Жаңалықтар

«Албастыны» басу

Бұндай жағдайлар қазақтардың көз алдына қалыптағыдан өзгеше көрінгендіктен, олар бұған басқаша қарайды. Қазақтардың пікірінше, жүкті әйелдің бұл жағдайдағы қиналысын Албасты немесе Марту басу, не Жалмауыз кемпірдің азаптауларынан туындайды.
19.08.2014 04:17 5050

«Албастыны» басу

Қазақтарда жүкті әйел тіпті өзінің жүктілігінің соңғы күніне дейін жұмысын жалғастыра береді. Мықты дене бітімінің болуы және нәзіктіліктің жоқтығы көптеген жағдайда қазақ әйелдеріне барлық ауыртпалықты көтеруге көмектеседі, бірақ кей жағдайда әрине әйел қатты жапа шегіп, үй жұмыстарын орындай алмайтын халге жетіп, ұстамалы ауруларға да ұшырайды. Бұндай жағдайлар қазақтардың көз алдына қалыптағыдан өзгеше көрінгендіктен, олар бұған басқаша қарайды. Қазақтардың пікірінше, жүкті әйелдің бұл жағдайдағы қиналысын Албасты (албасты - жын-шайтан, басу - тұншықтыру) немесе Марту басу, не Жалмауыз кемпірдің (қомағай әйел) азаптауларынан туындайды. Бұл адамдарды, жылқыларды, тіпті киіз үйді ішіндегілермен толықтай жұтып алатын финдік Шьеттар-аккаға ұқсас мифтік құбылыс. Оның міндеті: жер жүзінде жауыздық жасау. Міне, босанатын әйелдің оның зиянды ықпалына ұрынып жататындығы сондықтан.

Босануды мүмкіндігінше жеңілдету үшін әйелдер алдын-ала барлық аурулардан аластайды деп есептеп, молдалардан тұмарлар алып жатады. Әдетте, бұл тұмарлар бір нәрсеге тігіліп, мойынға тағылады және молданың кеңесі бойынша ауру олардан қағазға жазылған дұғаны алып, шыны аяқтағы суға араластыра отырып, қасиетті сөз жазылған сия ауруды жояды деген сеніммен ішеді.

Кей жағдайларда қазақтар ескі салт бойынша қойдың бір тілім майын отқа тасайды да, ол жанып біткенше Құдайға сыйынып, босанатын әйелді азаптан құтқаруды өтінеді. Егер ауру талып жығылса, Албасты босанатын әйелдің денесіне енген деп есептеледі. Қара күштерді одан қуып шығару үшін бастапқы кезде ауру адам жатқан киіз үйді таяқпен сабалайды. Содан кейін оның өзін де таяқпен бірнеше рет ұрады. Егер бұл әдіс көмектеспесе, онда аурудың қарынын айнала арқанмен буып, екі адам қатты қысып буады және сол уақытта жүкті баласын тастайды.

Ал егер әйелдің денесіне Албасты кірмеген болса, оған босануға рұқсат етілген. Ертеректе қазақ әйелдері киіз үйдің ішінде керілген арқан жіпке таянып тұрып босанған. Ол кезде акушердің рөлін оған дейін бірнеше әйелді босандырған тәжірибелі әйелдер атқаратын болған. Әйел босанысымен сол сәтте қой сойылып, оның мойын омыртқасын киіз үйдің көрнекті жеріне 40 күндей іліп қояды. Бұл дүниеге келген сәбидің мойны беку үшін және қойдыкі сияқты мықты болу үшін істелінеді. Сойылған қойдың майы отқа тасталып, Құдайдан жаңа босанған әйелді жын-шайтаннан құтқаруды өтінеді. Егер жын-шайтандар кетпесе, бұған қарсы мынадай шаралар қолданылады: 1) табыннан көзі ақ түсті үлкен жылқыны әкеліп, киіз үйге кіргізеді де, таза емес жын-шайтанды қорқыту үшін жылқының танауын аурудың омырауына жақындатады; 2) даусы арқылы жын-шайтанды қуады деген сеніммен үкіні әкеліп, күшпен шыңқылдатады. Қазақтардың бұған сенгендігі сонша, өздерінің балаларын жын-шайтанның ыпқалынан сақтау үшін бас киіміне үкінің қауырсынын тағады не киіміне тігіп қояды; 3) қара күштер бүркіттен қорқады деп есептеп, оны босанған әйелдің үстіне отырғызады; 4) сауысқанды сойып, оның майын науқасқа ішкізеді; 5) аурудың жалаңаш денесіне жын-шайтанды шаншиды деп шеңгел тастаған немесе жын-шайтан оның иісінен қорқады деп есептеп, шеңгелдің түтінімен ауруды аластатқан; 6) жын-шаутандар жалаңаштанған қылышты көріп, қорыққандықтан ауруда тастап кетеді деген болжаммен аурудың бас жағына жерге қылыштың өткір басын қадаған; 7) бақсыны шақыртқан, ол киіз үйге жүгіріп кіріп ауруға тап беріп, оның бойындағы жын-шайтанды қуу үшін таяқпен ұра бастайды.

"Қазақ халқының дәстүрі мен әдет-ғұрыптары" / құраст. С. Е. Әжіғали;

Алматы : Арыс, 2006. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға