Алдағы күндері -33 градусқа дейін күн суып, боран соғады
Бұл туралы «Қазгидромет» мәлім етті
Алдағы үш күнде елімізде күн күрт суытып, боран, көктайғақ болады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«Болжам жасағанымыздай, атлантикалық циклон мен жауын-шашынға, әсіресе қар жаууына себеп болатын атмосфералық ағындар біртіндеп шығысқа қарай ауысып жатыр. Соның салдарынан ел аумағында ауа райы құбылмалы болады, Қазақстанның шығысында – қалың қар, оңтүстігінде – жаңбыр мен қар, таулы аймақтарда мол мөлшерде жауын-шашын түседі», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Республика аумағында боран, көктайғақ, батысы мен оңтүстігінде тұман болуы мүмкін. Бірақ синоптиктердің болжамы бойынша, 7 қаңтарда елдің батысынан суық арктикалық антициклон жылжи бастайды да, біртіндеп жауын-шашын тоқтайды. Содан кейін ауа температурасы әуелі батыста, кейін елдің басқа аймақтарында күрт төмендейді.
Термометр бағаны елдің батысы мен орталығында минус 20-28 градусқа дейін төмендейді, солтүстік-батыс, солтүстікте 25-33 градус, шығыста 5-13, оңтүстікте 0-10 градусқа дейін аяз болады.
