Әлем чемпионатының ширек финалында жұдырықтасатындар анықталды
Бүгін Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының ширек финалы басталады. Қазақстанның жеті боксшысы өнер көрсетеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Күндізгі сессияда алдымен 57 келідегі Серік Теміржанов шығады. Ол кубалық Сайдел Ортамен кездеседі. Сосын құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 келі) француз Макан Траоремен жолығады. Күндізгі сессияда тағы бір отандасымыз Нұрбек Оралбай (80 келі) иорданиялық Хуссейн Эйшаиш Ишайшпен жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салады.
Кешкі сессияда Санжар Тәшкенбай (48 келі) жапониялық Кадзума Аратакенің осал тұсын байқап көреді. «Қазақтың Ломаченкосы» Махмұд Сабырхан (54 келі) ганалық Мохаммед Амадумен, тараздық боксшы Дулат Бекбауов (67 келі) мексикалық Мигель Анхел Мартинеспен жолығады.
Бүгінгі кешті Токио Олимпиадасының чемпионы, өзбектің алып боксшысы Баходир Жалолов пен Қамшыбек Қоңқабаев (92 келі) жабады.
Жалпы, ширек финалға Кубадан – 12, Өзбекстан – 11, Ресей – 8, Испания – 6, Франция мен Грузия – 5, Иордания, Тәжікстан, Болгария – 4, Қырғызстан, Үндістан, Бразилия, Армения – 3, Жапония, Венесуэла, Таиланд, Моңғолия, Қытай, Әзербайжан, Замбия, Мексика – 2, Тайвань, Шотландия, Аустралия, Хорватия, Венгрия, Беларусь, Колумбия, Гана, Италия, Австриядан бір боксшы өтті. Қазақстаннан жеті спортшы бақ сынайды.