Александр Бублик алғаш рет Уимблдонның төртінші айналымына өтті

Александр Бублик өз мансабында алғаш рет Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 170-орында тұрған германиялық Максимилиан Мартерермен шеберлік байқасып көрді.
Бірінші партияда брейк жасаған Бублик сол басымдылығынан айырылған жоқ - 6:4. Екіншісінде қарқынын тіпті үдетті - 6:1 есебімен аяқталды.
Ал үшінші сетте тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 7:6 (7:4).
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта отандасымыз 10 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана алды.
Александр Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 7-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублев немесе рейтингте 123-сатыдағы бельгиялық Давид Гоффен жұбының жеңімпазымен кездеседі.
