Алаша
Алаша – жүн немесе мақта жіптерден тоқылған тұрмыстық тұтыну бұйымы. Қолданылатын жіптері иесінің талғамына сәйкес тиісті бояулармен боялады. Негізінен төсеніш ретінде қолданылады. алаша қарапайым тоқыма станогы – өрмекпен тоқылады. Бүктеуге, жинауға ыңғайлы күрделі композициясы ісмерден үлкен шеберлікті, мол тәжірибені, көркемдік-шығармашылық талғампаздықты талап етеді. «Кілемге бергісіз алаша бар, Ханға бергісіз қараша бар» деген сөз орамы алаша бұйымдарының кейде, өзінің эстетикалық және композициялық шешімі жағынан кілем бұйымдарынан да артық бағаланғандығын аңғартады. Тоқылу техникасына қарай алаша тақыр (түксіз) және аралас (түкті-түксіз) деп екі топқа бөлінеді. Тақыр алашалардың кең тараған түрі терме алаша Оның ішіне кежім теру немесе бұқар теру, орама алаша, қайыра теру, бір түсті теру, тақыр тоқу сияқты түрлері жатады. Бұлармен қатар, алаша бұйымдарының техникасы мен өрнегіне қарай жолақ алаша, өрнекті алаша, жүн алаша, жіп алаша, мақта алаша, жол алаша, екі қабат алаша, жалаң қабат алаша, көмкерулі алаша, жиекті алаша, шашақты алаша деген түрлері де бар. Тақыр (түксіз) алашаны мейлінше жалпақ енді етіп тоқылған ұзын басқұрды бір-екі құлаш шамасында кесіп алып, өзара қосып тігеді (ені 35 см, ұз. 12 құлаш бау (өрмектің) қиындыларын бір-біріне қосып тіккенде, көлемі 150х420 см алаша шығады деген сияқты). Ал, аралас алаша деп құрамы түкті-түксіз жіптермен араласып, кілем принципімен, яғни желісі мен түгі қатар келетін кілем тоқу тәсілімен тоқылғандарын атайды. алашаны тоқу барысында әртүрлі материалдар – иірілген жүн жіп, әртүрлі маталар, мақта-мата, кенеп, түрлі-түсті бояулар, кейде металл және т.б. қолданылады. Алдымен, шикізат көзіне қарай қой немесе түйе жүні іріктеп, дайындалады. Қойдың көктемгі жабағы жүні алынады. Оңтүстік өңірлерде қосымша мақта-мата жібі де пайдаланылады. Орта есеппен алғанда бір алашаға шамамен 3-4 қойдың жүнінен иірілген жіп жұмсалады.
Күрделі техникасыз, кез-келген жағдайда қолданылып, керекті жабдықтарды оңай табылатын өрмектің екі түрі бар. Оның біріншісі – аспалы немесе термелі өрмек оған кілем сияқты тұтас, енді заттар тоқылады. Ал екіншісі – жай өрмекті шекпен, алаша қап, қоржын, белбеу, басқұр сияқты енсіз нәрселерді тоқуға арналады.
Алаш ҚР МОМ қорынан (КП 22535)
Өрмек басындағы тоқымашы. Н.Г. Хлудов. 1905 ж. ҚР МОМ қорынан (КП 3643)
ҚР МОМ қорында (КП 22535) алашаның бірнеше түрлері сақтаулы. Солардың бірі 109х372 см болатын терме алаша. Ол иірілген жүн жіптен термелеу әдісімен тоқылған, қызыл, сары түстерден құралған он бір жолақтан тұрады. Сары түсті жолақтарға қызыл түспен өрмекші бейнесі тоқылған. Ал, қызыл түсті жалпақ жолақ бетіне жасыл түспен жүз теру өрнегі (ішіндегі мотиві шаршыға ұқсас) салынған. Екі жаны көк түсті матамен көмкерілген.
Әдеб.: Маргулан алашаХ. Казахское народное прикладное исскуство. В трех томах: т.1. Алматы: Өнер, 1986; Муканов М.С. Казахские до- машние художественные ремеслалаша Алма-Ата: Казахстан, 1979; Жүннен жасалатын бұйымдар. Құраст. К.Мұқанов. Алматы: Қайнар, 1990; Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Қайнар, 1995; Хлудов Н.Г. Шығармалар каталогы: кескіндеме және графика (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). Жобаның жетекшісі, кіріспе сөзінің авторы Нұрсан Әлімбай. Алматы: Эффект, 2003; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»