«Алаяқтарға алдандым» деген Жұлдыз Әбдукәрімованың ақиқаты қандай?
Бүгін танымал актриса, көпбалалы ана Жұлдыз Әбдукәрімованың қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтті. Актриса алаяқтардың арбауына түсіп, жалғыз баспанасынан айырылғанын, сот шешімінің нәтижесіне көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол сондай-ақ сот барысында елеусіз қалған басқа да мәселелерге тоқталды.
Еске сала кетсек, 2021 жылы Жұлдыз Әбдукәрімова «TUMARGrandVillage» құрылыс компаниясынан үй алғанын хабарлаған болатын. Актриса аталған құрылыс компаниясының негізін қалаушы Диляра Тәжімбетовамен коттедж салуға келісімшартқа отырып, екі жыл құрылыстың аяқталғанын күтеді. Алайда Диляра Тәжімбетова берілу керек болған жерді басқа бір кредиттік ұйымға кепілдікке қойып, Жұлдыздың пәтерін құжат бойынша өзге адамға сатып жібереді.
сурет: El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
Жәбірленуші ретінде Әбдукәрімова заңгерлердің көмегіне сүйеніп, пәтерін қайтарып алу мақсатында, аудандық, содан кейін қалалық сотқа жүгінеді. Екі соттың шешімі де жәбірленушінің пайдасына шешілмей, пәтер де, құрылыс компаниясы салып беруі тиіс болған коттедж де қайтарылмады.
Актрисаның сөзінше, мұндай алаяқтар бүгінде екі есеге өсіп отыр.
«TUMARGrandVillage» құрылыс компаниясының басшыларының бірі Диляра Тәжімбетова менің сеніміме кіріп, TUMARGrandVillage коттедж қалашығынан жер үй салып беруге уәде береді. Алдымен қалашыққа барып, жерді көрдім. Ол кезде бұл жерде құрылыс қарқынды жүріп жатты. Сол жердегі біраз үйлердің де салынып қойғанын байқадым. Маған көрсеткен құжатта барлығы дұрыс сияқты көрінді. Мен сонымен осы жерден жер үй аламын деп шештім. Алайда менің артық қаражатым болмағасын, өзім тұрып жатқан үйімді автотұрағымен сатылымға шығардым. Сатылымға шыққан бетте Диляра маған хабарласып, не істейтінімді сұрады, – дейді актриса.
Осы кезде Жұлдыз үйі өткен уақытта қаражатпен аталған компанияға барып, үйді алатынын айтады. Арада екі апта уақыт өткесін, Диляра хабарласып, өзінің құрбысы Астана қаласынан пәтер іздеп жүргенін айтып, актрисаның сатылымға шығарған үйінің фото-видеосын сұрайды.
Арасында бір-екі клиент келіп көріп кетеді. Сол екі аптада Диляра қайта хабарласып, менің бауырым Әбілхан былтырдан бері шұғыл түрде пәтер іздеп жүр. Сіздің үйіңіздің суретін көрсетіп едім, бірден ұнатып қалды, бүгін келіп көрсек бола ма деп сұрады. Мен әрине, келіп көріңіздер, бірақ мен алыңыздар деп сіздерді күштемеймін дедім. Сол кеште Әбілханның әйелі үйімді көреді, артынша Диляра пәтерімді жер үйге ауыстыру туралы ұсыныс тастады. Арада ақша болмағандықтан, кішігірім мәміле болу керек қой. Маған Диляра ақшаны қолма-қол алдым деп пәтерді бауырымның атына нотариус арқылы жазып бересіз деді, – дейді Жұлдыз.
Алайда актриса бұлай жасай алмайтынын, екеуарада ақшаның өткені жөнінде бір чек болуы керегін айтады. Бірақ Диляра ешқандай да чектің қажет емес екенін, үйді алты айдан кейін ала алатынын жеткізеді.
Алты ай күттім. Одан 2023 жылы тағы үйімнің не болып жатқанын сұрадым. Ол компанияда аздаған дағдарыс болып жатқанын, сәл шыдай тұруымды өтініп, бір-екі айда салып береміз деді. Осылайша екі апта-екі апта деп жүріп, міне, қазір 2024 жыл болыпты. Биыл жылдың басында Диляраға үйді күтпей-ақ қояйын, өзімнің пәтерімді қайтарып бер деймін. Негізі 2023 жылдың соңында мен оған жер үйді қайтар немесе өзім барып, жөндеу жұмыстарын жасап, сол жерге көшіп барайын деген кезде де ол келіспеді, – дейді Әбдукәрімова.
Осылайша 2024 жылдың басында актриса Диляра үйдің керек емес екенін, енді пәтерді қайтарып беруін айтады. Сол уақытта Диляра Жұлдызға пәтердің кепілде тұрғанын жеткізеді.
Мен қалай кепілде тұр десем, ол өйткені сенің үйіңді салу керек деді. Бірақ менің үйімді салып берген жоқ. Сөйтіп мен жан-жақтан сұрастырып, іздестіре келе мынандай фактілерді көзім шалды. Менің жер үйім аграрлық несие корпорациясында кепілде тұр. Үй менің атымда емес екені белгілі болды. Сол кезде қалай бұл жерді маған өткізіп жібергені белгісіз болды. Демек, Диляраның бұл алаяқтықтық ісі. Ол маған Жұлдыз, сенің осы жер үйіңді сатайықшы. Үйді сатып, сол ақшаға басқа үй аласың ол үшін сен клиент тауып әкел деді. Мен оған бірден келіспедім. Менің атыма аударған кезде ғана сата алатынымды айттым. Сонымен ол маған өзі үйімді де, жер үйімді де берген жоқ. Жер үйге қатысты екі апта сайын бітіріп беремін деп созып келеді, – дейді актриса Жұлдыз Әбдікәрімова.
Актрисаның сөзінше, қазір «TUMARGrandVillage» қалашығына үй салуға рұқсат берілгенімен, бұл жерде қалашық болмайтынына көзі жеткен. Өйткені өзге адам дәл осы қалашықтан жер алып, басқа үй салып қойған.
Енді бастапқы тұжырым бұзылды. Сол кісіден кімнен алдыңыз деп сұраған кезде айтпай, бір адамнан алдым дейді. Бірақ «TUMARGrandVillage» компаниясы емес екенін үй салған кісі ашып айтты. Осыдан кейін дабыл қағып, сотқа жүгіне бастадым. Ең бірінші Есіл ауданы полиция басқармасына шағымданып, арызымды жаздым. Есіл полициясы мені қайтарып жіберді. Одан кейін Нұра полициясына бардым. Оларда тура осылай жасады. Содан кейін аудандық сотқа шағым түсірген едім, олар менің арызымды алып, артынша сот басталады. Бірақ аудандық соттың шешімімен келіспеймін, – дейді актриса.
Мұндай жағдаймен бетпе-бет келіп, алданып отырған жалғыз өзі емес екенін, «TUMARGrandVillage» құрылыс компаниясына алданып, үлкен соммадағы қаражатын қайтара алмай отырған жәбірленушілердің саны алтыға жеткенін айтты.
Қазіргі таңда Жұлдыз Әбдікәрімова төрт баласымен бірге жалдамалы пәтерде тұрып жатқанын тілге тиек етті.
Екі соттың да барысында заңсыз әрекеттер орын алып, соттың талаптары орындалмаған. Жауап беруші екі соттың да отырысына қатыспай, жәбірленушінің келтірген дәлелдері сот тарапынан ескерусіз қалдырылған. Ендігі кезекте іс Жоғарғы сотқа берілді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда жәбірленушілердің топтық шағымдануымен құрылыс компаниясының басшысына алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазақстан Республиканың азаматшасы, көпбалалы ана ретінде Жұлдыз Әбдукәрімова басынан өткен заңсыз іс-әрекеттерге көпшіліктің, бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аудартып, шындықтың орнайтынына үміттенеді. Шамасы жеткенше әділдіктің орнауын талап етіп отыр.