Жаңалықтар

Алаша хан туралы қандай аңыздар бар?

Алаша хан туралы қандай аңыздар бар?
Фото: © El.kz 23.07.2021 12:00 19755

 

Алаша хан туралы жүйелі зерттеу жүргізген белгілі тарихшы, этнограф Орынбай Ошанов. Автордың «Уық шаншыған Ұлытау» атты кітабына енген зерттеу мақаласында Алаша ханның кесенесі туралы тың деректер айтылады. Автор бірнеше зерттеушілердің жазбаларынан бұрын-соңды айтылмаған тарихи фактілер келтіре отырып, Алаша хан мен алаша сөзін талдауға тырысады.

 

«Жергілікті халық Жошы ханды «Алаша ханның баласы»; Домбауыл «Жошының батыры», Келін тамды «Алаша ханның келіні» деп бір-бірімен байланыстырып, аңызға айналдырған. Бұның себебі – аталмыш адамдардың кесенелерінің бір-біріне жақын орналасқандығынан қалыптасқан дүние. Мұндай мәліметтер О.Әлжановтың жариялаған аңыздарында да көрініс береді»,- деп жазады тарихшы.

 

Орынбай Ошанов Е.Хорош жазған «кесененің маңайында орналасқан зираттардың арасында ешқандай ортағасырлық құрылыс байқалмайды» мына бір деректі келтіре отырып, Алаша хан кесенесі орналасқан төбені зерттеу барысында қорым зираттарының кейін келе пайда болғанына көз жеткізуге болатынын айтады.

 

Автордың жазуынша, келесі тоқталатын жайт, Алаша ханның кесенесінің ішіндегі қабірге байланысты мәселе. Жалпы кесене ішінде бірнеше қабір болған, бірақ соның біреуі тана кесене құрылысымен тұрғылас болып табылады.

 

Мына бір дерекке назар салсаңыздар: «1946 жылы Г.И.Пацеевич (Ә.Марғұланның жетекшілігімен) кесене ішінде қазба жұмыстарын жүргізу барысында негізгі қабірден бөлек солтүстік-батыс бұрыштан тағы бір скі қабір белгілеген. Сонымен қатар 1998 жылы да Алаша хан кесенесінің ішіне Жезқазған археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ж.Смаилов) жүргізген зерттеу барысында бүл екі қабірден бөлек тағы бірнеше қабір орындары анықталған болатын. Нәтижесінде бұл қабірлердің барлығы дерлік, өткен ғасырдағы ашаршылық жылдарында (1931-1933 жж.) пайда болғаны анықталды»,- деп жазады тарихшы.

 

Мақалада тарихшы ХІХ ғасырдың соңында орыс зерттеушісі Ю.Шмидт Ұлытау және Сарысудың төменгі ағысы бойындағы бірнеше ескерткішті сипаттап және суреттерін қағазға түсіргенін жазады. Солардың қатарында Алаша хан кесенесі де бар. Алаша хан туралы қалам тартқан зерттеушілердің барлығы дерлік Ю.Шмидті дерекке келтіргенімен, оның кесенесінің суреті назардан тыс қалып, әлі күнге жарияланған емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында біраз ізденістер жүргізіп, нәтижесінде Алаша хан кесенесінің суретін тауып осы мақаламызда алғаш рет жұртшылық назарына ұсынып отырмыз. Бұл Ю.Шмидтің салған суретіне қарап, суретте бейнеленген кесене құрылысының бүгінгі ескерткіштің бет- бейнесімен үйлеспейтін бірнеше тұсын аңғаруға болады. Мысалы, Алаша хан кесенесінің екі бүйір және артқы қабырғасында келтірілген «ромб» немесе «кереге» тәріздес өрнекті суретті қасбетке келтіріп жіберген. Сол сияқты, кесенеге байланысты сипаттамасында «алдыңғы жағы және бүйірі бұзылу үстінде» - деп жаса, ал салған суретінде кесенені бүгін қалпында берген. Соған қарағанда Ю.Шмидт Алаша хан кесенесін кейін, есіне түсіріп отырып, сыза салған сияқты.

 

Тарихшы, этнограф мақаласында Ю.Шмидтің кесенеге байланысты келесі мәліметтері өте маңызды екенін тілге тиек етеді. «Ол: «В 1889 году она уже находилась в периоде разрушения, так как окрестныс киргизы нисколько не стесняются историей и преспокойно разбирают кирпичи с передней и боковой стены для устройства печей в своих зимовках и рано или поздно разрушат ее окончательно», - деп жазады. Бұл дерек Алаша хан кесенесінде портал болған, болмағандығы жөнінде әлі күнге шешімін таппай келе жатқан мәселеге өз септігін тигізетіні анық. Бұған дейін тек ел аңызына сүйеніп Алаша ханның көшірмесі делінетін Дүзеннің мазарына қарап болжанатын»,- дейді автор.

 

Алаша хан кесенесінің сәулетінде зерттеушілер арасында аса мән берілмей келе жатқан, бірақ бірден көзге түсетін құрылыс тас тілі бар. Ол – кесененің екі бүйір және артқы қабырғасында, рама ішінде орындалған геометриялық өрнек түрінде келтірілген қалау әдісі. Ж.Хорош осы өрнек түрі Сығанақ қаласында болған Көккесенеде (ХV ғ.) қолданылғанын келтіреді.

 

Автордың пайымдауынша, бұл өрнек түрін Ә.Марғұлан «ромб және үшбұрыш» деп сипаттаса, Е.Хорош «қиғаш клетка» деп келтіреді. Егер осы өрнекті қабырғаға этнографиялық тұрғыдан келетін болсақ, кесененің екі бүйір және артқы қабырғасынан тұскиізді көруге болады. Немесе «киіз үй керегесі» деп қарастырсақ, онда бұл керегенің арасынан ұсталған шиді (вертикальды кірпіштер) және шидің бетіне өрілген «ромб» өрнектерді көруге болады. Бұл өрнектердің қазақы өюларға келетініне 1947 жылы Т.Бәсенов (сәулетші) назар аударған. Ол: «Стены мавзолея Алаша украшени фигурной кладкой из кирпича в «елку», «полсок» и «ромбы», напоминаюшей рисунки чия (плетеный тростник)», - деп жазады. Күмбез қашанда киіз үйдің жоғарғы бөлігі секілді. Ә.Марғұлан кесене күмбезінің жоғарғы жағында арнайы қалдырылған ойықты киіз үйдің түндігімен теңестіреді. Бір сөзбен айтқанда, Алаша хан кесенесінің бойында қазақтың қадірлі баспанасы болған киіз үй қаңқасының элементтері бар.

 

«Егер Алаша хан кесенесінің сыртқы өрнегін түскиізбен салыстырып қарасақ, ойға бірден алаша (қазақы түксіз кілем) еске түседі. Яғни, «алаша өрнегін құрылыс қабырғасында келтіру күрделі болғандықтан, кесене қабырғасында оны түскиіз өрнегі алмастырып тұрған жоқ па?!» деген ой туындайды. Екеуі де қабырғаға ұсталатын қолөнер туындылары, теқ орындалуында өзгешеліктер бар. Алаша түскиіз сияқты тұтас түспейді. Алашаның беті жоғарыдан төмен қарай созылған жолақшалардан тұрады. Бірінші әрбір жолақ жеке орындалып, артынан жымдастырылады. Әр жолақшаның іші түрлі орнектермен жекеше сәнделеді. Кейде бірдей өрнек түрінде жасалады. Бірақ жымдасқан жері өрнектердің бірігіп кетуіне жол бермей, жолақ қалпын сақтап тұрады»,- деп жазады тарихшы.

 

Орындалуы жағынан алаша мен басқұрдың жасалу технологиясы бірдей. Сондықтан, кей жағдайларда қазақ шеберлері алашаны бірнеше басқұрды біріктіріп жасай береді. Осындай бірікпе жолақтардан тұратындықтан «алаша» деп аталған.

 

Мақала авторының жазуынша, осы алаша тоқу әдісі, әрі атауы Алаша хан есімінің және үш жүзден құралған одақтың шығу тегін түсінуге жол ашатын тағы бір халықтық дерек болуы тиіс. Ғылымда ою-өрнек «ұмытылып кеткен тілге» жатады. Қазақ халқының Үш жүзден және әр жүздің іші жеке рулардан тұруы осы алашаның бір-біріне ұқсамайтын жолақтарына келеді. Күнделікті түрмыста Үш жүздің өзара қарым-қатынасы арадағы туысқандық жүйе (құдалық, нағашы- жиен) арқылы реттедеді. Ал, сыртқы саяси факторда «Хандық билік», «билер кеңесі» арқылы іске асырылады. Сондықтан бүл «хандық билік», «билер кеңесі», «құдалық» алашаның жымдасқан жерінің қызметін атқарып тұр.

 

Алаша сөзінің түбірі «ала» - ақ түске келесі түстің қосындысын білдіреді. «Ала» атауында ақ түс тұрақты. Тек оған екінші бір түстің қосылуына байланысты нақтыланып «қарала», «торыала», «көкала» және т.б. осы тұрғылас болып кете береді. Бұл «ала «алаша» сөзінің семантикасы осы құрама, қосынды дегенді білдіреді. Яғни, бұл қабырғаға тұтатын алашадан Алаша ханға және Үш жүзге байланысты үндестіктерді көруге болады. Әрі, бұл «халық тілін» шеберлер кесене қабырғасында да көрсетуге тырысқан.

 

Кесене ішіне келетін болсақ, қабір кесененің тор жағында орналасқан. Қабірдің қабырғалары күйдірілген кірпішпен қаланып, табаны да осы кірпішпен төселіп шыққан (мақала авторы да 1998 жылы осы қазбаға тікелей атсалысқан болатын). Мәйіттің кейбір сүйектері жетіспейді. Бас сүйегі орнында сақталған. Қабірді ашу барысында ішінен анықталған кірпіштер мәйіттің тек кесене салынып біткеннен кейін ғана түскенін дәлелдейді. Сәулетші Е.Хорош бұл қабір қабырғасына пайдаланылған кірпіштердің екінші құрылыс кезеңі үлгілері болып табылатыны және басқа бір құрылыстың кірпіш кесектері пайдаланылғанына тоқталады.

 

Әрі мәйіттің тек кесене салынып біткеннен кейін ғана пайда болғанын жазады. ХТХ ғасырдың аяқ шенінде кесененің ішіндегі қабірді Ю.Шмидт «небольшой земляной холм завален сверху лошадиными черепами, цветными тряпицами и копьевидными шестами с конскими хвостами» - деп сипаттайды.

 

Алаша хан кесенесі өзінің салыну жобасы, жоспары жағынан жерлеу құрылысы екендігі күмән тудырмайды. Бірақ, кесененің ұзақ уақыттар бойы жеке дара түруы, ХІХ ғасырға дейін қорымға айналмауы жұмбақ жайт! Яғни, кесене ішінде жалғыз қабір болуы (оның өзі кейін пайда болған), не сыртында басқадай өзі тұрғылас зираттың болмауы, әулеттік маңызға ие болмауы және т.б. белгілер бұл ескерткіштің ғұрыптық мақсатта салынғанын дәлелдей түседі. Осы жайттарды ескерсек, онда кесене қазақтың аңыз-жырларына арқау болған, хандардың түбі – Алаша ханға арналған ғұрыптық ескерткіш.

 

Бұл жергілікті ел арасынан жинаған мәліметтеріміз және кесене төңірегіндегі жерлеу құрылыстары Алаша хан кесенесінің тек ХІХ тасырда ғана қорымдық маңызға ие болғанына көз жеткізуімізге мүмкіндік береді. Әрине, Алаша хан кесенесі жанында бұған дейін ешқандай жерлеу құрылыстары болған жоқ деп кесіп айтуға еш болмайды. Кесене жанында ХVІІ ғасырдың (тіпті одан да ерте) үймелі топырақтан тұратын қабірлер болуы әбден мүмкін. Бірақ санаулы ғана.

 

Сәулетші Е.Хорош Алаша хан кесенесінде екі құрылыс кезеңі барын аңдаған. Оның бақылауынша құрылыс іргесі көтерілгеннен кейін біраз уақыт үзіліс болған. Соған қарағанда бұл тарихи ескерткіштің де құрылысы ондаған жылдарға созылған секілді.

 

Кесененің салыну кезеңіне келетін болсақ, бүндай қымбатқа түсетін сәулет өнерін салу тек қоғамның кемедіне келіп, ішкі және сыртқы саясатта тұрақтылыққа қол жеткізілген кезеңде ғана мүмкіндік туады. Ал, мұндай кезең (бұған дейінгі зерттеуімізде көрсеткендей) Қазақ хандығы кезінде тек Қасым хан уақытында ғана болды.

 

Қасым ханның Ұлытауды орда (ставка) еткені ортағасырлық жазба деректерден көрініс береді. Мысалы «ӘЗубдат ал-Асар» жылнамасында Мұхаммед Шайбани ханның 1509 жылы қазақтарға жорыққа аттанғаны, Темір мен Убайдуллах сұлтандардың Ұлытауда отырған Қасым ханның ставкасына шабуыл жасағаны жазылған. Деректе «... которое (Темір мен Убайдуллах сұлтандар - О.О.) внезапно нагрянуло на Касим-хана, а тот |из-за неожиданности нападения| не имел сил дая сопротивления и не был в состоянии принять еражение, и вся его ставка и вес эль-улус в Улуг-Таге попали в руки султанов» - деп жазылады.

 

Кесененің салыну қажеттілігіне келетін болсақ, Қасым ханға бұл кесене идеология үшін қажет болды. Өйткені қазақ елі енді ғана жеке бөлініп шықты, Ұлы жүз елінің бір бөлігі шағатайлықтардың билігінде, батыс пен солтүстік аймақтар шибани ұрпақтарының және Едіге ұрпақтарының әсерінде болатын. Қазақ рулары өзін бір ұлт ретінде сезінсе де, бірақ шағатайлық немесе бір үлыс ішіндегі рулардың төбесінде тұрған әр әулеттік (шибанилар мен орда-ежендіктердің) биліктердің таласы бір орталыққа бірігуге толық мүмкіндік бермеді. Әрі «төбесіз жер болмайды, төресіз ел болмайды» деген көшпелі халықтардың түсінігі де бұл біріктіру саясатына кері әсерін тигізбей қоймады. Қазақ үшін Шыңғыс ханның қай ұрпағы билесе де бәрібір. Бәрі де төре ұрпағы. Сондықтан бұл саяси бәсекеде Қасым ханға қазақ халқын бір орталыққа жинайтын, басын қосатын себеп керек болғаны анық. Ал оның бірден-бір жолы осы Алаша хан идеологиясы (кесене салу) болатын.

 

Қазақ халқы алаштың немесе Алаша ханның нақты кім екенін ұмытса да, оның өзінің түп негізі екенін, өзінің алаш жұрты екенін, Алаша ханның ортақ бір мүддеге біріктіретін, елді ауызбіршілікке, тұтастыққа шақыратын киелі ұғым екенін жадында сақтаған, «Алаш» ұраны туралы Ә.Бөкейханов: «Ни один из этих родов не отқазывается от подчтинения, кроме своего родового частного «уран» (босвой клич), обшенародному «алаш», обязываюшему қаждого киргиза беспрекословно идти на помощь обиженному собрату, забывая даже междоусобицы и хотя бы в виду сильного неприятеля и неминусмой от него смерти» - деп жазады.

 

Тарихшы Орынбай Ошанов «Тарих қайталанудан тұрады. Отарлықтан құтылған ел өзінің түп-тамырын іздеп, содан бастағысы келетіні анық. Бірінші өз тарихын түгендеуден бастайды. ХХ ғасырдың бас кезінде, елдің тағдыры қыл үстіне ілінгенде қазақ зиялыларының «Алаш Орда» партиясын құрулары осы тамыры терең сабақтастықта жатыр. Қорыта айтқанда, Алаша хан мен Үш жүздің пайда болуы туралы аңыз-әфсаналардың және де қазақ арасындағы «ала», «алаша» (қолөнер) түсінігінің түйіні «Алаш – біріккен ел, ал Алаша (хан) – Біріктіруші (хан)» деген ұғымға келіп саяды»,- дейді зерттеу мақаласын қортыныдылап.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға