Жаңалықтар

Әлемдегі ең беделді олимпиада жеңімпаздары 1-5 млн теңгеден алды

Әлемдегі ең беделді олимпиада жеңімпаздары 1-5 млн теңгеден алды
Фото: ©Оқу-ағарту министрлігі 27.10.2023 18:45 1998

Жыл басынан бері 23 қазақстандық оқушы әлемдегі ең беделді жеті олимпиадада 2 алтын, 11 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Астана қаласындағы №96 мектеп гимназиясында жеңімпаздармен, жүлдегерлермен, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтермен кездесіп, оларды салтанатты түрде марапаттады, - деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Оқу-ағарту министрі басқосуда оқушыларды тамаша жетістіктерімен құттықтады.

Әлемдегі ең беделді олимпиада жеңімпаздары 1-5 млн теңгеден алды

Ең алдымен сіздерді жеңістеріңізбен құттықтаймын. Сіздер әлемдік аренада еліміздің туын биік көтеріп, математика, физика, химия, биология, география, информатика сияқты іргелі ғылымдар бойынша лайықты нәтиже көрсеттіңіздер. Балаларымыздың жетістікке жетуіне ұстаздарымыздың сіңірген еңбегі зор. Мемлекетіміз дарынды оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетуде. Өткен жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған ұстаздарға біржолғы сыйақы қарастырылған. Биыл әлемнің ең беделді 7 олимпиадасында жүлдегер атанған 23 оқушыға 65,5 млн теңге, ал 20 педагогке 6 млн теңгеге жуық ақшалай сыйақы берілді. Бұл шаралар, ең алдымен, олимпиадашылардың беделін арттыруға және отандық ғылымның болашақ жұлдыздарын қалыптастыруға бағытталған, - деді Ғани Бектайұлы.

Әлемдегі ең беделді олимпиада жеңімпаздары 1-5 млн теңгеден алды

Биология пәнінен Халықаралық олимпиаданың (IBO) қола жүлдегері, Алматы қаласы Galaxy мектебінің 12-сынып оқушысы Ислам Русланұлы алған сыйақысын қайда жұмсайтынын айтты.  

Әлемдегі ең беделді олимпиада жеңімпаздары 1-5 млн теңгеден алды

Олимпиадаға бару үшін 5-6 жыл бойы тер төктім. Әлі де елім, жерім үшін еңбек ететін боламын. Жеңісімді Қазақстаныма арнадым. Маған берілген қаражатты өзімнің депозитіме салып, біліміме құямын. Бұйырса, болашақта шетелге оқуға түсу жоспарымда бар, - деп атап өтті жеңімпаз.

Айта кетейік, алтын медаль үшін – 1500 АЕК, күміс медаль үшін – 1000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы қарастырылған. Алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген мөлшерінде, күміс үшін – базалық лауазымдық жалақының 17,5 еселенген мөлшерінде, ал қола жүлдеге – базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде тағайындалды.

Жыл басынан бері қазақстандық оқушылар 241 медаль жеңіп алды. Олар түрлі деңгейдегі 23 халықаралық олимпиадаға қатысты. Жүлдегерлерге отандық жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттар берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға