Жаңалықтар

Алаштың Ақселеуін еске алған тастаяқтан турнир өтті

Алаштың Ақселеуін еске алған тастаяқтан турнир өтті
Фото: ©El.kz/Ғылымнұр КӘДІРБАЙ 26.06.2023 16:24 2056

Астанада БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Алаш ардақтысы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған тастаяқтан турнир өтті.

2009 жылы Ақселеу Сланұлының өзі ұйытқы болып бастаған турнир биыл 14-мәрте өтіп жатыр. Еуразия ұлттық университетінің дәнекерлігімен жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі турнирдің мақсаты – Ақселеу Сейдімбектің бай мұрасын, өнегелі өмірін насихаттау. «Жегені жантақ, артқаны алтын» журналистер қауымының ерен еңбегін бағалап, басын қосу. Турнирге бүгінгі әдебиеттің абызына айналған ақсақалдардан бастап шепке жаңа қосылған жас буынға дейін қатысты.

Турнирдің мәртебесін биіктетіп келген Ақселеу Сланұлының жан досы, рухани көкжиегімізді кеңіткен абыз ақсақал Қойшығара Салғараұлы жастарға батасын берді.

Алаштың Ақселеуін еске алған тастаяқтан турнир өтті

Ал, айналайындар! Өздеріңді аман-есен көргеніме қуаныштымын. Бұл – жақсы дәстүр болды. Қазақта сөз бар «Жақсылықты адам өзі үшін істейді деген». Осының бәрі кейінгі келе жатқан ұрпаққа үлкен өнеге. Өзімізді өзіміз құрметтемесек, мәртебемізді көтермесек кім көтереді. Ақаң да кешегі соғыстың сойқанын көрген балалар. Құдай Ақаңның бейнетін бермесін сіздерге. Абырой-атағын, халқын сүйген жүрегін, жолын берсін. Әрбіріңіз қазақтың қабырғалы азаматысыздар. Халыққа шын, адал ниетпен істеген істің бәрі де игілікке жетеді. Жарыстан аттарыңыз озып келе берсін. Дүниедегі ең қымбат зат – азаматтардың сыйластығы, бірлігі. Осылай бір үйдің баласындай болып тату-тәтті болып жүре беріңдер, - деді Қойшығара Салғараұлы.

Қазақтың классик жазушысы Төлен Әбдік ағынан жарылып, шараның сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Осындай игі шараның өтуіне себепші болып келе жатқан Лев Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма төрағасы - Ректор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов, белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай, көрнекті қаламгер Алдан Смайыл, Ақселеу Сейдімбектің інісі Асылхан Сейдімбек ізгі ниеттерін білдіріп, журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Ақселеу Сейдімбек – қазақтың жоғын түгендеген, мұңын талмаған тұлға. Соңына қалтырған бай мұрасы ұлттың рухани қазынасына айналды. Алаштың ардақты ұлынның атын ұлықтаған тастаяқ турнирын ұйымдастырушылардың бірі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ. Сақа журналист Ақселеу Сланұлының биік болмысын ашып, турнирдің мақсатын жеткізді.

Алаштың Ақселеуін еске алған тастаяқтан турнир өтті

Ақселеу қазақтың жоғын түгендеген, бүкіл өмірін күреске арнаған, ұлттың құндылықтарын ұрпаққа аманаттаған асыл ағамыз. Ақселеу Сланұлы қазақтың күй өнерін түгендеді. Қазақтың ән өнерінің тарихын зерттеді. «Қазақтың ауызша тарихы» деген құнды кітап қалдырды. Ол да фольклор, халықтың құнды дүниесі деп «Қазақтың бейпіл сөздері» деген кітапты да шығарып кетті. Ұлттық құндылыққа қызмет еткені үшін көп қиянаттар көрді. Совет заманында да,  кейін де. 86 жылы ұйымдастырушылардың бірі деп күдікке ілініп жұмыссыз қалған. Жұмыссыз қалғаннан кейін Ұлттық ғылым академиясына барып лаборант қызметіне тұрған. Ақаңның өзі айтады, «мені жазалаймын деп маған жақсылық жасапты. Сол арқылы ғылымға бардым. Ғылыми еңбектер жазуға кірістім» деп. Біз бала кезімізден Ақселеу Сейдімбекті естіп, біліп өстік. Маңдайымыздың бағы сол шығар, деді  Қайрат Сақ.

Сондайақ ол Ақселеу Сейдімбекпен ағалы-інілі сыйласқанын әрі бірге қызметтес болғанын да айтты.

2008 жылы мені Евразия университетіне шақырды. Ол кезде Ақселеу ағамыз Евразия университеті журналистика кафедрасында профессор болып қызмет ететін. Қуана қарсы алды. Ағалы-інілі болып жүрдік. Ол кезде Астананың журналистері саяқ жүреді екен. Бір-бірімен араласпайды, білмейді. Алматыдағы ҚазҰУ-де журналистер күнінде турнир өтеді. Ақселеу ағама бастама көтеріп айттым. Журналистер күнінде журналистерді жинайық, дөңгелек үстел өткізейік, аяғында бильярдтан турнир жасайық деп. Ақаң қуанып, мынау керемет идея екен, қос қолдап қолдаймын деп басы-қасында болды. Дөңгелек үстеліміз әдемі өтті. Турнирге Ақселеу ағамыз өзінің қалтасынан суырып әлі ешкім көрмеген, қолға ұстамаған 10 мың теңгені менің атымнан бір жүлде болсын деп берді. Қарағандыда бір шара ұйымдастырып жатыр едім, әттеген-ай, мынаумен қабаттасып қалды деп турнирдің ашылу салтанатында болып сапарға кетті. Осылайша Астанадағы журналистер алғаш басымыз қосылды. Жылдан жылға қатарымыз көбейіп, бәрі сен тұр мен атайын деген мықтылар болып шықты. 2009 жылы күзде айырылып қалдық. Келесі жылы 2010-да Ақаңды еске алу турнирі қылып жалғастырдық. Содан бері үзбей өтіп келе жатыр. Тек 2020 жылы пандемия кезінде өткізе алмай қалдық. Жылдан жылға қатарымыз көбейіп, саны да, сапасы да өсіп келе жатқан турнир. Мақсаты ең алдымен Ақселеу Сейдімбекті еске алу. Ол кісінің өмір жолын, өнегесін, насихаттау. Қазақтың мұрасын бүтіндеуге, құндылықтарын дәріптеуге қызмет еткен жолын жалғау. Екіншіден, өзіміздің кәсіби төл мерекеміздің қарсаңында журналистер қауымы жиналып бас қосып, мейрам жасау. Осы ойымыздың іске асуына ең алдымен университетіміздің кәсіподақ ұйымы ұйытқы болып келеді. Отбасы, әулеті демеуші болып жатыр. «Сенім мен болашақ» аздап үнін қосты. Сонымен бірге Жанжігіт деген жақсы журналист шәкіртіміз бар. Ол да өз үлесін қосып жатыр. Осылайша көптің қолдауымен осы шара жалғасын тауып келеді. Бүгін көпшіліктің талқысына салып едік, қолдады. Болашақта Ақселеу Сейдімбек атындағы қор құрсақ жылда осындай шараларды өткіземіз. Ақселеу ағамыздың үлкен мұралары мен мұраттарын жүзеге асыруға сол қор қызмет етсе өте пайдалы болады ғой деген ойымыз бар, - деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ.

Биылғы турнир де жылдағыдай «Ағалар» мен «Жігіттер» атты екі топқа бөлінген. 24-тен 48 кіл мықты жарыстың көркін кіргізген. Жүлдеді орындардан бөлек ұйымдастырушылар арнайы номинациялар тағайындаған. Оның ішінде «Ең сыйлы ойыншы», «Ең мәдениетті ойыншы», «Ең шебер ойыншы», «Ең мерген ойыншы» сияқты аталымдар бар. «Бәйге берем жығылған палуанға да, Әділдігі сезіліп тұрар болса» деген сөзді қағида еткен ұйымдастырушылар ешкімнің көңілін жықпай бәрінен жеңілген ойыншыға да жүлде тағайындаған.

Оқи отырыңыз:

Бильярд. Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир жеңімпаздары анықталды

Тектіден қалған тұяқ, Ақселеу немересі Тарлан Ернарұлы әулеттерінің атынан тағайындаған жүлдесін табыстап, турнирдің басы-қасында болды. Ағасының тәлімін көріп, тағылымын алған Асылхан Сейдімбек ыстық естеліктерімен бөлісіп, ойыншыларға сәттілік тіледі.

Алаштың Ақселеуін еске алған тастаяқтан турнир өтті

Елге белгілі, Ақселеу ағатайым осы турнирді әу баста өзі бастап ұйымдастырған. Менің ес білгеннен бері саналы өмірім ағатайымның қасында өтті. Жас кезінде ағатайым асықты жақсы ойнапты. Менің білетінім мылтықты жақсы ататын. Студент кезім, Қарағандыда Михайловка деген жерде тир бар. Сол тирға жұмыстан кейін жаздың күні сағат 7-8-дің кезінде соғады. Кейде жанында болып қалам. Сосын бәстесіп тирде атысады. Қарағанды шахтерлар қаласы. Орыстар көп. Айлықтары жақсы. Бәстесіп атысқан шахтерлер үлкен-үлкен ақшалар тігеді. Біраз атыстан кейін үйге қайтқанда қалтамызда қалтамызда қомақты ақша болатын. Ағатайым әкеледі да жеңгеміздің алдына тастайды. Мынау менің бір-екі сағаттың ішінде ұтқан ақшам деп. Жеңгеміз кішкене орысшалау, ойбай, қайдан алдың дейді. Атысып алдым дейді. Ағатайым сондай әзіл-қалжыңға үйір. Кейін бильярд басталған кезде көбінде осының жанында жүрді. Бильярдты ұйымдастырады. Мен осы Астананың маңында, сосын өзінде қызмет жасадым. Сол ұйымдастыра бастаған кезде маған хабарласады. Сен турнир болатын жерді дұрыстап таңдап ал. Жақсылап ет асқыз. Одан кейін қымыз болсын дейді. Ағатайымның басты мақсаты жылқының семіз еті, Жаңаарқаның жақсы қымызы болуы керек. Осы турнирге қатысып жүрген, ағатайымның көзін көргендердің бәрі тегіс соған куә болды. Турнир ағатайым қайтқаннан кейін жыл сайын үлкен дәрежеде өтеді. Біз шамамыздың келгенінше демеуші боламыз. Ағатайымның көзіндей болып қалған жақсы ырым, бәйге. Жыл сайын жалғасын тауып тұрса көңілімізге медеу. Қатысамыз. Шамамыздың келгенінше демеушілік жасаймыз, - дейді Асылхан Сейдімбек.

«Зодиак» мәдени-сауық орталығы сұр мергендердің, қас шеберлердің арасындағы сайыс алаңына айналды. Дүбірлі турнирдің жеңімпазы болып кіл мықтыдан шын жүйрік суырылып алға озды. 60 жастан асқандар арасынан бірінші орынға ардагер журналист Сәдібек Түгел лайық болып, алдына қара салмады. Екінші орынды қазақ  телевизиясының тарланы Әлімжан Сабыржанұлы, үшінші-төртінші орынды Тұрсын Жұртбай  мен Аяған Сандыбай қанжығаларына байлады. Ал 60-қа дейінгілер арасында бас бәйгені Талғат Ешенұлы, екінші орынды Дәулеткерей Кәпұлы, үшінші орынды Көпжасар ақын жеңіп алса, төртінші орынды фотожурналист Ербол Ерденбекке бұйырды.

Ерін сыйлаған елі барда Алаштың Ақселеуінің аты өшпейді. Қолы жауыр болғанша қазақтың игілігі үшін қара қаламды тастамаған ардақты ердің жұлдызы күн өткен сайын биіктеп, артында қалған елге сәулесін төге бермек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға