Әлем кубогы: қазақстандық гимнастшылар екі қола медаль еншіледі

Хорватияның Осиек қаласында өтіп жатқан Әлем кубогының кезеңінде Қазақстандық спортшылар екі қола медаль алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алдымен отандық гимнаст Милад Карими еркін жаттығулар бағдарламасы бойынша қола медаль жеңіп алды.
Ол финалда Израиль спортшысы Артем Долгопят мен АҚШ өкілі Иваи Юнносукеге жол берді.
Осылайша Милад төрешілердің шешімімен 13.966 ұпай жинап, Әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері атанды.
Айта кетейік, Карими осы Әлем кубогының кезеңінде кермедегі жаттығу бағдарламасының финалында да өнер көрсетеді.
Ал Нариман Құрбанов ат снарядындағы жаттығудың финалында сәтті өнер көрсетіп, шешуші бағдарламада 14.233 ұпай жинады. Осы нәтижемен Құрбанов Әлем кубогы кезеңін үшінші орынмен аяқтады.
Дәл осы бағдарламада Зейнолла Ыдырысов сегізінші орынға тұрақтады.
Ал алтын медальді армениялық Гамлет Манукян (14.633 ұпай) жеңіп алды. Күміс жүлде қытайлық Тянлун Гаоға бұйырды — 14.400 ұпай.
