Жаңалықтар

Әлемдік аралас жекпе-жектің жаңа жұлдызы

Әлемдік аралас жекпе-жектің жаңа жұлдызы
Фото: instagram.com/shavkatrakhmonov94 12.03.2023 20:16 5231

Тәуелсіз Қазақстан атынан UFC-мен келісім шартқа қол қойған бірінші қазақстандық спортшы Шавқат Рахмонов Ultimate Fighting Championship (Абсолютті жекпе-жек чемпионаты) тұжырымының жартылай орта салмағында (77 кг) тоғызыншы орыннан алтыншы орынға көтерілді.

Қазақ жауынгерінің рейтингісінің шарықтауы 5 наурыз күні Лас-Вегастағы (АҚШ) UFC 285 турнирінде оның үшінші раундта американдық Джефф Нилді тұншықтырып тастағаннан кейін мүмкін болды. Ол қарсыласының артық салмақпен шыққандығына қарамады.

Шавқат осы жеңісімен аралас жекпе-жектегі 17-ші жеңісіне қол жеткізді. Оның сегізінде қарсыласын нокаутқа жіберсе, 9-да сабмишнмен, яғни қарсыластарының жеңілгенін мойындап берілуімен жеңімпаз шықты. Ол ЮФС-де бес кездесуінде де қатарынан мерзімінен бұрын жеңісе жеткен.

Мамандар дәл қазіргі кезде Рахмонов жартылай орта салмақтағы ең тоқтаусыз жауынгерге айналды, оның қолынан бәрі келеді, әр жекпе-жекте мерзімінен бұрын жеңіске жетеді және таңдалған әрбір қарсыласын жеңеді деп санайды.

Бір атап өтерлігі, ЮФС президенті Дана Уайт оған іш тарта бастады. Тұжырымдағы спортшылармен, аса атақтысы болмаса, сирек кездесетін Дана Уайт Шавқатты менеджері Саят Абдрахмановпен бірге өз офисінде қабылдады.

Қазіргі уақытта Шавқат әлемдік жанкүйерлердің назарын өзіне аударып, үлкен жекпе-жекке құқылы екендігін дәлелдеп отыр. Кез-келген жағдайда келесі қарсыласы рейтинг жағынан бестіктен  болады. Шавқат үшін ендігі кезеңде ең жақсы шайқас Колби Ковингтон не Хамхзат Чимаев не Белал Мухаммад не Гилберт Бернске қарсы жекпе-жек болар еді. UFC-мен келісім шартқа қол қойған қазақстандық спортшылардың арасынан зор үміт күттіріп отырған Шавқат Рахмонов болып табылады. Шавқат туралы отандық мамандар да шетелдік сарапшылар да өте жоғары пікірде. Петр Янның жаттықтырушысы Қайрат Нұрмағанбетов Шавқат туралы: «Мені таңқалдырған бірінші нәрсе – оның соншалықты қатты ұратындығы. Ол өте қатты, фантастикалық қатты соққы жасай алады. Екінші таң қалдырған нәрсе – оның физикалық күші. Ол өте күшті, қарсыласын көтеріп кетеді, жұлып алады, лақтыра алады. Үшіншісі – оның ұстауы. Ол қарсыластарын тұншықтырғанда олардың көбісі қырылдай бастайды»,  –  дейді.

ЮФС-дің бұрынғы атақты жауынгері, екі салмақта чемпион болған Даниель Кормье: «Шавқат чемпиондық амбициясы бар жас үміткерде көруге болатын барлық нәрсені көрсетті. Рахмонов үшін бокстасу мен күресу арасында ешқандай айырмашылығы жоқ. Ол мүмкіндігінше қатты ұрады, әсіресе егер сіз оған сондай мүмкіндік берсеңіз»,  – деді. 

Қазіргі уақытта сарапшы ретінде қызмет ететін UFC-дің бұрынғы жауынгері Чейл Соннен: «Шавқат Рахмоновтың үшінші раундты бір-ақ рет көргендігінде бір ерекшелік бар»,  – деген пікір білдірді. Шавқатпен бірге жаттығатын Йен Гэрри:  «Шавқат Рахмонов нағыз жыртқыш. Оның танымал болмауының басты себебі ағылшын тілін білмеуіне байланысты. Егер тілді мен секілді білгенде ол әлемнің аузында болар еді»,  – деді. ЮФС-идің атақты жауынгерлерінің бірі Висенте Люке: «Шавқат Рахмонов өте қабілетті жауынгер. Оның осы салмақта аты дүркіреп шығатындығында күмән жоқ»,  – деген пікір білдірді. АҚШ аралас жекпе-жегінің беделді тұлғасы Джо Роган: «Шавқат Рахмонов жақсы күреседі, бірақ соққылары сұмдық»,  – деген пікір білдірді. Екі салмақ дәрежесінде бұрынғы UFC чемпионы Генри Сехудо:  «Мен Рахмоновтың жекпе-жегін жақында тікелей эфирде көрдім. Ол көп нәрсені дұрыс жасайды. Ол дұрыс қашықтықта болғаннан кейін, ол тізелерін, жұдырықтарын және шынтақтарын іске қосады. Ол шүріппені қашан басу керектігін біледі»,  – деді.

Аралас жекпе-жек мамандары да Шавқат туралы өте жоғары пікірде, ағымдағы жылдың ішінде не келесі жылдың басында өз салмағында чемпиондыққа таласатындығына сенім білдіріп отыр. Әлемдік БАҚ беттерінде Шавқат туралы көп жазыла бастады.  Бұрынғы заман батырларына тән ұстамдылық, қарапайымдылық секілді қасиеттерді бойына сіңірген Шавқат ондай мақтауға лайықты және өзіне артылған сенім мен мақтауды ақтайды деп күтеміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға