Әлемдегі ең қымбат басылымдар

14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні. Бұл күн оқырмандарды кітап оқуға шабыттандырумен қатар, жақын жандарға құнды сыйлық ретінде кітап тарту ету дәстүрін қалыптастыруға септігін тигізеді. Әлемде кейбір кітаптар ерекше тарихи және мәдени маңыздылығына байланысты аса жоғары бағаланады, тіпті миллиондаған долларға сатылғандары да бар. Осы орайда, бүгін сіздерге әлемдегі ең қымбат кітаптардың тізімін ұсынбақпыз.
-
Леонардо да Винчидің «Лестер Кодексі»
Лестер кодексі – Леонардо да Винчидің 1506-1510 жылдары жазған ғылыми еңбегі. Оның жұмысы 18 парақ болды, 72 беттік кітапқа жинақталды. Бұл қолжазбада су қозғалысы, жер бедерінің өзгеруі, айдың жарық шашу себебі, өзен арналарындағы ағындар сияқты табиғат құбылыстары туралы ойлары мен зерттеулері жазылған. Леонардо әлемді тірі организм ретінде сипаттап, жерді – денеге, өзендерді – қанға, ауаны – жанға теңеді. Ол мәтінді айналық жазу әдісімен жазған, оны оқу үшін айна қолдану қажет.
Бұл еңбек 1717 жылы «Лестер кодексі» деп аталды. 1980 жылы оны мұнай магнаты Арманд Хаммер сатып алып, біраз уақыт «Хаммер кодексі» деп аталды. Ал 1994 жылы Билл Гейтс аукционда 30,8 миллион долларға сатып алды.
-
«Мормон кітабы»
1830 жылы жарық көрген «Мормон кітабы» 2017 жылы жеке сатылымда 35 миллион долларға сатылып, ең қымбатқа өткен антикварлық кітаптар қатарынан орын алды.
Бұл кітап мормонизмнің негізін қалаушы Джозеф Смиттің аузынан жазылып алынған түпнұсқа типографиялық қолжазба болып саналады. Аңыз бойынша, Смит 1820 жылдары Нью-Йорк штаты, Пальмира қаласындағы үйінің маңынан алтын тақтайшалар тауып, олардағы мәтіндерді ағылшын тіліне аударған.
Кейіннен бұл қолжазба Э.Б. Грандиннің жергілікті баспаханасына теруге жіберілді. Кітап алғаш басылып шыққан соң, дамып келе жатқан мормон шіркеуінің мүшелерінің біріне сақтауға берілді және 1903 жылға дейін шіркеудің иелігінде болды.
Бүгінде «Мормон кітабы» тарихи әрі діни құндылығы жоғары сирек жәдігерлердің бірі болып есептеледі.
-
«Еріктіліктің ұлы хартиясы»
2007 жылы Sotheby’s аукционында 21,3 миллион долларға сатылған бұл антикварлық қолжазба – орта ғасырлардағы ең маңызды тарихи құжаттардың бірі. 1215 жылы Кентербери архиепископының бастамасымен дайындалған «Еріктіліктің ұлы хартиясы» (Magna Carta) ағылшын королі мен оның халқы арасындағы құқықтық теңгерімді қалыптастыруға бағытталған.
Бастапқыда құжаттың әсері екіұшты болғанымен, уақыт өте келе ол құқықтық жүйенің негіздерінің бірі ретінде мойындалды. Хартия Англия королінің билігін шектеп, заң үстемдігі қағидасын бекітті. Құжаттың осы нұсқасы корольдің мөрімен расталып, жақсы сақталған тарихи жәдігер болып табылады.
-
«Нортумберленд бестиариясы»
Бұл қолжазба – ортағасырлық өнер мен әдебиеттің ең ерекше үлгілерінің бірі. XIII ғасырда Англияда жасалған бұл готикалық дәуір кітабы жүзден астам ортағасырлық иллюстрациялармен безендірілген. Онда шынайы және мифтік жануарлардың сипаттамалары мен символикалық мағыналары баяндалады, бұл оны ертегіге ұқсас, фантастикалық шығармаға айналдырады.
Қолжазбаның нақты авторы белгісіз. Ол алғаш рет 1990 жылы Sotheby’s аукционында көпшілік назарына ұсынылған. 2007 жылы оны Дж. Пол Гетти мұражайы құпия сомаға (бағалаулар бойынша шамамен 20 миллион долларға) сатып алған. Бұл бестиарий орта ғасырлардағы діни, философиялық және табиғи әлемге деген көзқарасты бейнелейтін аса құнды мәдени жәдігер болып табылады.
-
«Кутберт Інжілі»
2012 жылы Sotheby’s аукционында 14,3 миллион долларға сатылған бұл қолжазба – әлемдегі ең көне кітаптардың бірі. VII ғасырға жататын бұл шағын Інжіл Линдисфарн епископы Әулие Кутберттің жерлеуінде оның жанынан табылған. Алайда XII ғасырда, викинг шапқыншылықтары кезінде қайта ашылды.
«Кутберт Інжілі» – түпнұсқа мұқабасы бүгінгі күнге дейін сақталған бірегей ортағасырлық қолжазба. XVII ғасырдың басында ол жеке меншікте болған, кейін Бельгиядағы иезуит қауымдастығына сыйға тартылған. Қазіргі уақытта бұл тарихи жәдігерді Ұлыбритания кітапханасының цифрланған қолжазбалар қорынан онлайн көруге болады.
-
«Массачусетс Забур кітабы»
«Массачусетс Забур кітабы» 2013 жылы Sotheby’s аукционында 14,165 миллион долларға сатылған. Солтүстік Америкада басылған алғашқы кітаптардың бірі ретінде кеңінен танылған. Ол алғашқы қоныс аударушылар келгеннен кейін бірнеше онжылдық өткен соң жарық көрді. Басылымды Массачусетс шығанағы колониясының тұрғындары діни жырларды қолдану үшін арнайы әзірлеген. Кітапты Англиядан арнайы әкелінген баспаханамен бірге Стивен Дайе басып шығарған. Бүгінде бұл сирек еңбектің небәрі он бір данасы ғана сақталған.
-
«Ротшильдің сағаттар кітабы»
XVI ғасырда Фландрияда жасалған ерекше безендірілген қолжазба. Ол шамамен 1505-1510 жылдары дайындалып, бастапқыда Нидерланды корольдік сотына арналуы мүмкін.
Кітаптың әсем иллюстрацияларын жасауға сол дәуірдің әйгілі суретшісі Герард Дэвид пен басқа да фламанд шеберлері қатысқан. Бұл антикварлық құнды кітап XIX ғасырдың соңында Ансельм фон Ротшильдтің жеке коллекциясына енген және ұрпақтан-ұрпаққа Ротшильдтер отбасы мұрагерлеріне өтіп отырған.
2014 жылы Christie’s аукционында 13 миллион долларға сатылып, ортағасырлық қолжазбалар арасындағы ең қымбат лоттардың біріне айналды.
-
«Америка құстары»
Джон Джеймс Одюбонның «Американың құстары» (The Birds of America) – XIX ғасырдағы ең танымал еңбектердің бірі. 1827-1838 жылдары жазылып, жарық көрген бұл төрт томдық кітапта Солтүстік Американың 1000-нан астам құс түрі шынайы көлемде бейнеленіп, қолмен боялған.
2018 жылы Christie’s аукционында 9,65 миллион долларға сатылған бұл сирек басылым бір кездері Портленд герцогінің жеке коллекциясында сақталған. Кітаптың түпнұсқалық басылымы бүлінбей жеткен, әр парағының бояуы қанық сақталған, ал мұқабасы – ағылшын корольдерінің атақты мұқабашысы Джон Маккензи жасаған түпнұсқа күйінде қалған. Бар-жоғы 15 данадан аз тиражбен құжатталған бұл басылым құнды тарихи жәдігер болып саналады.
-
«Бомберг талмуды»
«Бомберг Талмуды» – Даниэль Бомберг басып шығарған библиялық заң туралы раввиндік даулардың негізгі сәттері жинақталған еңбек. Оның бірінші басылымы 1519-1520 жылдары, ал екінші басылымы 1525-1539 жылдары жарық көрді.
Бұл жинақ еврей тілінде басылып, XVI ғасырдағы еврей ғалымы Ричард Бруарнға арналған. Алайда кейіннен ол Вестминстер аббаттығының мұрағатына түсіп, көптеген жылдар бойы сол жерде сақталған.
Басылым тек ауқымдылығымен ғана емес, көркем безендірілуімен де ерекшеленеді. Бомберг пен оның Венециядағы баспаханалары әдемі мұқабалы кітаптарымен танымал болды. Бұл Талмуд сол шеберлікті көрсететін сирек үлгілердің бірі.
2015 жылы Sotheby’s аукционында Талмудтың бір данасы 9,3 миллион долларға сатылып, бүгінгі күнге дейін толық сақталған 14 дананың бірі ретінде ерекше құндылыққа ие болды.
-
Құран фрагменті
VII ғасырдан қалған Құран көшірмесінің фрагменті 2008 жылы Christie’s аукционында 4,9 миллион долларға сатылып, антикварлық ислам мәтіндері бойынша жаңа рекорд орнатты.
Фрагментте Ән-Ниса сүресінің бір бөлігі жазылған. Ол Құранның алғашқы басылымдарында жиі қолданылған хиджази шрифтімен жазылған, бұл шрифт ерте ислам каллиграфиясының маңызды үлгісі болып саналады.
