«Алаяқ әйеліне жандарың ашымасын»: Мұрат Әбділдәнің адвокаты тосын мәлімдеме жасады

2 жыл 11 күнге бас бостандығынан айырылған Мұрат Әбділдаға қатысты қоғамда түрлі пікірлер туындап жатқан тұста, оның адвокаты Молдахан Әділетхан күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қоғамның назары Мұраттың отбасылық жағдайына ауып, әлеуметтік желілерде жұбайына жанашырлық танытып жатқандар көбейіп келеді. Алайда адвокаттың айтуынша, жұбайының өзі де бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Молдахан Әділетханның сөзінше, Мұрат Әбділдәнің жұбайы бұрын "алаяқтық" бабы бойынша сотты болған және жазасын өтеген. Адвокат жұбайын Әсел есімімен таныстырғанымен, кейін оның шын аты басқа екенін анықтағанын айтады. Қазіргі таңда ол да профилактикалық тексерулерден өтіп жүр. Сонымен қатар, адвокат әйелдің бірнеше рет құқық қорғау органдарына жүгініп, Мұратты «ұрды, соқты» деп арыз жазғанын, Мұраттың да тыныш жүрмегенін атап өтті.
Адвокаттың айтуынша, олар Мұратқа үйіне бармауын және сабыр сақтауды ескерткен. Алайда жұбайы өздерін де алдамақ болып, жалған мәлімет берген. "Сол қулығы түбіне жетті" деген адвокат, жұбайының көз жасына сенбеуді сұрап, оның өзі полицияға арыз түсіргенін нақтылады.
Молдахан Әділетхан сөзінде Мұраттың анасын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, анасы өте жақсы адам болғанымен, баласы соңғы кезде онымен де байланыс үзген. Адвокат екі апта бұрын шақырту алғандарын, әйел туған күні деп алдағанын, алайда кейін оның аты-жөні мүлдем басқа адам екенін білгендерін де жеткізді.
