Жаңалықтар

Алаша хан

Алаша хан – кең тараған көп нұсқалы генеологиялық миф бойынша, Алаша хан, бір жағынан, алты Алаштың ортақ ата-тегі, екінші жағынан, исі қазақтың ата-бабасының персонификацияланған атауы.
26.08.2014 09:04 20008

Алаша хан  – кең тараған көп нұсқалы генеологиялық миф бойынша, Алаша хан, бір жағынан, алты Алаштың ортақ ата-тегі, екінші жағынан, исі қазақтың ата-бабасының персонификацияланған атауы. Оның есімі қазақтың шығу тегін баяндайтын көне аңыздар мен ортағасырлық тарихи хроникаларда кездеседі. Алаша хан ел жадында жауынгер тайпалар көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш Алаш (қазақ) мемлекетін құрған ұлы қайраткер ретінде қастерленеді. Алаша хан есімі Кейін тілі, мәдениеті, шаруашылық типі ұқсас тайпалық бірлестіктердің бірыңғай этностену үрдісінің нәтижесінде (принцип этнизации) этнонимдік мәнге ие болды. Алаша ханның нақты қай кезеңде өмір сүргендігі жөнінде мәліметтер жоқтың қасы. Қазіргі зерттеулерде Алаша хан туралы мифтендірілген образдар да жетерлік. Гәп аталмыш мәселені қазіргі әлеуметтік ғылымдар, әсіресе, әлеуметтік және мәдени антропология, тарихи социология, этнология саласындағы қалыптасқан методологиялық жетістіктің қалпымен зерделеуде болып отыр. Ұлытау өңірі Қаракеңгір өзенінің бойында ХV-ХVІ ғасырларға жататын «Алаша хан күмбезі» ғимараты қазірге дейін сақталып отыр. Осы Алаша хан күмбезіндегі моланы антрополог О.Смағұлов 1998 жылы қазды. Одан табылған бас сүйекті Москва қаласындағы М.М.Герасимов атындағы пластикалық антропология лабораториясының мамандары жан-жақты зерттеп, сол арқылы жерленген адамның бет-әлпетін қалпына келтірді. Біздің ойымызша аталмыш мазарда жатқан Алаша хан ХV ғ.-дың екінші жартысында қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі, әрі алғашқы ханы Керей болуы ықтимал. Аты аңызға айналған ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жеткізген аңыз-әпсаналардың біріндегі Алаша ханның образы тарихи тұлға Шыңғысханға ұқсап келеді.

Алаша хан   

Алаша хан. Бас сүйегі арқылы жасалған антропологиялық реконструкция. Москва. М.М.Герасимов атындағы пластикалық антропология лабораториясында қалпына келтірілді. Авторы Т.С.Балуева.

Алаша хан   

Алаша хан кесенесі

Мифопоэтикалық ортада бүкіл ұлыс үшін айтулы оқиғаның басында тұрған әрі ұйытқысы болған тұлға әдетте әсірелі ұлықтау жосынына сәйкес ұлыстың, мемлекеттің, елдің, этностың ата-тегіне айналуы заңды құбылыс. Демек, тұңғыш рет түркі тектес ру-тайпалардың басын қосып, осының негізінде тұңғыш рет қазақ мемлекетін құрып, осыған орай осы мемлекеттің тұңғыш ханы болған Керей ханның есімі бірте-бірте мифопоэтикалық Алаша ханның образына айналуы әбден мүмкін.

Әдеб.: Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. Ч.1-2. СПб., 1864; Абуль-Гази. Родословное древо тюрков. Сочинение Абуль-Гази хивинского хана. Перевод и предисловие С.Г.Саблукова с послесловием и примечаниями Н.Ф.Катанова. Казань, 1906; Потанин Г.Н. Казак-киргизские и алтайские предания. ЖС., 1916; Чулошников А.Н. Очерки по истории казак-киргизского народа. Ч.1. Оренбург, 1924; Зуев Ю.А. Историческая проекция казахских генеало- гических преданий (к вопросу о пережитках триальной организаций у кочевых народов Центральной Азии). Казахстан в эпоху феодализма (проблемы этнополитической истории). Алматы: Наука, 1981.

 

 «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға