Жаңалықтар

Алдар көсе

Алдар көсе – қазақ сатиралық ертегісінің кейіпкері. Бұл бейне қазақ пен қырғызда бар, сонымен бірге түрікменнің бірен-саран сюжетінде кездеседі.
26.08.2014 10:28 54691

Алдар көсе

Алдар көсе – қазақ сатиралық ертегісінің кейіпкері. Бұл бейне қазақ пен қырғызда бар, сонымен бірге түрікменнің бірен-саран сюжетінде кездеседі. Демек, Алдар көсе қазақ фольклорына тән төлтума бейне деуге негіз бар. Түрік халықтарына ортақ әйгілі кейіпкер Жиренше шешен Жәнібек ханға ақыл айтушы дана би кейпінде ғибратты сипатта көрінеді. Айлакер, қу, әккі Алдар көсе образы хандық билік жойылғаннан кейін қара бұқара арасында әлеуметтік жағдайдың шиеленісе түсуіне байланысты күресуші тип сипатында қалыптасқан. Алайда осы образдың терең қатпарында алғашқы қауымдағы мифологиялық түсініктердің ұшқыны бар екенін С.Қасқабасов пен Е.Тұрсынов еңбектерінде айтылады. Айталық, Алдар көсенің сайтанмен сапарлас болуы, олармен дауласқанда әлемнің жаратылған мезгілі туралы куәлік айтуы, Жиренше шешенге «Жер ортасы Көк төбе» екенін баян етуі, яғни космостың пайда болу тақырыбы туралы таласқа түсуі осы қаһарманның арғы тегі мифологиядағы трикстер бейнесімен іліктес қалыптасқандығын көрсетеді. Байырғы мифологиядағы жасампаз қаһарман орнатқан тәртіп пен қағидаға қарсы әрекет етуші трикстердің кейбір кереғар мінезі мен қызметтері уақыт өте келе сатиралық ертегінің қаһарманына тасымалданып, әккі, қу, айлакер Алдар көсе бейнесінің түптөркіні ежелгі дүниетаныммен әу баста тіндес қалыптасқандығын айтады.

Әйткенмен, сатиралық ертегінің бас кейіпкері ретінде Алдар көсе бейнесі хандық дәуір ыдырағаннан кейін жаңаша түлеп қалыптасқаны, желілі әңгімелердің арқауына айналғаны аңғарылады. Оның есімі туысқан халықтарда болмауының өзі осы кейіпкердің түрік бірлігі дәуірінде кең тарала қоймағандығын меңзейді. Сатиралық жаңаша тип Алдар көсе әлсіздерді жақтаушы, ел үстінен күн көруге машықтанған жеменқор саудагерлер мен дүмше молдаларды, сараң байларды аямай алдап соғып, әжуалап, келеке етуші ретінде баяндалады. Ол қалтыраған қараулығымен даңқы шыққан Шық бермес Шығайбайдың танауын тасқа тигізеді, өз атын өзіне сойғызады, әлпештеп отырған қызын тегін алып кетеді. Алдар көсе туралы жиынтық әңгімелерде әлсіз халықтың әрдайым уытты күлкіні жуандарға қарсы жұмсайтын өткір құрал еткені анық көрінеді. А. көсені кейде оның шәкірті Қу бала жеңіп кетеді, демек бұл бейне өміршең мәнге ие болған, циклденіп, ширай түскен. Тарихта болған әрбір өңірге тән қулар Алдар көсеге еліктеуден, іс-әрекетін жаңғыртудан туған деуге болады. Оларға Тонтай, Битай, Құлақай, Битан, Шитан, Таңдайбай секілді қуларды жатқызуға болады.

Әдеб.: Турсунов Е. Генезис казахской бытовой сказки. Алма-Ата: Наука, 1973; Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. Алматы: Ғылым, 1984; Өлген қазан. Құраст.: К.Сейдеханов. Алматы: Жазушы, 1985; Абай әзілдері. Құраст.: С.Қорабай, А.Қадырбаева. Алматы: Ғылым, 1995; Тойшанұлы А. Түрік-моңғол мифологиясы. Алматы: Баспалар үйі, 2009.

 

 «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға