Жаңалықтар

Албасты

Албасты – байырғы қазақ демонологиясындағы әйел жынысты қаскүнем рухтың атауы.
26.08.2014 10:00 11996

Албасты

Албасты – байырғы қазақ демонологиясындағы әйел жынысты қаскүнем рухтың атауы. Көбінесе, әйел бейнелі болып келеді. албасты әсіресе, толғақ үстіндегі әйелдің маңайында жүреді. Сондай-ақ, бейсауат, жалғыз-жарым жүрген адамға үйір. Зираттардан және ораза ұстап, намаз тұтқан адамнан қорқады. «Албасты қабаққа қарап басады» деген қазақтың сөз орамы албастының иманы кеміс адамға үйірсек келетіндігін меңзейді. Қазақта «албасты басты» деген ұғым «тәубасынан жаңылды, иманынан айрылды» дегенді білдіреді. албастыны «марту» деп те атайды. Қазақтардың дәстүрлі дүниетанымы бойынша, ол көбіне аузына әйел өкпесін тістеген түлкі, ұзын емшектері жерге тиген ешкі, басы үлкен мақұлық немесе қаншық ит бейнесінде әрекет етеді-мыс. А.Е.Алекторовтың жазбаларында айтылғандай, ертеде қазақтар әйел босана алмай, толғағы ұзаққа созылып, көп қиналса, оны албасты басты деп есептеген. Сондықтан, әйел бойындағы мартуды қуу керек деп қошқарды әйел жатқан үйге кіргізіп, оны сойғаннан кейін, малдың төс жүнін үйітіп, түтінмен әйелді аластаған. Себебі, албасты түтіннен қорқып, қашады-мыс. Егер, онда да әйел толғағы жеңілдемесе, түрлі шөптен жасалған дәрілер ішкізіп оқытып, албасты-ды қуатын әрекеттер жасайды. Көпті көрген қарт аналардың айтуынша, әйел босанып болғаннан кейін де оны ұйықтатуға болмайды. Себебі, пәк нәрестеге, жаңа босанған анаға жын-шайтан үйір келеді. Егер әйел ұйықтап қалса, оны албасты басып, жын-қағып кетеді-мыс.

«Албасты басқан» әйел өз шашын өзі жұлып, түсініксіз сөздер айтып, сандырақтайды. Мұндайда әйелдің сыртқа шығуына тыйым салады (А.Е.Алекторов). Қазақтардың дәстүрлі демонологиясы бойынша, албастының мартудан басқа толып жатқан түрлері болды. Ш.Уәлиханов ескі қазақ түсінігіндегі албастыны былайша суреттейді: «Албасты – әйел босанғанда қастандық қылатын жын. Оларды кейде жезтырнақ деп те атайды. Албастылардың басшылары сөрел деп аталады: оның бойы 3 құлаш, кеудесі тар, аяқтары жіңішке, тұяғы жұқа болады. Сөрел орман адамы, кейбір әңгіме бойынша, ол жезтырнақтың ері (күйеуі); кейбір ертектер бойынша, ол әртүрлі кейіпте болады. Сөрел мүлгіген қалың орманды мекендейді, түрі адам сияқты. Оның бойы ұзын ағашпен бірдей. Ол адамды қытықтап өлтіреді, орыстың орман адамы тәрізді».

Қазақтарда еркек албасты бар деп сенушілік жайлы да кезінде Ш.Уәлиханов жазған. Сонымен бірге қазақтар албасты тіпті, адам бейнесі түгіл, хайуан кейпінде де көрінеді деп санаған. албастыны сары албасты және қара албасты деп, екі топқа бөлінеді екен. Сары албасты өте қу болады, адамды кездескен кезінде «енді саған жоламаймын!» деп алдайды да, өзі қайтадан қастандығын істей береді. Ал, қара албасты әлдеқайда күшті және қауіпті. Оның істеген зұлымдығын жою қиын. Қазақтың «Қара бассын!», «Қара басқыр!» деп қарғауы я болмаса «Не қара басты?» деуі қара албастыға байланысты түсінікке негізделген болу керек. Жын-шайтан сары қыз бейнесіне енеді деп есептеу жоғарыда аталған сары албасты туралы түсінікке байланысты болуы ықтимал.

Қазақ дәстүрінде албасты, марту басып ауырған әйелді бақсының көмегімен емдеген. Бақсы қобызын алып, оңды-солды секіріп, ауырған әйелді қамшымен қағып, зікір салады. Сонан соң, Құран дұғаларын оқып дем салынған суды әйелге ішкізеді. Ел ішінде осы бақсы емінен кейін ауруынан айығып кеткендер болған. Ауруынан айыққан әйелді көпке дейін жалғыз қалдырмаған және қайталап ауырмасын деген ниетпен үш жыл бойы құстар келер және қайтар кезде бақсыға дем салдырып, арнайы дем салған суды ішкізіп отырған.

Албастының тағы да бір түрі – кісі тектес бүкіл денесін түк басқан мақұлық (гуманоид). Албасты негізінен иен далалары және таулы, ормандарда кездеседі. Қазақтар оны кісікиік деп те атайды. Албасты бойы адам бойындай, қос аяқты, тік басып жүреді. Шөпті, етті талғамай жейді. Сонымен албасты атауы «мысы, күші, жыны басып, арқасы ұстайтын, арбап алатын қасиет»; «бір нәрсені үрейлендіріп, қорқытып өзіне бағындырып алған адам»; «сүйкімсіз, сұмпайы, жексұрын, оңбаған адам»; «зұлымдық, жауыздықтың көзі» сияқты мағыналарды білдіреді.

Әдеб.: Этнографические очерки Киргизского народа // РТ. М., 1872. Вып.2; Демонологические рассказы киргизов. Собранные и переведенные М.Миролиевым // ЗИРГО. Т.Х. Вып.3. 1888; Этнографические очерки киргизов Перовского и Казалинского уездов. Сочинение Х.Кустанаева воспитанника ІV класса Туркестанской учительской семинарии под ред. Н.албастыВоскресенского Ташкент, 1894; Диваев албасты Баксы// Этнографические материалы. Вып.V. Ташкент, 1896; СМССДО. Том V. Ташкент., 1896; Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в 5-ти томах. Т.1. Алма-Ата: Наука, 1961.

 «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға