Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханды астаналық жанкүйерлері әуежайдан күтіп алды
Қазақстан тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұханды астаналық жанкүйерлері әуежайдан күтіп алды, - деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Чемпионды әуежайдан қала тұрғындары, әріптестері мен өзі туып өскен ауылының азаматтары ыстық ықыласпен қарсы алды. Ризабекпен бірге осы турнирде қола медальға ие болған Азамат Дәулетбековте астаналық жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.
Бөлек сезім бойымды билеп тұр. Халықтың сенімі өзге елде жүргенде сезілгенімен елге оралғандағы қошемет пен қолдаудың орны бөлек екен. Қазақ еліне көп рақметімді айтамын. Ендігі мақсат алда өтетін турнирлер мен олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалып, әлемдік додаларда қазақтың көк туын желбірету, - деді әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан.
Еске сала кетейік, Белградтағы турнирде жауырыны жерге тимеген Ризабек финалда әзербайжандық палуан Осман Нурмагомедовты 5:2 есебімен тізе бүктіріп, еркін күрестен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ балуаны атанды.