Жаңалықтар

Әлем Кубогы: Айдос Сұлтанғали қай елдің балуандарымен күреседі?

Әзірбайжандағы Әлем Кубогын Халықаралық күрес федерациясының сайтынан тікелей эфирде көре аласыздар
Әлем Кубогы: Айдос Сұлтанғали қай елдің балуандарымен күреседі?
Фото: kazsports.kz 03.11.2022 19:21 2039

Әзірбайжан астанасы Бакуде  5-6 қарашада өтетін грек-рим күресінен Әлем Кубогына қатысатын елдің құрамалары белгілі болды, деп хабарлайды El.kz kazsports.kz-қа сілтеме жасап.

Екі күнге созылатын турнирдің А тобында Белградтағы Әлем чемпионатында 1-ші, 4-ші және 5-орын алған Түркия, Иран, Қырғыз Республикасының бозкілем шеберлері бар.

Ал В себетіне 2-сатыдан көрінген Әзірбайжан мен алғаш рет жасақталып, бақ сынайтын Әлем балуандарының құрамасы түсті. Қазақстандық Айдос Сұлтанғали дәл осы, соңғы команда атынан өнер көрсетеді. Қызылордалық спортшы кыркүйекте Сербиядағы Әлем чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақта мажарстандық Кристиан Кечкеметидің осал тұсын тауып, қола жүлдегер атанған-ды. Айта кетейік, бұл топта тағы ӘЧ-да 3-орын алған Сербия болған. Бірақ олар кеше қатыспайтынын мәлімдеді.

Сенбі күнгі (5 қараша) жарыс кестесі:

1-сессия (Баку уақытымен 10:00): Түркия-Иран, Әзірбайжан-Сербия

2-сессия (17:00): Иран-Қырғызстан.

3-сессия (19:30): Түркия-Қырғыстан, Әзірбайжан-Әлем құрамасы (жеңгені финалға шығады)

Аптаның аяғында (6 қараша) әр топтағы үздік құрама өзара кім чемпион екенін анықтаса, 2-орын алғандары қола жүлдені сарапқа салады.

Айдостың қарсыласы кімдер?

Бұл салмақта (60 кг дейін) Әзірбайжан намысын былтырғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, тәжірибелі Мурад Мамедов пен 20 жастағы Нихат Маммадли қорғамақ. Қазақстандықтың бұл балуандардың бірімен күресетіні анық. Егер топтан шығып жатса, келесі спортшылардың кез келгені қарсылас болуы мүмкін: Керем Кемал, Мүкремин Акташ (Түркия), Поуйя Мохаммад Насерпур, Мехди Сейфолла Мохсен Неджат (Иран), Нұрмұхаммет Абдуллаев (Қырғызстан).

Ал Айдостың Әлем құрамасындағы әріптестері:

Нугзари Цурцумия (55 кг, Грузия), Лери Абуладзе (63 кг, Грузия), Джони Хецуриани (67 кг, Грузия), Андрей Кулик (72 кг, Украина), Золтан Левай (77 кг, Мажарстан), Жалғасбай Бердімұратов (82 кг, Өзбекстан), Турпан Әли Бисұлтанов (87 кг, Дания), Кирилл Миленов-Милов (97 кг, Болгария), Мантас Княстаутас (130 кг, Литва).

Әзірбайжандағы Әлем Кубогын Халықаралық күрес федерациясының сайтынан (www.uww.org) тікелей эфирде көре аласыздар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға