Жаңалықтар

Әлем әдебиетіндегі марапаттарға ие болатын қазақ жазушысы алдағы онжылдықта шығады - Серікбол Хасан

Әлем әдебиетіндегі  марапаттарға ие болатын қазақ жазушысы алдағы онжылдықта шығады - Серікбол Хасан
Фото: facebook.com/serikbol.khassanov 19.08.2024 18:59 609

Әрине, қазір не көп, кітап дүкендері көп. Іші ығы-жығы адамға толы. Елімізде кітап құмарлардың саны артпаса, кемімегені байқалады. Десе де, қазіргі оқырмандардың, жастардың талғамы өзгерген. Іріктеп, талғап оқиды. Көбінде ғылыми, кәсіби әдебиеттерге бет бұрады. Бірақ әдебиетті де сүйіп оқитындар аз емес. Қазақ жазушыларының шығармалары әлемдік әдебиетпен бәсекеге түсе бастағаны байқалады.

Сондықтан El.kz қазақ әдебиетінің, балалар әдебиетінің қазіргі ахуалы, қазақ жазушыларының шығармалары, әдеби аудармалар туралы балалар ақыны Серікбол Хасанмен сұқтаттасып көрді. 

El.kz:  Қазақ балалар әдебиетінің ертегілерден бастау алады. М. Әлімбаев, Қ. Мырза Әлі, Т. Молдағалиев, Е. Өтетілеуов  өлеңдері нақтылығымен, оқиғалығымен, танымдық мәліметтердің молдылығымен балалар үшін бағалы базарлық болды. Бүгін балаларға арнап қалам тартыптып жүрген ақын, жазулар бар. Соның бірі – өзіңізсіз.  Балалар әдебиетінің жай-күйі қалай?

Серікбол Хасан:  Шынында балалар әдебиетінің бастауы –  халық ауыз әдебиеті. Сол себепті де балалар әдебиетінің алтын қоры халық ауыз әдебиетінде жинақталған. Бесік жыры мен тұсау кесу жырынан бастап, санамақ, өтірік өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтелдер, ертегілер, батырлар жырлары секілді біздің бай мұрамыз бар. Бұрын ата-әжелеріміз балаларға әдебиеттің осы түрлерін оқыту, жаттату арқылы олардың сана-сезімін, ой-өрісін дамытуға тырысқан болатын. Ауыз әдебиетінің бұл түрлері қазіргі бала үшін де қажет. Баланың жас ерекшелігіне сай жұмбақ жасырып немесе жаңылтпаш айтқызып отырса, сәбидің тілі тез шығуына әсер етеді. Ал ертегілер мен батырлар жырына қанығып өскен баланың, қиялы жүйрік болып, болашақ ғалым-өнертапқыш болуына ықпал етері анық.

Сол секілді балаларға арналған жазба әдебиетінің де балдырғандарға тигізер пайдасы мол. Балалар әдебиеті кенжелеу дамушы жанр болғанымен, осы саланың пұшпағын илеп келе жатқан қаламгерлер аз емес. Алдымызда Байбота Қошым-Ноғай, Болат Үсенбаев, Арасанбай Естенов, Толымбек Әбдірайым, Ділдәр Мамырбаева, Ертай Ашықбаев, Есей Жеңісұлы, Қуат Адис секілді балалар әдебиетінің үлкен буыны бар. Кейінгі жылдары балалар әдебиетіне бір шоғыр жастар келіп қосылды. Ернұр Сейдахмет, Олжас Қасым, Рүстем Сауытбай, Зәуре Төрехан, Мейіржан Жылқыбай, Азамат Әбілқайыр, Еділбек Дүйсенов секілді жастар да бүгінгі балалар әдебиетінің қоржынын толықтыруға атсалысып жатыр. Байқасаңыз, қазір кітап дүкендерінде де балалар әдебиетінің үлесі аз емес. Соған қарағанда бүгінгі қазақ балалар әдебиетінің қарқыны жаман емес секілді.

El.kz:  Қазір бұрынғыға қарағанда баспалардың саны көбейді. Қаражат табылса, кітап шығару қиын емес. Балалар әдебиетінің сапасы туралы сөз етіп кетсеңіз?

Серікбол Хасан: Баспалардың саны көбейгенімен балалар кітаптарын шығаруға көбі дайын емес. Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі – балалар кітабын шығару проза, поэзия секілді кітаптарға қарағанда қымбатқа түседі. Себебі балалар кітабы суретті болуы керек. Ол дегеніңіз жақсы иллюстратор табуыңыз қажет. Ал жақсы иллюстратор өз еңбегін жақсы бағалайтыны екібастан белгілі. Өкінішке қарай баспаларда иллюстратор еңбегі қарастырылмаған. Екінші мәселе – балалар кітабының форматы. Байқасаңыз, қазір шетелдік кітаптар мұқабасы қалың, мазмұны қысқа болып, көлемі үлкен кітап болып шығады. Ал мұндай кітап шығару айналып келгенде кітаптың баспаханада басу бағасын көтеріп жібереді. Біздегі мемлекеттік тапсырысқа тәуелді баспалар мұндай мазмұны қысқа, қалың кітаптарды шығаруға құлықсыз. Себебі, мемлекет авторға қаламақыны шығармасының көлеміне қарап береді. Яғни мұндай бір кітапта әрі кетсе 20 өлең немесе 10 әңгіме басылуы мүмкін. Бұл авторға да, баспаға да тиімсіз. Сондықтан балалар кітаптары мемлекеттік тапсырыс бойынша жарыққа шыққанда оған берілетін қаламақы көлемін қайта қарау керек. Бұны айтып келе жатқанымызға, талай жыл болды. Бірақ баяғы жартас сол жартас.

Балалар әдебиетінің сапасы туралы кішкентай оқырман айтқан дұрыс шығар. Себебі балалар әдебиеті сан-салалы жанр. Бір балалар ертегі оқығанды жақсы көреді, тағы біріне комикстер ұнауы мүмкін. Фэнтези жанрындағы шығармаларды сүйіп оқитын балалар бар. Енді бір бүлдіршіндер өлең жаттағанды ұнатады. Кім қай жанрды оқыса да, балалар кітаппен сырлас болғаны дұрыс. Қазіргі балалар өте талғампаз. Сапасыз шығармалар уақыт өте келе табиғи түрде ығыстырылады. Ал өміршең шығармалар қанша буын алмасса да, оқырманын бәрібір табады. Мысалы, биыл 100 жылдығы тойланғалы жатқан балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақпаевтың әңгіме-хикаялары – нағыз өміршең шығармалар.

El.kz:  Кітап дүкендерінде балалар әдебиеті қазір ең өтімді әдебиеттердің бірі. Көбінде бестселлер шетелдік әдебиеттер қазақша айдарылып жарық көріп жатыр. Қазақтың балалар жазушылары бұларға қаншалықты бәсекелес бола алады?

Серікбол Хасан:  Шетелдік әдебиеттер қанша бестселлер болғанымен, қазақ баласының қажетін толық өтей алмайды. Себебі біздің өз дүниетанымымыз бар. Соған сай шығармалар күтеміз, сондай шығармалардан ләззат аламыз. Әрине, бұл шетелдік шығармаларды оқымау керек деген сөз емес. Алайда шетелдік шығармаларға ғана байланып, төл әдебиетін тәрк етпеу керек. Біздің балалар қаламгерлерінің де жақсы шығармаларымен көрініп жүр. Мәселен, Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлем», Pәуре Төреханның «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты», Зира Наурызбаева мен Лилия Калаустың «Бату мен достарының алтын тостағанды іздегені» деген фэнтези шығармалары шетелдік шығармалардан кем емес. Біздегі кемшілік – кітап насихатының кемдігінде. Егер біз де шетелдіктер секілді кітап насихатын жолға қоя алсақ, онда біздің балалар әдебиеті біршама биікке көтерілер еді. Сосын шетелдік шығармалардың танымал болатын тағы бір себебі – оларда баспа нарығы, әдеби агент жұмысы жолға қойылған. Әдеби агенттер мен баспалар – авторға тәуелді. Олар өздеріне табыс әкелетін шығарма тудыра алатын авторды іздеп, соған қаржы салады. Ал бізде басқаша, ескіше. Біздегі балалар әдебиетінің тағы бір кемшін тұсы – осы.

El.kz:  Қазақ әдебиетінің дамуына қалай баға берер едіңіз? Дәуірдің тынысын дәл суреттеп бере алатындай жаңа шығармалар жазылып жатыр ма? Қазіргі кезде қазақ әдебиетінің алған бағыты жөнінде не айтар едіңіз?

Серікбол Хасан: Қазақ әдебиеті ғана емес, жалпы әлем әдебиеті қазір бір өтпелі кезеңде секілді. Әлемде кейбір жанрлар жоғалып, жаңа жанрлар өмірге келіп жатыр. Поэзия оқырманын жоғалтып, проза төрге озғандай көрінеді. Қазақ әдебиеті де сол секілді өзгеріс уақытына тап келгендей. Мәселен, қазір баллада, мысал жанрларында жазылған шығармаларды таппайсыз. Балалар әдебиетінде де солай, жұмбақ, жаңылтпаш жанрлары жаңадан жазылмай жатыр. Балалар әдебиетіндегі мазақтама жанры да жойылу алдында тұр. Себебі қазіргі заман тілімен айтқанда, бұлай жазу – дискриминация.

Әрине, жаңа заманның жаңа шығармалары да жоқ емес. Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Абай Аймағамбеттің «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда», Мақсат Мәліктің «Абыл мен қабыл», Ырысбек Дәбейдің «Жошы хан», Ерболат Әбікенұлының «Министр» секілді шығармалары қазақ прозасының бағыты жаман емес екенінің дәлелі секілді. Шүкір, қазақ прозасы қазір біршама жоғары деңгеге көтерілді. Келешекте Нобель секілді әдеби сыйлықтарды қазақ жазушылары еншілейді деген сенімім де жоқ емес.

El.kz: Қазақ әдебиетінің әлем әдебиетінен басты айырмашылығы неде? Кемшілігі мен артықшылығы қайсы?

Серікбол Хасан: Әлем әдебиетінің басты артықшылығы аудармада деп ойлаймын. Көп таралыммен шығады, шет тілдеріне аударылады. Ол шығарма жайында да, шығарма авторы жайында да көптеген насихат жұмыстары жүргізіледі. Шет елдерде әр шығарманың немесе автордың артында әдеби агенттік жұмысы көрінеді. Біздегі бір кемшілік – қазақ туындыларының шет елдерге сапалы аударылмауында секілді. Әйтпесе кешегі Әбіш Кекілбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов секілді ағаларымыз бен бүгінгі Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдік секілді жазушыларымыздың шығармалары шетелдік жазушылардың шығармаларынан бір мысқал да кем емес. Мәселе қазақ жазушыларының шет елдерге дұрыс насихатталмауында, туындыларының өзге елдерге сапалы аударылмауында секілді көрінеді.

Ал артықшылығы – қазақтың құнарлы тілі бар. Қазақ дүниетанымында, өмір тіршілігінде шетелдік оқырмандарды қызықтары алатын мол қазына жатыр. Соны шеберлікпен суреттеп, шетелдік оқырманның талап-үдесінен шыға отырып ұсына алсақ, қазақ әдебиеті де әлем әдебиетінен өз орнын айшықтар еді.

El.kz:  Қазақ поэзиясында қандай құбылыстарды байқадыңыз?

Серікбол Хасан: Қазіргі қазақ ақындарының қатары қалың. Қазақ поэзиясында да әртүрлі жаңашылдықтар бар. Бірақ өзіме бұрынғы Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов секілді ақындардың өлеңдерін қайталап оқыған ұнайды.

El.kz:  Жастар арасында ақын, жазушыларымыздан жаңашылдық байқай алдыңыз ба?

Серікбол Хасан: Сұрақтарыңыз балалар әдебиетінің аясынан шығып, үлкен әдебиетке қарай ауысып бара жатқан секілді. Балалар қаламгерлері туралы айтсам, жаңашыл жастар бар. Бірқатарының есімін жоғарыда атап өттік. Дегенмен балалар қаламгерлеріне көбірек ізденіс керек. Ескі мен жаңаның арасынан жол тауып, қазіргі зета, алфа ұрпақтардың да сұранысын қанағаттандыратын заманауи шығарма керек, жаңа кейіпкер қажет. Балалар әдебиетінің қазіргі бағытына қарасақ, бұл күнге де қол жеткізуге аз қалған секілді.

El.kz: Әдебиет адамды түзейді деген сенім бар. Сіздің ше, әдебиет адамға не береді?

Серікбол Хасан: Түсінген адамға әдебиеттің тигізер пайдасы көп қой. Балалар кітап оқыса, тілі түзеледі, сыни ойлау қабілеті қалыптасады. Ақ-қараны айыра алады, көп ішінен көзге түседі, интеллектуалды қабілеті ашылады. Сол секілді әдебиеттің үлкендерге де шаш-етектен пайдасы бар. Кітап оқыған адам сөзімен, ісімен көпті өзіне ұйыта алады. Бұл – қазіргі қоғамдағы ең қажет нәрсе. Сені басқалар елесін, тыңдасын десең, кітап оқы!

Кітап қиын сәтте тығырықтан шығар жол табуға көмектеседі. Мәселен, сен бір роман оқыдың делік. Сол романдағы кейіпкерлердің қателігінен сабақ аласың. Сол секілді бас кейіпкердің жетістікке жету жолындағы тынымсыз еңбегі мен жиған тәжірибесі саған да үлгі болады. Әйтеуір өмірдің бір сәтінде әдебиеттен оқыған бір дүние міндетті түрде көмекке келеді.

Әдебиет оқыған адамның талғамы қалыптасады. Бұл өмірде ненің маңызды, ненің қажетсіз екенін ажырата алады. Соған сай өмірін де өзі қалаған бағытқа өзгертеді. Яғни кітап өмірде дұрыс таңдау жасауға көмектеседі. Өткенде әлеуметтік желіде бір әйел «Кітап оқыған адам кедей болады» деген пікір айтып, қоғам назарын өзіне аударды. Ол кісінің пікірін қандай мақсатта айтқанын білмеймін, бірақ кітап оқыған кісі – рухани бай адам. Әсіресе көркем әдебиет оқитын адамның мінезі де көркем болады. Кітап оқыған кісі адам ажырата алады. Иә, кітапты көп оқитын кісі кімнің өтірік алдап тұрғанын, кімнің шын айтып тұрғанын ажыратады. Сондай бір қасиет адамға кітап арқылы келеді.

El.kz:  Бізден де Мураками, Памук секілді Нобель сыйлығына лайықты, бестселлер жазушылар қашан шығады?

Серікбол Хасан: Алдағыны Алла біледі. Дегенмен алдағы онжылдықта әлем әдебиетіндегі жоғарғы марапаттарға ие болатын қазақ жазушылары шығатын секілді.

El.kz:  Қазір ақпараттық технологиялардың заманы. Тік ток пен инстаграмм заманы. Журналистер жұмыссыз қалатын түрі бар. Мақаланы комьпютер жаза бастады. Ал әдебиеттің болашағын қалай елестетесіз?

Серікбол Хасан: Технология қанша дамығанымен әдебиеттің орнын баса алмайды. Әрине, ЖИ (жасанды интеллект) арқылы жазылып жатқан әдеби шығармаларды жоққа шығаруға болмас. Алайда ЖИ жазушының орнын басады деп ойламаймын. Талғампаз оқырман ненің ақиқат, ненің жалған екенін бәрібір тап басып таниды. Технология алға озса да, адамзат одан да жалығады. Келешекте адамзат қайтадан өзінің байырғы кітап оқу мәдениетіне қайта оралады.

 El.kz:  Әдебиет сүйер қауым, оқырмандар азайып келе жатқаны әлемдік құбылыс екен. Біздегі жағдай қалай?

Серікбол Хасан:  Әлемдегі бар құбылыстан біздің қоғам да алыс кете алмайды. Бізде де әлеуметтік желілер жастарға кітап оқуға мұрша бермей жатқаны жасырын емес. Әлеуметтік желілер адамзаттың көп құндылығын өзгертіп жіберді. Көлемді шығармаларды оқуға адамның сабыры жетпейтін болды. Соған сай әдеби шығармалардың да көлемі қысқарып келе жатыр.

Сосын қазір прозалық, публицистикалық кітаптар алға озды. Әсіресе публицистикалық шығармалардың айы оңынан туып тұр. Бұл солай болуы тиіс үдеріс. Дегенмен көптің сұранысы солай екен деп, баз кешіп кетуге болмайды. Әркімнің талғамы деген бар. Өлең оқу сиресе де, ақындарымыздың қатары сиреген жоқ.

Әлемдегі құбылыс күнде өзгереді, бірақ әдебиет өзгермейді. Біздің кейбір жазушыларымыз «ең үздік шығармамды әне жазам, міне жазам» деп уақытын өткізіп алады. Үздік шығарма жазудың қажеті жоқ, жақсы шығарма тудырыңыз. Сол шығарма кейін белгілі бір уақытта үздік шығармаға айналып кетуі мүмкін.

El.kz: Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға