегенді білдіреді екен.

1988 жылдан бері Киевте Абай Құнанбаев көшесі ашылған. Ақын атындағы көше сондай-ақ Украинаның Краматорск, Днепропетровск қалаларында да бар.   

1995 жылғы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды.

Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Берлинде 2000 жылы 18 ақпан күні Абай-штрассе ашылған. Сонымен бірге Ташкент, Бішкек қалаларында, Түрікменстанның Акдаш ауылында Абай Құнанбаев атындағы көше бар бар.

Естеріңізде болса, 2022 жылғы 26 мамырда Бішкекте Абай ескерткіші ашылды. Оның ашылу салтанатына Қазақстан және Қырғызстан президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров қатысқан.

Мемлекет басшысы бұл күнді қазақ пен қырғыздың рухани өміріндегі ерекше күн ретінде бағалап, Бішкек төрінде Абай ескерткішінің бой көтеруін қырғыз елінің қазақ халқына деген айрықша құрметінің белгісі деп атап өтті.

Әлемнің қай елдерінде Абай Құнанбаев атында көшелер мен ескерткіштер бар

Ағайын елдердің тамырластығын кезінде Абай да айтқан. Ұлы ақын қазақтың тарихына тоқталған кезде қырғыз бауырларды ерекше атап өткен. Ол «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген. Шын мәнінде, екі ұлттың тегі мен тілі бір, жүрегі мен тілегі бір. Айыр қалпақты ағайынға біздің ықыласымыз қашанда ерекше. Көп ұзамай елімізде Манас ескерткіші бой көтереді. Бұл есім қазақ арасында өте танымал. Әйгілі Манасқа құрметіміз ерекше. Манастану ғылымының негізін қалаған Шоқан Уәлиханов екенін еске салғым келеді. «Манас» жырының тағдыры тартысқа түскен кезде оған Мұхтар Әуезов араша түскенін білеміз, – деді Қазақстан Президенті. 

Әзербайжан астанасы Бакуде көше атауына ғұлама бабамыздың есімі берілген. Себебі жергілікті тұрғындар Абай ақынның шығармаларын сүйіп оқиды екен.

Мажарлардың да Абай Құнанбайұлына деген құрметі ерекше. 2014 жылы Венгрияда қазақтың біртуар ұлына арнап ескерткіш орнатылған. Оны Будапешт қаласындағы Астана көшесінен көруге болады. Мүсін қоладан жасалған, оның биіктігі – 1070 мм, ені – 900 мм.

Өзбекстанның астанасында қазақтан шыққан ойшылдың ескерткіші 2013 жылы ашылған. Ескерткіш орнатылған Ташкенттегі Шайхантахур ауданындағы басты көшелердің бірі де Абай атамыздың есімімен аталады. Бұл ескерткіштің авторлары – белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай және сәулетші Расул Сатыбалдиев. Авторлар ақын бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқының дархан көңілі мен ұлы ойшылдың дана тұлғасын сомдаған. Ескерткіштің биіктігі – 9,2 метр. 

Мәскеудегі ескерткіш – еліміздің Ресейге тартуы. Ақынның ескерткішін Мәскеудің «Чистые пруды» бульварынан, яғни Қазақстанның Ресейдегі елшілігі маңынан көруге болады, деп жазады ҚазАқпарат.

Орындаған авторлық ұжым: мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко.

Одан бөлек Ресейдің Алтай Республикасындағы Көш-Ағаш ауылында Абай көшесі бар.

«Казахстанская правда» газетінің мәліметіне сүйнсек, Беларусь елінде Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына байланысты «Абай жалпақ әлемде салтанат құруда» («Абай шествует по планете»: http://sozvuchie.zviazda.by/abaj) деп аталатын сайт ашылды. Бұл Абайды тек өз елінде ғана емес, қазақ жұртын танитын барлық ел таниды дегенді білдіреді.

Сонымен қатар Витебск қаласында да Абай атамызға арналған ескерткіш қойылған.

Бұл үрдістен француздар да қалыс қалмады. 2016 жылы Францияның Ренн қаласында Абай Құнанбайұлының құрметіне ескерткіш орнатылды, деп жазған arnapress.kz.

2014 жылы наурызда Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы «Чаоян» саябағында Абайға арналған ескерткіш ашылды. Мүсіннің авторы – Юань Сикунь. 

2007 жылы қазан айында Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітапханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сондай-ақ Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға