Жаңалықтар

Әлемдегі саяси ахуалдың Қазақстанға ықпалы қандай?

Әлемдегі саяси ахуалдың Қазақстанға ықпалы қандай?
Фото: Коллаж El.kz 06.03.2025 14:22 496

Саясат сахнасында жаңа қойылым басталғандай. Бір кездері АҚШ-тың даусыз режиссерлігімен өрбіген халықаралық тәртіп енді жаңа кейіпкерлердің – Қытай мен Ресейдің қатысуымен қайта жазылып жатқандай. Осы қызықты қойылымның ортасында Дональд Трамп тұр – ол классикалық сценарийлерді қабылдамай, өз ережелерімен ойнайтын батыл актер іспеттес.

Трамптың саясаты – бұл күтпеген сюжеттік бұрылыстарға толы драма. Ол дипломатиялық әдепті ысырып, АҚШ-тың ішкі күшін нығайтуға басымдық береді. Қытаймен сауда майданын қайта ашу, Еуропалық Одақпен қатынастарды «салқын достыққа» айналдыру, Ресеймен тіл табысудың жаңа жолдарын іздеу. Бұл қадамдар – әлемдік сахнадағы декорацияларды ғана емес, ойыншылардың орнын да өзгертетін шешімдер. Себебі, Трамп әлемді қайта құруды көздеп отыр, бірақ бұл қойылымда әр ел өз рөлін өзі таңдауы керек.

Трамптың саясаты ашқан жаңа сахнада Қазақстан қандай маңызға ие болмақ? Бүгін саясаттанушылардың пікірін ортаға салып, әлемдегі саяси ахуалға болжам жасап көрдік.

Риззат Тасым: Қазақстан жаңа стратегиялық бағыттарды жүзеге асыруы тиіс

Саясаттанушы Риззат Тасымның пікірінше, АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы шиеленіс тұрақтылық дәуірін аяқтап, жаңа саяси шындықты қалыптастырды. Трамптың Ресейді Еуропаға қайтаруға бағытталған саясаты мен Қытайға қатысты екіұшты ұстанымы жаһандық тепе-теңдікті өзгертуде. Еуропадағы ішкі қайшылықтар мен Украина мәселесінің күрделенуі де осы үдерісті күшейтеді.

Қазіргі кезде адамзат бастан өткеріп жатқан дағдарыстық құбылыстар қауіпсіздік мәселелеріне әлемдік қауымның ерекше назарын аудартты. Ұлан-ғайыр Еуразия құрлығында сындарлы шекараларды қайта қараудың ең ұзақ процесі басталып отыр. Яғни, салыстырмалы тұрақтылық кезеңі мен ауқымды шиеленіссіз дәуір аяқталды. Әрине Қазақстан үшін идеалды геосаяси жағдай АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы бейбіт үшжақты қарым-қатынастар болар еді. Алайда саяси шынайылық өзгерді, - дейді саясаттанушы Риззат Тасым.

Сарапшы Трамптың әрекеті Еуропалық Одақтың әскери құрылымды нығайтуға әсер еткенін айтады.

Трамптың президенттікке келгеннен кейінгі жасалған алғашқы қадамдары тікелей Украинаға бағытталған емес. Көріп отырмыз, Трамп өзінің Украинадан тыс үлкен саясатын жүзеге асыруға мүдделі. Ол дегеніміз Ресейдің Азияға бет бұрысын доғарып, кері еуропалық бағытқа бұру. Өйткені АҚШ үшін Ресейдің Қытай тарапына, Азия бағытына ығысуы өте тиімсіз. Сондықтан да бүгінгі таңда Ресеймен дос болуды АҚШ тарапы күн тәртібіне қайтадан қойып отыр. Сонымен бірге, Американың Қытайға қатысты саясаты бұрынғыдан да екіұшты бола түскенін мойындауға тура келеді. Онда бір-екі онжылдық бұрын Вашингтон мен Бейжің арасындағы барған сайын жылы және достық қарым-қатынастарға тән ортақ стратегиялық жоспар жоқ.

Оған қоса, бүгінгі таңда, әсіресе Зеленскиймен сәтсіз келіссөздерден кейін, Трамптың жүргізіп жатқан саясатына қарсы Еуропада ішкі коалиция құру басталған сияқты. Трамптың іс-әрекеті Еуропада талай уақыт күн тәртібінен түспей жүрген Еуропалық одақтың жеке әскери құрылымдарын жасау мәселесін де ушықтыра түсті. Сондықтан да мына алдағы уақытта үлкен АҚШ бетбұрысының және де үлкен еуропалық бетбұрыстың орын алуы ықтимал. Сондықтан да осы күндері қай тарапта Украинадағы мәселені тез тоқтатуды жариялағанымен, мойындауымыз керек, Украинаның келісімінсіз бұл мәселе алға ешқашан жылжымайды. Нәтижесінде көп мемлекеттер тарапынан ұзақмерзімді стратегиядан гөрі ситуативті шешімдер қабылдануда. Яғни «Достыққа жол жоқ, тек уакытша серіктестік» саяси қағидат басымырақ, - дейді Риззат Тасым.

Сарапшы  «басқаруға келмейтін үшбұрыш» сценарийінен сақтанып, прагматикалық саясатты жалғастыруды және орта державаларды біріктіру арқылы қауіпсіздікті нығайтуды ұсынады.

Меніңше «Басқаруға келмейтін үшбұрыш» (АҚШ, Қытай және Ресей контексінде) сценарийі орын алса, жаңа «жаһандық қауіпсіздік архитектурасын» құру, халықаралық қатынастардың барлық субъектілерінің мүдделері арасындағы «саналы тепе-теңдікті» қамтамасыз етуге бағытталған саясат жүргізу қиындыққа ұшырайды. Бұлай жағдайдың өрбуі Қазақстан үшін ең тиімсіз болар еді. Сондықтан Қазақстан прагматикалық сыртқы саясатын жалғастыра отырып, проактивті қадамдарға бетбұрып «қауіпсіздік кепілдігінің мызғымастығын» сақтау үшін орта державаларды жұмылдыруы керек, - дейді ол.

Осы орайда Қазақстан жаңа стратегиялық бағыттарды жүзеге асыруы тиіс. Риззат Тасымның пайымдауынша, еліміз кез келген сыртқы саяси өзгерістерге бейімделгені жөн.

Ал, дәл қазір туындап жатқан мәселелерге келсек, Қазақстан үшін Трамптың саясаты екіжақты серіктестіктің экономикалық және саяси қырларын қайта қарастыруға себеп болуы мүмкін. Егер ол санкциялық қысымды арттырса, Қазақстанның Ресеймен және Қытаймен қарым-қатынасында жаңа стратегиялық шешімдер қажет болады. Біріншіден, геосаяси тепе-теңдік тұрғысынан Украина-Ресей қақтығысы, Батыс пен Ресей арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісуі Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын одан әрі мұқият жүргізуін талап етеді. Екіншіден, экономикалық факторлардың әлеуеті артуда, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, Ресейге қатысты санкциялар Қазақстанның транзиттік әлеуетіне, сауда бағыттарына әсер етпей қоймайды. Үшіншіден, энергетикалық саясаттың болашағы бұлыңғыр, Трамптың бұл саладағы шешімдері жаһандық нарықтағы белгісіздіктің күшеюіне алып келсе, әсіресе мұнай-газ, атом, сирек кездесетін металдар нарығына әсер етіп, Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер де, қауіптер де туындатуы мүмкін. Жалпы, Қазақстан кез келген сыртқы саяси өзгерістерге бейімделіп, өзінің мүдделерін сақтай отырып, икемді дипломатиялық стратегия жүргізуі қажет, - дейді саясаттанушы.

 

Толғанай Үмбетәлиева: Трамп халықаралық қатынастарға басқа көзқараспен қарайды

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Дональд Трамп саясатының негізгі мақсатына қатысты былай дейді:

Бизнесмен ретінде Трамп халықаралық қатынастарға басқаша көзқараспен қарайды. Ол АҚШ-тың көшбасшылық үшін шығынға ұшырауын қаламайды, сондықтан тиімсіз деп санайтын бағдарламаларды тоқтатып, жауапкершілікті Қытай және Ресеймен бөліспек. Қазір халықаралық тәртіп осы үш держава – Қытай, Ресей және АҚШ арасында қайта қалыптасуда, бірақ олардың қарым-қатынасы қандай болары әзірге түсініксіз. Трамп Қытайға қарсы сауда соғысын жариялады, ал Қытай бірден жауап берді, себебі олар бұған алдын ала дайын болған. Бұл үшеу экономикалық тұрғыда бәсекелесе ме, АҚШ пен Ресей Қытайға қарсы одақ құра ма, әлде әр мемлекет өз мүддесін көздеп, экономикалық қатынастарға басымдық бере ме – ол белгісіз. Трамп үшін АҚШ-тың экономикалық мүдделері саясаттан жоғары тұр. Халықаралық тәртіп осылай өзгеріске ұшырауда, алайда Ресей мен Украина арасындағы соғыс шешілмейінше, бұл үш державаның қатынасын алдын ала болжау қиын, - дейді саясаттанушы.

28 ақпан күні Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйде келіссөз жүргізуге тырысып, ол әрекеттері сәтсіз аяқталғаны белгілі. Саяси тұлғалардың сөзталасы бүкіл әлемді таңғалдырғаны сөзсіз. Нәтижесінде Ақ үй Украинаға жіберілетін әскери көмекті тоқтатты. Сарапшы оқиғаның әрі қарай қалай өрбуі мүмкін екенін болжап көрді.

Қазір Украина мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қатынастар күрделі сипатқа ие. Соңғы уақытта екі елдің жақындасуы байқалғандай. Зеленскийдің сөздері, сарапшылардың айтуынша, кешірім сұрау ниеті ретінде бағалануы мүмкін. Трамптың Конгресстегі сөйлеген сөзі де осы жақындасудың бір белгісі сияқты. Трамптың стратегиясы анық: оның басты мақсаты – Зеленскийді келіссөздер үстеліне отырғызу. Ресей тарапы келіссөздерге қарсы емес сияқты, бірақ Украина президентімен қиындықтар туындауы мүмкін. Зеленскийге қатысты қатаң көзқарас, баспасөз конференциясындағы шиеленістің соңы қалай аяқталары белгісіз еді. Дегенмен, қазір жағдай өзгеріп келеді және бұл өзгерістердің тұрақты болғанын қалаймын. Ертең мүлде басқа картина көрмейміз деп үміттенемін, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Саясаттанушы Украина президентінің келіссөзге қол қоюға қатысты бірнеше сәтсіз оқиғалары болғанын баяндап берді.

Зеленский келісімге қол қоятын сәт келгенде, ойын өзгертіп, қол қоймай кетіп қалады. Мұндай мінез-құлық Зеленскийден бұрын да байқалған. Мысалы, 2022 жылы Ыстамбұлдағы келіссөздерде немесе жақында Вашингтонға барған кезде келісімге қол қойылмай қалды. Сонымен қатар, қыркүйекте ол сирек кездесетін ресурстарды қолдауға айырбастауды өзі ұсынған еді. Трамп бұл ұсынысты қабылдап, келісім дайындағанда, Зеленский тағы да келіссөздер үстелінен тұрып, қол қоймай кетті. Мұндай әрекет Трампқа түсініксіз әрі ұнамайды. Сондықтан Трамп Зеленскиймен келіссөз жүргізгенде, оның келісімге қол қоюға дайын болуын қалайды. Ол Зеленскийдің Ресей мен Украина қол қоюы тиіс бейбіт келісімді бекітпей тастап кетуін құптамайды. Бұл мәселе қазір Украина президентіне байланысты болып тұр. Бірақ мұнда Еуропалық Одақ та бар. Трамп қазір ЕО-ны елемей отыр, ал ЕО бейбіт келіссөздерге қатысуды қатты қалайды. Зеленский ЕО-ның мүдделерін де ескеріп отырған болуы мүмкін, сондықтан Украина мен АҚШ арасындағы қатынастарды реттеу қиынға соғуда. Егер ЕО-ның қолдауы болмаса, Украина тезірек шешім қабылдар ма еді? Екінші жағынан, Еуропа қаншама уақыт бойы Украинаны қолдап, көмектесіп келді. Олардан бас тарту дұрыс болмас еді, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Трамп саясатының Қазақстанға әсері қандай болмақ?

Ал Трамп саясатының Қазақстанға ықпалы турасында саясаттанушы көптеген факторлардың әлі де белгісіз екенін алға тартып отыр.

Біз өткен жылы Трамп пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың телефон арқылы сөйлескенінен хабардармыз. Америка Құрама Штаттарының Қытайға деген қызығушылығы жоғары екенін ескерсек, Қазақстан бұл жағдайда Қытайдың серіктесі ретінде қарастырылуы мүмкін. Экономикалық мәселелерде жағдай күрделі, өйткені бізді Ресейдің де серіктесі деп санауға болады. Қазір Қытай, Ресей және АҚШ арасындағы қарым-қатынастың сипаты айқындалмайынша, Қазақстанның позициясын дәл анықтау қиын. Себебі біздің Ресеймен де, Қытаймен де қатынастарымыз жақсы және бұл байланыстар экономикалық мүдделерге негізделген, - дейді саясаттанушы.

Сарапшы Ресей мен Украина шиеленісінен соң ғана позициялар нақты айқындылатынын атап өтті.

Біз әрқашан экономиканы бірінші орынға қоятынымызды айтып келеміз. Трамп та қазір осы ұстанымды қолдайды, сәйкесінше экономикаға басымдық беріп отыр. Егер үш мемлекет арасындағы бәсеке тек экономикалық мүдделерге негізделетіні немесе саяси факторлар да қосылатыны анықталса, нақтырақ айтуға болады. АҚШ-тың Тайванға қызығушылығы бар екені белгілі және Трамп бұл саясатты жалғастырып, Тайванды қолдауды көздейді. Жақында ол Тайвандағы ірі компания басшысымен баспасөз конференциясын өткізді. Демек, АҚШ саяси мәселелерді де назардан тыс қалдырмайды, бірақ әзірге бәрі анық емес. Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс шешілмейінше, жағдай түсініксіз күйде қалады. Соғыс аяқталған соң ғана үш мемлекет арасындағы қатынастардың сипаты белгілі болып, Қазақстанның позициясы да айқындалуы мүмкін, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Қазақстанның халықаралық аренадағы орны қандай?

Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық аренада лайықты орынға ие. Еліміз барлық дерлік көшбасшылармен, соның ішінде Еуропалық Одақпен жақсы қарым-қатынас орнатты. Еуропалық Одақта шешуші рөлді бірқатар мемлекеттер, атап айтқанда Германия, Франция, сондай-ақ Италия атқаратыны белгілі. Қазақстанның осы елдермен байланысы өте жақсы деңгейде. Бұл үш мемлекеттің басшылары ЕО-ның жалпы саясатына ықпал ете алатын ірі ойыншылар саналады. Ал Ұлыбританиямен қатынастарымыз өзгеруі мүмкін. Себебі Лондонда «ескі Қазақстан» деп аталатын топ өмір сүреді. Менің білуімше, қазір Ұлыбританияда олардың қаржысын тексеру мәселесі талқылануда. Егер заңсыздық анықталса, бұрынғы шенеуніктердің мемлекет қаражатын шығарып әкеткені үшін қылмыстық іс қозғалуы ықтимал. Лондон бұған бей-жай қарап отырған жоқ, тиісті талқылаулар жүріп жатыр. Нақты шешім қабылданса, олардың активтері бұғатталып, Қазақстан Ұлыбританиямен келіссөз арқылы бұл қаражатты қайтару мүмкіндігіне ие болуы мүмкін. Әзірге осындай сипатта қарым-қатынас қалыптасып отыр, - дейді саясаттанушы.

Жалпы алғанда, Қазақстанның Еуропамен де, Қытаймен де қатынасы жақсы. Біз барлық елдермен дерлік достық байланыс орнаттық. Дегенмен, бәрі Украинадағы қақтығыстың шешілуіне және Ресей мен Украина арасындағы соғыстың қорытындысына, сондай-ақ үш супердержаваның өзара қатынасына байланысты болмақ.

Менің ойымша, Украинадағы соғыс посткеңестік кеңістіктегі республикалар арасындағы қарым-қатынастың күрделі әрі реттелмеген екенін анық көрсетті. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, осы аймақтағы барлық елдерге қатысты. Олардың арасында белгілі бір шиеленіс, ашық айтылмаған мәселелер жеткілікті. Қазақстан осы посткеңестік мемлекеттердің барлығымен дерлік жақсы байланыс орнатқандықтан, осы кеңістіктегі түйткілдерді шешуге күш сала алады деп санаймын. Біз бұл бағытта бастамашыл бола аламыз. Тек өзімізге қандай қауіп төнуі мүмкін деп алаңдап отыра бермей, халықаралық аренада белсенді қадамдар жасай бастағанымыз жөн. Бірақ бұл өте мұқият және сақтықпен іске асырылуы тиіс. Бүгінгі халықаралық аренадағы оқиғалар бізге зор әлеует сыйлайды. Біздің екі алып держава – Ресей мен Қытай сияқты әлемдік көшбасшылармен жақсы қатынасымыз бар. Бұл елдердің ортасындағы географиялық орналасуымыз – біздің басты артықшылығымыз. Осы стратегиялық позицияны өз пайдамызға асырып, әлемдік үдерістерден ұтымды нәтиже шығаруға мүмкіндігіміз мол деп ойлаймын, - дейді саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.

Ғазиз Әбішев: Қазақстан экономикалық тәуелсіздікті нығайтуы тиіс

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев әлемдегі үлкен өзгерістердің АҚШ-тың сыртқы саясатын қайта реттеуінен бастау алатынын айтты.

Қазір әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр, себебі АҚШ өзінің сыртқы саясатын қайта реттеп жатыр. Америкада саясат екіге бөлінеді: бір жағында әлемді біріктіргісі келетін либералдар (демократтар), екінші жағында өз елін бірінші қойғысы келетін консерваторлар (республикашылдар). Билік осы екі топтың арасында ауысып отырады, сондықтан Америка тым бір жаққа кетпей, орта жолды ұстанады. Бұл оның мықты болуының бір себебі. Оның еркін нарығы, күшті экономикасы және қолайлы орналасуы Американы әлемдегі ең ықпалды ел етеді, - дейді саясаттанушы.

Сарапшы Трамптың ұлттық мүдделерге басымдық беріп, либералдық ықпалды азайтуға бағытталған саясатын талдап көрді.

Трамптың қазіргі саясаты ұлттық мүдделерді бірінші орынға қойып, либералдық басымдықты төмендетуге бағытталған. Дегенмен, Американың әлемдік аренадағы әскери және экономикалық ықпалы өзгермейді. Бұл қайта реттеу процесі халықаралық институттардың рөлін әлсіретіп, АҚШ, Қытай және Ресей сияқты державалардың тәуелсіз әрекет етуін күшейтеді. АҚШ Қытайды негізгі стратегиялық қарсылас деп санайды және Ресеймен ынтымақтастық арқылы оның өсуін тежеуге ұмтылуы мүмкін, - дейді ол.

Саясаттанушы Трамп саясатының Қазақстанға әсері туралы өз пікірін білдірді.

Қазақстанға келсек, бұл өзгерістердің тікелей әсері шектеулі. Біздің көпвекторлы саясатымыз сақталады, бірақ геосаяси тұрғыдан Ресейдің ықпалы басым, ал Қытай екінші орында. АҚШ-тың әсері бізге әркез шектеулі болды. Ресейдің АҚШ-пен тиімді келісімге келуі оның аймақтық ықпалын арттырса да, Қазақстанға қатысты агрессия күтілмейді, себебі біздің прагматикалық және достық қатынастарымыз бұған негіз бермейді. Сыртқы саясаттағы өзгерістер ішкі динамикаға да әсер етеді. Билік радикалды элементтерді реттеп, сыртқы қатынастардың тұрақтылығын сақтайды. Біздің саясат Ресеймен ғана шектелмей, Қытай, Түркия, ЕО және басқа серіктестермен байланысты дамыта береді. Орталық Азиядағы интеграция да маңызды – бұл біздің ұжымдық позициямызды нығайтады.

Трамп саясатының Қазақстанға әсері жанама болмақ. Оның сауда шектеулері Қытай экономикасын әлсіретсе, бұл біздің экспортқа аздап кедергі келтіруі мүмкін, бірақ ауқымымыздың шағындығына байланысты терең дағдарыс болмайды. Меніңше, басты міндет – экономикалық тәуелсіздікті нығайту. Бұл үшін өнеркәсіпті дамытып, білікті кадрларды – инженерлерді, ғалымдарды, дәрігерлерді – көбейту қажет. Әлемдік бәсеке кадрларға байланысты өршіп тұр және бұл біздің ұзақ мерзімді стратегиямыздың негізі болуы тиіс, - деп түйіндеді Ғазиз Әбішев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға