Жаңалықтар

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бойынша дәріс өтті

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бойынша дәріс өтті
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 02.03.2023 19:23 3387

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бойынша арнайы дәріс өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шараға Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы, филос.ғ.к., қауымдастырылған профессор Бекжан Мейірбаев, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, филос.ғыл.докторы, профессор Айнұр Құрманәлиева және Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы Жиынтық-аналитикалық департаментінің директоры Мейірман Келесов қатысты.

Өткен дәрістің мақсаты – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен VII съездің қорытынды декларациясының негізгі месседждерін аудиторияға жеткізу, өткен халықаралық оқиғаның қорытынды нәтижелерімен бөлісу болды.

Шараны факультет деканы Бекжан Берікбайұлы кіріспе сөзбен ашып, негізгі дәрісті астанадан келген меймандар жүргізетінін айтып, сөз кезегін Болат Серғазыұлына берді.

Ол өз кезегінде Астанада соңғы 20 жыл көлемінде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің қажет шара екендігін уақыттың өзі дәлелдеп бергенін жеткізді. Әйтпесе бұл діни шара жайлы қоғамда түрлі пікірлер айтылып келді. Съез өткізгенше елдің, халықтың жағдайын ойлаған абзал болар деген пікірлер де айтылып қалатыны да өтірік емес. Мұндай пікірге Болат Серғазыұлы:

«Иә, елде тыныштық болуы үшін ең алдымен экономикалық мәселелерді шешу керек. Халықтың әл-ауқатын көтеру мәселелерін де шешу қажет. Бірақ осындай келелі жиындар арқылы еліміздің сырт жақтағы жағымды имиджін қалыптастыру күн тәртібінен түспеуі керек. Неге десеңіз, мемлекеттің сыртқы имиджі оның дамуына әсер етеді», - деп өз ойын нақтылады.

Сонымен қатар, ол халқымыз ауызбіршілік танытып, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастаған реформалардың дұрыс әрі тезірек жүргізілуіне атсалысуға шақырды. Оған қоса бұрын да, қазіргі кезде де кез-келген қоғамдағы ауқымды шара әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмайтынын жеткізді:

«Мысалы Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы туралы CNN, BBC, al-Jazira сынды әлемнің алдыңғы қатарлы БАҚ-дағы 355 шетелдік журналист хабар таратты. Мұндай жағдай бұрын соңды болмаған!». Ал соңғы өткен VII діни форумның әлемге насихатталуы жайлы Болат Серғазыұлы: «Мен бір сөйлеген сөзімде «14-15 қыркүйекте Қазақстан - әлемнің рухани астанасына айналды», деп айтқан едім. Шынымен де солай болды. Сол күндері елімізде өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жайлы әлемдегі барлық беделді телеарналар көрсетті», - деп, аталған шараның әлем үшін де өте маңызды екендігіне тоқталып өтті.

Дәріс аясында өзге спикерлер жиналған қауымды бейбіт өмір сүрудің, толерантты қоғам құрудың және конфессияаралық диалогтың бірегей қазақстандық моделімен таныстырды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бойынша дәріс өтті

2003 жылдан бері әр үш жыл сайын елордамыз - Астана төрінде ұйымдастырылып келе жатқан конфессиялар келісімі жиынының қоғам дамуында алар орны ерекше. Жыл өткен сайын өзінің сапалық деңгейін көтере түскен бұл дәстүрлі діни форум – әлемдегі діни-экономикалық және саяси мәселелер ушығып тұрған уақытта мәдениеттер мен өркениеттер арасына дәнекер болып келеді.

Қоғам үшін маңызы зор дәріске студенттер, магистранттар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға