Жаңалықтар

Алдағы сайлау Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы - Тоқаев

Президент партиялардың азаматтық қоғамның басты тірегі болуға тиіс екенін атап өтті
Алдағы сайлау Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы - Тоқаев
Фото: Ақорда 26.01.2023 10:13 1785

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Сенатының отырысындағы сөзінде айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Жақында ғана Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқаны өз жұмысын бастады. Бұл негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы болмақ. Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшіп жатырмыз. Барлық әлеуметтік топтың мүддесін қорғау тұрғысынан мұның мәні зор. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді.

Соңғы жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру Қазақстанда партия құру ісіне тың серпін берді. Ұзақ уақыттан бері елімізде алғаш рет бірнеше жаңа партия ресми түрде тіркелді. Аталған деректі аралық қорытынды ретінде атап өтуге болады. Бұл – алға қарай жасалған маңызды қадам», - деді Президент.

Президенттің айтуынша, партиялар азаматтық қоғамның басты тірегі болуға тиіс.

«Саяси жүйені орнықты дамыту ісінде партиялар маңызды рөл атқарады. Осы орайда, елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс. Сондай-ақ, мемлекет тұғырын нығайту және ел бірлігін сақтау мәселесін бәрінен биік қоюы керек.

Партиялар азаматтық қоғамның басты тірегі болуға тиіс. Жұртшылықтың талап-тілегіне жете мән беріп, жүйелі жұмыс жүргізуі қажет. Өз бағдарламасын заңды жолдармен іске асыруы керек. Саясаткерлердің жаңа шоғырын қалыптастырып, оларды елге таныту да маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Президент алдағы сайлаудың маңызды екенін атап өтті.

«Салмақты саяси күштер халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, нақты мәселелерін шешуге ерекше назар аударады. Әлеуметтік маңызы бар идеялар мен бастамаларға барынша көңіл бөледі. Еліміздегі партиялардың көпшілігінде мемлекетшілдік ұстаным бар. Бұл – жақсылықтың нышаны.

Жұрт жақында өз таңдауын жасайды деп сенемін. Алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата заңға енгізілген өзгеріске сәйкес Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді.

Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға