Жаңалықтар

Алаштың ажары — Астана

Алаштың ажары — Астана
20.07.2018 05:58 4888

Жиырма жыл бұрын жұдырықтай жұмылған қазақ баласы Арқа төрінде Астана атты шаңырақты төбеге көтеріп, бір-бір уық болып қадалған еді. Айналасы жиырма жылдың ішінде әлем таныған шаһар ерекше құлпырып, ажарлана түсті. Ал, бүгін кешегі жас, бүгінде бас қалаға айналған Астананың 20 жылдығын тойлауға кірісіп кеттік.

Былтыр ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу туралы өкімге қол қойғалы бері дүйім жұрт қызу дайындықпен жүр. Тіпті, мерекеге дайындалу және өткізу мақсатында комиссия құрылып, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдерімен бірлесіп, іс-шаралар жоспары әзірленді. «Ел жүрегі — Астана» жобасы аясында Сарыарқа төсінде ұлан-асыр тойдың шымылдығы ашылды.

Тарихтан аз-кем сыр шерткенде...

Елорданы Астанаға көшіру туралы тарихи шешім 1997 жылы қабылданды. Ал, ресми түрде әлем картасында пайда болған жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтіп, 6 шілде — Астана күні деп белгіленді. Жиырма жыл тарих беттерінде қас-қағым сәт болғанымен, еліміздің тарихындағы елеулі үлесі мен өзіндік орнын бекітті. Еуропа мен Азия арасындағы алтын дәлізде орналасқан жаңа Астананың саяси-экономикалық маңызы еселене түсті.

Болашақ елорданың бас жоспары ашық өткізілген халықаралық байқаудың нәтижесінде бекітілді. Оған 47 жоба қатысты. Әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның жобасы озып шығып, бірнеше нысанның авторы атанды. Осы кезде астананың тұсаукесеріне әзірлік нақты қолға алынған еді. Ұйымдастыру комитеті құрылып, онда облыстың дайындығы, мәдени-спорттық және ойын-сауық мекемелерінің дайындығы, сауда және қызмет көрсету, ипподромның құрылысы, жол бойындағы қызмет көрсетудің жағдайы сияқты мәселелер қарастырылды. Президент 1998 жылдың қаңтар, сәуір, мамыр айларында арнайы кеңестер өткізіп, Астананың тұсаукесер Бағдарламасын бекітіп, үкіметтік комиссия құру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, ол әуежайдың дайындығы туралы есепті тыңдап, Астана қаласының ресми тұсаукесеріне арналған салтанатты отырыстың сценариін бекітті.

Әлемге танымал «Окан Холдинг» құрылыс компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Бекир Окан бір сұхбатында Астанаға ең алғаш 1995 жылы келгенінде Елбасының Астана туралы ойын естіп: «Бұл кішкентай ғана қала. Қалай астана болады?» деп сұрапты. Ол сұраққа Президент «Стратегиялық тұрғыдан осы қала астана болуы қажет, солай болады» деп жауап бергені талайдың есінде.

1997 жылы Ақмолаға көш басталып, министрліктер мен ведомстволар алғаш көшіп келгенде олардың кейбірі қиындықтарға тап болып, алда әлі қыруар жұмыстардың күтіп тұрғанына қарамастан, 1998 жылы бүкіл әлемге   астананы таныстыруға бел буған Елбасының тәуекелге бел буғанына тәнті болмаған адам кемде-кем шығар, сірә?! Оның жауабын Елбасының кейін, 2002 жылы, қала күнінде сөйлеген сөзінен табуға әбден болады. Мәселен, Елбасы: «Cіздер мен біз үшін бұл қаланың орны мен мәні бөлек, оның күннен күнге жан-жүрегімізді баурап, көңілімізге де, көзімізге де ыстық тартып бара жатқанын, оған күннен күнге бауыр басып бара жатқанымызды ағымыздан жарылып мойындайық» дегенде ерекше тебіреніс бойды билегені анық.

Бұл жерде тұсаукесердің алдында жарық көрген БАҚ көзінің хабарлауынша, 30-ға жуық шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 100 мыңға жуық адамның келетіндігі, 300-ге жуық БАҚ өкілдері атсалысатындығы және Астананың тұсаукесеріне 20 елдің басшылары қатысады деген мәліметтердің жарияланғандығын айта кеткен жөн. Осы жылдың ең бір айтулы оқиғасы Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласының атауын Астана – Қазақстан Республикасының астанасы деп өзгерту туралы 6 мамырдағы Мемлекет басшысының қаулысы болды. Бұл шешімді Елбасы жергілікті атқарушы және өкілдік органдардың, Ақмола қаласы жұртшылығының өтініші мен Республика Үкіметі жанындағы ономастикалық комиссиясының корытындысына негізделе отырып қабылдады.

Ал, ел Президентінің баспасөзге берген сұхбатында: «Астана сөзі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бірдей құлаққа жағымды естіледі. Бұнда ешқандай екіұшты түсіндірме деген жоқ. Орысша аудармасында да астана дегенді білдіреді. Бәрі қысқа және түсінікті. Астана атауында шешімділік, табандылық, айқындық сияқты бір реңк бар» деген еді. Сол кезде Ақмола қаласының атауын Астана деп өзгертумен бір мезгілде жаңа астанада Сарыарқа және Алматы аудандары құрылса,  біршама уақыттан соң қаланың шекаралары өзгертіліп, оның жер көлемінің кеңеюімен бірге Есіл, Байқоңыр сияқты жаңа аудандар пайда болды. 2001 жылдың 13 сәуірінде Мемлекет басшысы министрлерді, Президентке тікелей бағынышты және оған есеп беретін мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың басшылары мен облыс әкімдерінің басын қосып жиналыс өткізді. Онда негізгі мәселе ретінде Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2005 жылға дейінгі «Астананың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» Мемлекеттік бағдарламасы туралы Елбасы Жарлығын орындаудың шаралары қаралды. Сол жылдың маусым айында Н.Ә.Назарбаев «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық еркін аймағын құрып, ережесін бекітті. Бұдан кейінгі 15 жыл ішінде елорданың жалпы аймақтық өнімінің көлемі 45 есе өсті. Кейін, 2006 жылы, Астана қаласының тұрақты дамуының 2030 жылға дейінгі Стратегиялық жоспары қабылданды. Онда қала халқының өмір сүру стандарттарын жақсарту және әлеуметтік салаға икемделген экономика құру басты мақсат ретінде белгіленген. Осы қадамдардың барлығы Астананың қарқынды дамуына жол ашқаны айдан анық.

Ал, 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі. Сондай-ақ, Астананы әлемнің 50 ақылды қаланың қатарына қосу жоспары қойылған. Елордада Смарт-сити жобасы және Сергек бейнебақылау камералары орнатылып, қаланың тазалығы мен тәртібін қадағалауда елеулі үлес қосуда. «Ақылды үйлер» мен бағдаршамдар да қаланың «ақылды қалалар» қатарына енуіне септігін тигізіп келеді.

 Астананың 10 жылдығы үлкен дайындықпен өтті. Оған әлемнің танымал саясаткерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ел басқарған басшылары, т.б. сыйлы әрі құрметті қонақтар арнайы сапармен келген еді. Тақыр жерден бой көтерген әсем қаланың көрінісіне тәнті болған шетелдік меймандар қызығушылығын жасырып қалған жоқ. Сол кезде олар болашағы жарқын қаланың халықаралық саяси-экономикалық және мәдени-рухани басқосулардың алаңына айналатындығына сенген де жоқ.

Мәселен, Түркияға барған сапарымызда Түркияның тұңғыш Сыртқы істер министрі Хикмет Четиннің Қазақстан мемлекеті мен халқы, сондай-ақ, елордасы — Астана жайында сұрағанымызда өткенді былайша еске алған еді: «Кейбір елдердің атауы мемлекет басшысының есімімен біте қайнасып кетеді. Мəселен, Түркия дегенде Мұстафа Кемал Ататүрікті атап өтпеу мүмкін емес. Америка Құрама Штаттары дегенде оның негізін қалаушы Джордж Вашингтон бірден еске түседі. Қазақстан дегенде Нұрсұлтан Назарбаевтың аты қатар аталады. Ол — қазақ еліне ғана көшбасшы емес, түркі жұртына ақсақал бола білген қайраткер. Міне, Қазақстан Президентін Ататүрік деңгейіндегі тұлғаға жатқызатыным, сондықтан.

Нұрсұлтан Назарбаев астананы Алматыдан Астанаға ауыстыру шешімін қабылдаған кезде тура жанында отырған едім. Себебін сұрағанымда, «Ататүрік астананы Стамбұлдан неге Анкараға ауыстырды?» деп қайыра сұрақ қойды. Шыны керек, алғашқы уақытта осы қадамының дұрыстығына күмәнмен қарап, алаңдап жүрдім. Қазақстанның аумағы өте үлкен. Бірақ, Алматы бір шетте жатқан қала еді. Ал, Астана аймағында орыстар көп болды. Бұл — Солтүстік облыстарды қазақыландырудан туған саясат екенін кейін түсіндік. Астананың 10 жылдығы мерейтойына барғанда таң қалдым. Ғажайып қаланың бой көтергенін көріп, өз көзіме өзім сенбедім. Осылайша, Назарбаевтың болашақты болжай білген көрегенділігіне, мақсатына жете білген табандылығына қайран қалдым. Қазақстан 20 жылдан кейін Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төраға болатынын және оның саммитін өткізетінін кім біліпті?! Ол кезде мұндай биік мәртебеге жететінін мүлде ойланбадық» деп, тебірене жеткізді.

Сол шетелдік қонақтар таңданысы мен таңқалысын жасыра алмаған Астананың 10 жылдығына орай, Елбасы Н.Назарбаев қала күніне арналған салтанатты отырыста сөйлеген сөзінде әлемге танылған жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Астана барлық жағынан да менің көңілімдегіден, күткендегімнен әлдеқайда асып түсті» деген бірауыз сөзі көңілімізге қатты ұялады дей келе, бұл біздің тындырған ісімізге, Астанамызды абаттандыруда қол жеткізгендерімізге берілген әділ баға ретінде әбден қабылдауға болатын тоқтамды сөз екендігіне көптің назарын аударды.

Айта кету керек, 2006 жылдан бастап Астана күні 10 маусымнан 6 шілдеге ауыстырылды. Елімізде бұл күн мемлекеттік мейрам ретінде аталады. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар ішінде елдің әл-ауқаты өсіп, халықтың рухани-мәдени тұрғыда толысуымен қатар, Астана да ұлт келбетіне, қазақтың мақтанышына айналған жас қала басқа қалаларымыз бой түзейтін жасампаздықтың үлгісіне айналды. Елбасының «Біз Астананың әр кірпішін бірге қаладық, әр талын бірге отырғыздық, отаншыл, мемлекетшіл әрбір азамат осы қаланың өркендеуіне, гүлденуіне қолынан келгенінше үлес қосты, ендеше елордамызды бүкіл Қазақстан болып тұрғыздық» дегені бар.

Шындығында, Отанымыздың жүрегі Еуразияның нақ ортасында, Сарыарқаның төрінде, Есілдің жағасында орналасқан дегендеріміз құр сөз емес, шындыққа айналды. Ол тарихымызда алғаш рет тек өзіміздің ұлттық мүддемізден шыға отырып қабылданған шешім болды. «Астана батыс пен шығысты жалғаған шаһарға, тәуелсіздікпен еншілес, егіз ұғымға, әлемдік саясатта қадамы құтты қалаға айналды. Ол — еркіндік пен егемендіктің асқақ символы, тәуелсіздіктің тұғырлы тәжі», — дейді Елбасы.

Бүгінде 20 жылдығына қадам басқан Астана бейбітшілік пен бітімгерліктің бастамашысы. Мұнда өтіп жатқан түрлі халықаралық жиындар мен басқосулардың артында елдің қамы мен мүддесі тұр. Әсіресе, Сирия келіссөздерін жүзеге асыруға байланысты өткен әр отырыстың маңызы зор. Тұтас бір мемлекеттің, туған атамекенінен босып кеткен халықтың тағдыры сөз болып, шешіліп жатқан басқосудың берері де көп еді. Бұл ең бірінші, бақылаушы мемлекет ретінде осы жиынды өткізуді мойнына алған Қазақстан үшін де үлкен абырой. Әрі Астана қаласының әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелер талқыланатын бірегей диалог алаңына айналғанын айшықтайтын бірден-бір дәлел.

Бұдан бөлек, Астана қаласы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық етуі кезінде жоғары деңгейдегі меймандарды өз төріне жинағаны да белгілі.  Ал, 2018 жылдың қаңтарында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық міндетін абыроймен атқарып, ұлттар мен этностардың, мемлекеттер мен көшбасшыларды ұйыстыратын, береке-бірлікке шақыратын алаң мәртебесін тағы да дәлелдеді. 

Сонымен бірге, Астана ірі өңірлік орталыққа, отандық құрылыс индустриясы дамуының қуатты серіппесіне айналды. Автожолдар, тұтас алғанда, көлік саласы дамытушы әлеуетке ие болды, облыстар арасындағы байланыстар күшейді. Мәдениет пен өнерді, ғылым мен білімді дамытуға жағдай жасалды. Астанада заманауи қалалық сәулетшілік-тұрмыстық мәдениет қалыптастыруға негіз қаланды. Елорда елдің экономикасына да мультипликациялық әсер етіп, жаңғырту облыс орталықтарын ғана емес, қалалар мен аудандарды да қамтыды. Сөйтіп, Астананың мысалында Қазақстанның өзгеріске дайын екендігі және жаңа өмір талабына сай туындаған мәселелерді ой елегінен өткізіп, сараптап, оларға жауап беруге қабылеттілігі дәлелденді.

Ал, былтыр Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің «Болашақ энергиясы» атты тақырыппен өткені мәлім. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар мен туристердің біздің елімізге, Астанаға деген махаббаты артқанын аңғару қиын емес. Биыл елорданы көруге 3 миллионнан астам турист келген. Астананың жиырма жылдығы қарсаңында ұйымдастырылатын мерекелік шараларды тамашалап, Астананың туған күнін тойлауға елдің түкпір-түкпірінен отандастарымыз бен Астана шаһарын бір көруге құмартқан шетелдіктер көптеп келуі мүмкін.

20 жыл аз да, көп те уақыт емес. Алайда, жас қаланың бой түзеп, ерекше құлпыра түскен шағы. Ендеше, той басталды. Бұл тойдан алар тағылым мен мән-мағына көп болғай!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға