Жаңалықтар

Әлемдегі ең үлкен киіз үй

«Біз бұл сырмақты сыруға 32 адам 3 ай уақыт жұмсадық»
Әлемдегі ең үлкен киіз үй
Фото: Жұмаділ Жарқынбек 22.02.2017 16:00 22801

Ең әуелі сөзіміздің әлқисасын аз-кем киіз үй туралы мәліметпен бастағанды жөн көрдік. Қазақтың материалдық мәдениетін қалыптастыруының негізі болған қазақтың дәстүрлі қолөнері жөнінде сөз қозғар болсақ, әрине, көшпенді тұрмыстың төл туындысы қазақ киіз үйінен аттап өте алмаймыз.

Ата-бабаларымыз тәбиғатпен тел өсіп, орман-тоғайдың ен байлығынан мейлінше игіліктенген.

 Киіз үй -  халқымыздың атамзаманнан бергі ең жақын серігі, асыл белгісі болып саналады. Киіз үй ауа райының қандай жағдайында да пайдалануға ыңғайлы. Ішіне жарық жақсы түседі, ауа алмасуы талапқа сай, жел, дауылға шыдамды. Төбесі күмбез тәрізді болып келгендіктен жаңбыр өтпейді, жинап тігуге оңай. Киіз үйдің негізгі қаңқасын (кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық) сүйегі деп атайды. Киіз үйдің сүйегі жасалатын «Үй ағашты» алты ай немесе бір жылда даярлайды. Үй ағашты жасайтын шеберді әдетте «Үйағашшы» деп атаған. Үйағаш басатын шебер үйшілері, ша­ңы­рақшылары, үйдің ағаш мүкәмәлін, ағаш ыдыс-аяғын жа­сайтын даңғайыр ағаш шеберлері, артына ағаш ісмер­лігінің мол қазынасын қалдырды. Соның арқасында  үйағашылық, үйшілік өнері – дара ұлттық ерекшелігімен бүгінге жетті.

Киіз үйдің пайда болуы қола дәуіріне, яғни заманымыздан бұрынғы 3-ші мың жылдыққа саяды. (қ.с. энцеклопедиясы 5 том, 456 бет). Ал, грек тарихшысы Геродот заманымыздан бұрынғы V ғасырда арғы ата-бабаларымыз сақтардың киіз үйлерде отыратындығын қағазға түсірген. Заманымыздан бұрынғы 103-105 жылдары үйсін ханына келін болып түскен Шиджүннің (Шайжанның) «Сағыныш» жырында:

Дөңгелек үй, туырлық там орнына,

Ет жеп, айран ішеді ас-суына, – делініп, үйсін елінің киіз үйде отыратындығынан дерек берген. Осылай қазақтың қасиетті киіз үйі жайлы деректі тізбектеп  жаза беруге болады. Алайда, бүгінгі біздің айтпағымыз әлемдегі ең үлкен кигіз үй һақында.

«Жақсыны көрмекке» дейді қазақ. Өткен жазда жолмыз түсіп Қытайдың Санжы Облысына қарасты Мори қазақ автономиялы ауданына ат ізін салған едік. Сондағы әлемде жоқ алып ақ орданы тамашалап тамсана таңдай қағыстық.

Киіз үй құрлысына  басынан аяғына дейін қатысқан Сая Сақабаұлының сөзіне сенсек киіз үйдің жалпы диаметрі 1175 м², биіктігі 18,5 метр, күлдіреуіштен басқұрға дейін 13,5 метр. Керегесінің биіктігі 5 метр, уықтың ұзындығы 6 метр алып ақ орданың шаңырағының диаметрі 8,5 метр болған.  

Ал, киіз үйдің төріне салынған сырмақтың диаметрі 32 метр, айналма ұзындығы 101 метр, жалпы көлемі 803,8 м². Оған 2000 адам малдас құрып отыруға болады екен. Бұл жайлы осы алып сырмақты сыруға бастамашылық еткен алпыс алты жастағы Алтын Тоқанайқызы апамыздың аузынан естідік.

─  Біз бұл сырмақты сыруға 32 адам 3 ай уақыт жұмсадық.  Күні бүгінге дейін бұндай үлкен сырмақ болмаған. Оны биязы жүннен басылған жұқа киіздің бетіне оюлар салып, кенеппен астарлап жасадық. Сырмақ негізінен мал баққан қазақ, қырғыз, моңғол сияқты көшпелі малшыларға тән бұйым. Оның ою-өрнегіне және көлеміне сәйкес бірнеше түрі бар. Ошақ тұсы (ортасы) ашық келетін, дөңгелектене жасалған көлемді сырмақ от киіз, шай сырмақ деп аталады. Біз бұл сырмақты бояу үшін бір тонна су сиятын алып қазанды арнайы жасатып кигізді соған салып боядық, - дейді, Алтын апа. Бұл сырмақтың әлемдік геинс рекордтар кітәбіна енгенін айта кету керек.

Негізінде бұл киіз үйді біз сияқты алыстан келген саяхатшыларға көргізбе ретінде жасаған екен. Бір қарағанда ханға арналған ақ орда дерсің. Төрдің қақ ортасында ханның тағы орналасқан одан кейін оң жаққа қарай төсек-орын (жүк) жиналып, қазақи қайқы бас ағаш төсек қойылған. Қымыз құйатын саба мен оны пісуге арналған піспек  алысырақ төсектің аяқ жағында тұр. Ыдыс-аяқтар оң жақта жеке қойылыпты. 

─ Қазақтарда төсектің негізгі үш түрі сақталған. Біріншісі – екі басы қайқылау келген сүйеніш тақтайы бар төрт сирақты төсек. Екіншісі – екі басы қайқылау келетін алты, сегіз сирақты төсек. Үшіншісі – екі басы тік келген төрт сирақты кереует. Төсек бастарының қайқы болуы – жатқан адамның аяғы мен басы денесінен сәл биік келіп, демалғанда қан айналысы жақсы болатынын қазақтар баяғы заманда-ақ ескерген - дейді, Алтын апа. Ағаш төсекке салынған оюлы төсек сырмақтар, тұсына қойылаған адалбақан, сәндеп тігілген түскиіз, төсеке керілген шымылдық керемет жарасып, үйдің сәні мен ажарын аша түскендей.

Бабаларымыз ертеде киіз үйде ғұмыр кешкен. Сондықтан үй мүліктері мен жиһаздары ұлттық қолөнер дәстүрі бойынша көшпелі тұрмысқа лайықталып жасалған. Міне сондай бұйымдардың быразы алып киіз үйдің сол жағына орналасқан. 

Қасымыздан екі елі қалмай тәтпештеп түсіндіріп жүрген Алтын апа ораулы шиді көрсетіп:

─ Жалпы киіз үйдің шилері, кереге мен туырлық арасынан айналдыра ұсталады. Шилер туырлықты кереге көгінің жылуынан қорғап, киіз үйдің сырт пішінін жұмырлай түседі. Қой жүнін бояп, әшекейлеп орау арқылы тоқылған шиді «шым ши» деп атайды. Мына көріп тұрғандарың сол шым ши. Ши кейде тамақ қоятын сол жақ босағаға да ұсталады.  

 ─ Мынау басқұр, киіз үйдің ішін безендіру үшін, әр туырлықтың кереге басына үйкелмеу үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тағатын, өрнекті жалпақ құр. Бағанадан бері өздерің тамсана тамашалаған әр бір дүние,  Мори аудандық үкіметінің қолдауымен сондағы «Меруерт» кестешілік коперативі шеберлерінің қолынан шыққан.  

Мейріміз қанғанша аралап, «ұһ» деп демалып отырып, манағы көрген салтанатты санама салып тағы да екшеп өткіздім. Осы кезде көңілімнің түкпірінен бір ой көлбең ете қалды. Қазақ елінде «айтыс сарайын» салу мәселесі көптен көтеріліп жүр. Неге осындай алып ақ орданы айтыс сарайы қылып Астанада тұрғызбасқа?

«Осынау өздерің көңіл толтыра көз айым болған алып ақ орданы Мори халқы мақтануға емес, ұлттық құндылықтармызды ұлықтау үшін жасадық.» деген Алтын Тоқанайқызы апамызға алғыс жаудыра келесі бағытымызға бет алдық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға