Жаңалықтар

Әлемдегі тарихи процесстерге уақыт өте келе баға берген дұрыс – Қайрат Сәки

Мемлекеттік қызметкер ғылыми және оқытушылық жұмыспен айналасуына болады
Әлемдегі тарихи процесстерге уақыт өте келе баға берген дұрыс – Қайрат Сәки
Фото: astana-akshamy.kz 16.01.2023 18:00 3056

Әлемде орын алып жатқан бүгінгі оқиғалар ертең тарих беттеріне түсері анық. Сыртқы саясатты көбіміз түсіне бермесек те, айтуға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Осы ретте ҚР Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Сәкидің қазіргі кездегі ұлт жағдайы жайлы пікірін тыңдадық.

Бірнеше жыл қатарынан елшілікте қызмет етіп қана қоймай, бар біліп-көргенін зерделей келе қағаз бетіне түсірген шығыстанушы күнделікті орын алып жатқан оқиғаларға уақыт өте тұжырым жасау дұрыс дейді. Заң алдында барлық азамат тең болса қоғамның танымастай өзгеретінін де айтты. 

- Қайрат Ұзақұлы, өзге елде мемлекеттік қызметте жүріп тарихымызды тереңінен зерттеп, жаңа қырынан таныстыруға не түрткі болды?

- Кітап жазу мақсат болған емес. Каирде жұмыс істеп жүрген кезде мәмлүк тарихына қатысты мол мұраны көргендіктен алғашқы жазбалар пайда болды. Олар мақала түрінде жалғасын тауып кейін кітапқа айналды. Негізінен мемлекеттік қызметте жүріп тарихты зерттеуге конституциялық құқықтар мүмкіндік берді. Мемлекеттік қызметкер ғылыми және оқытушылық жұмыспен айналасуына болады, ал кәсіпкерлікпен шұғылдануға тыйым салынған. Бірақ өмірден көріп жүргеніміздей бәрі керсінше. Мысалға соңғы жазған кітабымда Байбарыстың өмір жолы, мұсылман тарихындағы орны және мәмлүктер жайлы баяндалады. Қызыққан адамға берері мол.

- Бірнеше жылдар елшілікте қызмет атқардыңыз. Елдің сыртқы саясаты қандай деңгейде? Өзге елден біздің үйренеріміз бар ма?

- Шет елдерден, әсіресе, Батыс елдерінен үйренеріміз өте көп. Араб елдерінен аларымыз сондай деңгейде деп айта алмаймын. Ал, еліміздің сыртқы саясатын күшейту үшін, ең алдымен қуатты экономикамыз болуы керек.

- Экономика туралы қозғадыңыз. Бүгінде орын алып жатқан геосаяси қақтығыстар бізге қандай әсерін тигізуі мүмкін?

- Украина мен Ресей арасындағы соғыс Қазақстанның қазіргі жағдайы мен болашағына әсері үлкен. Оны біз күнделікті орын алып жатқан өзгерістерден-ақ көріп отырмыз. Уақыт өткен сайын жағдай бедерленіп анығы байқалатын болады. Ал Араб әлемінде болып жатқан геосаяси өзгерістер туралы сұрап отырсаңыз ол процесстер менің еркімнен тыс жүріп жатыр және менің оған көзқарасым оң деп айтсақ болады.

- Өзіңіз айтып өткендей Ресейге салынған санкциялардың әсерінен кейбір шетелдік компаниялар біздің елде филиалдарын ашып жатыр. Бұл біздің экономиканы өсіруі мүмкін ғой.

- Шетелдік компаниялардың елімізде филиалдарын ашып жатқаны жарияланған инвестициялар тарту саясатына сай келеді. Әрине, оң нәтижелер берері хақ. Экономиканың өсуіне де әсер етуі әбден мүмкін.

- Тарихты тереңдете жаздыңыз, бүгінгі күн де ертеңгі тарих. Осы ретте қазіргі тарихты қағаз бетіне түсіріп жүрген тарихшыларға кеңесіңіз?

- Жалпы тарихшыларға кеңес беруден аулақпын. Тарихшы үшін сол дәуірдің құжаттары мен фактілері жеткілікті. Одан соң қазіргі кезде жүріп жатқан тарихи процесстерге уақыт өте келе баға берген дұрыс деп санаймын.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға