Жаңалықтар

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл
Фото: © El.kz 26.03.2021 11:19 14145

 

Биыл көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізiн сaлушы әрі көсeмі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толып отыр.

 

Тарихтағы «ақтаңдақтарды» алғашқылардың бірі болып зерттеген белгілі жазушы-публицист Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаев. Осы автордың 2001 жылы жарық көрген «Әлихан Бөкейханов» атты еңбегінде Алаш көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның өмірі мен қызметі туралы толық мәлімет ұсынылған. Аталған кітапта ұлт қайраткерінің басынан кешкен күрделі кезеңдері мен саяси соқпағы туралы деректер бар. Осы еңбекке сүйене отырып, ұлт көсемінің тағылымға толы тағдырына аз-кем тоқталмақпыз.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл

 

«XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында мемлекеттілігі өзін-өзі билеу көріністері мүлде жойылып, бөтен жұрттың езгісі мен қанауына түскен қазақ халқы – осы жүзжылдықтың басында сол кезгі өркениет үлгісімен жерлерін біріктіріп, мемлекеттілігін қалпына келтіруді батыл қолға алған-ды. 1917 жылдың 12 желтоқсанында Орынбор шаһары қарлы аязды еді. Сағат 15:00 қазақ автономиясы жария болды. Ұлттық – территориялық негізде құрылған автономия. Делегаттар бөркін аспанға атты...»,- дейді автор тұңғыш «Алаш» автономиясының құрылған тұсын суреттеп.

 

Қаулы: «Шығу тегі бір, мәдениеті бір, тарихы, тағдыры бір, тілі бір қазақ халқы басым көпшілік ретінде мекендеп жатқан біртұтас аймақ болып табылатын жерлер – Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы, Каспий сырты облысының Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Алтай губерниясының ірглес қазақ болыстары әкімшілік тұрғыда бір орталыққа біріктіріліп, өз алдына ұлттық, жерлі автономия құрылсын!»- делінген екен. Осындай қаулыны күллі қазақ құрылтайы бір ауыздан қабылдады.

«Қазақ облыстарының автномиясына «Алаш» деген ат берілді. Алып империяның қазақ тұратын аймақтарын зор қуаныш кернеді. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігілді деп шаттанды қазақ. Алаш туы көтерілді деп ұрандатты қазақ. Отансыз жұрт отанды болды деп рухтанды қазақ».

 

Сөйтіп, аңсаулы ұлттық мемлекеттігіміздің алғашқы жұрнағы пайда болғаны жазылады. «Оны революция толқындары осылай кеудесінде сәулесі бар барша азаматты шаттықа бөлеп, жаңа стильге аударғанда 1917 жылы 25 желтоқсанда жұрт шартараптан елеңдей көз тіккен Орынбор қаласын да өмірге әкелген еді»,- деген мәлімет келтіреді автор.

 

Қазақ автономиясы кешегі империя тәжінің иесі Екінші Николай монарх тақтан тайдырылғалы, демократиялық Ресей республикасы туа сап бастан кешіп жатқан саяси дағдарыс тұсында ұйымдастырылды.

 

«Алашорда» Уақытша Халық Кеңесінің Төрағасы болып Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов сайланды. 47 жасар көрнекті саяси қайраткер, ғалым, көсемсөз майталманы. Ресей демократтарымен үзеңгілес болып, иық тірестіріп еңбек етіп жүрген азамат. Оны делегаттар үш үміткер қатысқан баламалы сайлауда көпшілік дауыспен таңдап алды. Ол алғашқы Қазақ автономиясының тұңғыш та жалғыз басшысы болды. Сол лауазымымен тарихта қалды.

 

Әлихан Бөкейханов Дала өлкесіндегі Семей облысының Қарқаралы уезінде, Тоқырауын болысының №7 ауылында өмірге келген. Кеңес өкіметі тұсында ол жер Жезқазған облысының Ақтоғай ауданындағы Қаратал кеңшарының аумағына кірді. Тәуелсіздік кезінен бері оның туған жері – Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданының Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан атындағы ауыл.

 

Ол Нұрмұхамед отбасында туып-өскен бес ұл, бір қыздың ішіндегі тұңғыш бала еді. Сауатын молда алдынан мұсылманша ашты. Зерек те алғыр жеткіншек уақыт талабына сай білім алуды аңсайды. Баласының тауын шағылтпай, Нұрмұхамед сұлтан оны уезд орталығындағы орыс оқуына кіргізеді.

 

1822 жылығы «Сібір қазақтары туралы Жарғы» бойынша, араға екі жыл салып, Батыс-Сібір шекара басқармасының құрамындағы Омбы облысының екі округінің бірі ретінде Қарқаралы округі аталады. Оның орталығы ретінде Қарқаралы тауының етегіне, Қарқаралы өзенінің алабындағы қыраттың үстіне қала салына бастайды. Осында ат басын тіреген империялық отарлаушы әскери жасақ пен округті басқару үшін арнайы құрылған мекеменің шенеуніктері және соларды сағалап қоныстанушылар күшімен, Қарқаралының іргесіне қаланған болатын.

 

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл

Халық ағарту ісі қазақ даласында империя орталығы жүргізіп отырған отарлау саясатына сәйкес өркендеді. Шет аймақтардағы бұратаналар балаларын орысша оқыту арқылы империяға берілген азаматтар тәрбиелеп алу еді көкейкесті мақсат. Әйтсе де баланың сауатын орысша ашып, рухани жандүниесін, дүниетанымын орыстандырып жіберу қызметін атқарушы бола тұра, олардың озық білімге қол созуына да сол мектептер алғышарттар жасап жатты. Қарқаралы мектебі де сондай ұялардың бірі болатын. Міне осы оқу орнында оқыту үшін, тоғыз жасар Әлиханды әкесі аулынан екі күндік жердегі Қарқаралы қаласына әкеп орналастырды.

 

Әлихан Қарқаралыда жеткіншек шағынан жасөспірім жасына іліккенге шейін тұрып, балғын шәкірттік кезеңінің жеті жылын өткізді. Бастауыш мектепте, қалалық училищеде оқыды. Орыстың тілін үйренді. Орысша оқытылған пәндер бойынша, сол кезгі мектеп бағдарламасына сәйкес, ғылым негіздерін игерді. Нақты кәсіпкер – етікшілік өнерге де үйренді.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл

 

«Қала халқының құрамына байланысты, ұлттық орта негізінен сақталып тұрған кез-тін, сол себбепті ол қазақы тәрбиеден қол үзген жоқ. Сонымен қатар, әрине, империя білім беру жүйесі әрбір бұратанаға телуді көздеген азаматтық бітім-болмыс сипаттарын да бойына сіңіре бастады»,- деп жазады автор.

 

Қызылжарға созылған үлкен жол үстінде, Қарқаралыдан екі бекет қана жерде, Талды өзенінің бойында атақты Қоянды жәрмеңкесі жатқан-ды. 1848 жылдан ашылып, аз уақытта аты шартарапқа әйгілі болған жәрмеңке. Өңірдің экономикасында, әлеуметтік-тұрмыс жағдайында, мәдени тыныс-тіршілігінде елеулі орын алған, әркім оған қайткенде бір соғуды армандаған жәрмеңке.

 

Айналадағы қазақтар саудаға салатын малын осылай қарай айдайтын. Және жүн, түбіт, тері, елтірі, қайыс, арқан, киіз, текемет, қазы-қарта, жал-жая секілді сан түрлі мал өнімдерін, зергерлік және сәндік бұйымдарын таситын. Қымызханалар ашатын. Құрт, ірімшік, айран, қымыз, қымырандарын сататын.

 

Ресей мен Түркістан өлкесінің орыс, татар, өзбек көпестері көшпенділер тыныс-тіршілігіне қажет түрлі өнеркәсіп заттарын әкеп саудалайтын. Темір және қыш ыдыстарды, түрлі құрал-жабдықтарды, жүннен, мақтадан, жібектен тоқылған алуан өрнекті маталарды, қант, шығыс жұпарлары мен тәттілерін әкелетін. Мұнда сан мың адам сауда-саттықпен де, қажет кісілермен жолығып, шаруаларын шешуге де, жәй ғана жәрмеңке қызықтарын тамашалап қайтуға да келіп-кетіп жататын.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл

 

Мұнда жылда бір мәрте қырдың қилы өнерпаздары – палуандар, жүйіріктер, бәйгеге түсетін шабандоздар, көкпар тартушылар мен айтыскер ақындар, әнші, күйшілер жалпы ақылды кісілер бас қосатын.

 

Мұндағы тамашалар мен байыпты әңгіме-дүкендерге алғашында бала Әлихан ақсүйек әкесінің қасына ілесіп куә болып жүрді. Есейе келе жәрмеңкеге құрбы-құрдастарымен бірге баратын болды. Бала түйсігімен біртіндеп, осындағы ақша-тауар қатынастары жайында дүние-мүлікпен алмасулардың астары жайында ой түйе бастады.

 

Жәрмеңкенің түптің түбінде базар экономикасының реттегіш тетіктерін іс-қимылға келтіру арқылы, өңір тұрмысын көтеруге зор үлес қосатынын шамалап пайымдай бастады. Шартараптан көп жұрт жиналатын осынау сауда-саттық орнының мәні, қыр-сыры, онымен ұлттық өнердің өзара жанды байланысы көңіліне жайлап тоқыла берді.

 

Жыл сайын мамырдың соңғы күндерінен маусым айы аяқталғанға дейін тоғыз жолдың торабына айналатын Қояндыны бір аралау оған ұзақ мерзім рухани азық тәрізді болып, оқу-тоқуына қосалқы нәр беретін еді. Ал оқуы қоршаған ортасын барынша жан-жақты түсінуге жәрдемдесетін. Сөйтіп, таңсық та қызық ілім негіздерін бала жігіт орыс орталау оқу орнында құмарта меңгеріп жатты.

 

Білім жолындағы жанкештілігі

 

Әлихан Қарқаралы училещесін 1886 жылы маусымда тәмамдады. Он алты жасар Әлихан оқуын жалғастырғысы келеді. Ата-ана, әрине қарсы емес. Талапты, алғыр бозбаланың оқуға деген ынтасы уезд орталығындағы әкімшілік тарапынан да қолдау тапты. Көп ұзамай шағын Қарқаралыдағы үш сыныпты қалалық училищенің түбіт мұрт түлегі білімін орта оқу орнына түсіп тереңдетуді аңсап, байтақ қазақ даласының Сібірдегі кіндігіне айналған алып шаһарға аттанады.

 

1886 жылдың күзінде Әлихан Омбыға келді. Қазақ уәлаятындағы бас қалаға, бір қиырда жатқанына қарамастан, жұрт түрлі шаруамен сапар шегеді. Өйткені ол астана. Биліктің қазақ тағдырын шешетін бір тұтқасы сонда. Өлкедегі тәуір мектептер де сол қалаға шоғырланған. Сондықтан да, шалғайда жоқ білім ордасын, ел сияқты, Әлихан да осы жерден іздейді.

 

Әлихан оқуға келген кезде – Омбы уезіндегі қазақтар жалпы халық санының үштен бірін ғана құрайтын. Ал шаһардың өзінде тұратындар тіпті аз еді.

 

Әлихан құжаттарын Омбы техникалық училищесіне тапсырды. Қабылдау емтиханын ойдағыдай тапсырып, сынақтан мүдірмей өтеді. Осылайша мемлекеттік оқу-тәрбие орнының киім-кешек, жатақхана, және оқуақы-жәрдемпұлымен толық қамтамасыз етілген тәрбиеленушісі ретінде білім айдынына құлаш созады. Төрт жыл білім алады.

 

Орыс тілі өзінің бай мүмкіндіктерін алдына жайып салды. Орыс тілі арқылы ұлы орыс әдебиетімен тереңірек таныса түсті. Әлем әдебиеті інжу-маржандарымен сусындады. Ал орыс тарихын оқу және училище курсы дәрежесінде болса да жалпы адамзат тарихынан мағлұмат алу деген оны тіпті ғажайып сезімдерге бөлей түсті.

 

Ол тек оқытушылардың дәрістерін санасына сіңіріп қана қойған жоқ, оның сусаған көңілі тоқығандарын толықтырар дәйектерді қыр өмірінен тауып жатты. Ұлы Пушкиннің сырлы поэзиясы қазақ ақындарынан үндестік іздетті. Ұлы Шекспирдің драмалары қазақ дастандарын қайта тыңдауға құмарттырды. Ресей қолбасшыларының жеңімпаз жорықтарын оқу – қазақ батырларының кіммен, қашан шайқасқандары жайында нақтырақ білуге ұмтылдырды.

 

Бір кездері қазақтың да орыс секілді өз мемлекеті, хан деп аталған өз патшасы болғанын – орыс тарихынан іштей салыстырар деректерді кезіктірген сайын ойлай түсті. Өзінің де хан ұрпағы екеніне мән берді. Содан, бабаларымен сабақтастық белгісі ретінде, фамилиясын өзгертіп алу жөнінде ниет етіп, идеясы училищені бітірер мерзім тақалған сайын тез пісіп жетіле бастады.

 

Қары қалың, аязды қаңтардағы каникулда қалада қалғанмен, жазғы демалыста ол елге жеткенше асығатын. Өйткені ауыл арасындағы әңгімешілер, шежірешілер мен жыршылар тағылымы өзгеше еді, орыс білімін игеріп жүрген жасөспірім санасына олар біртүрлі жаңаша әсер беретін-ді.

 

Әлихан Омбы Техникалық училищесін 1890 жылы тәмамдады. Білімін жоғарылатуды мақсат тұтып, Санкт-Петербургтегі Императорлық Орман институтында жалғастыруды көздейді. Бірақ бұл үшін белгілі бір дәрежеде көмек керек. Жоспарын, тілегін ұстазына – училище директоры Доброхотовқа білдіреді.

 

Ол үлгілі шәкіртінің бұлай талаптануын қолдады. Жан-жақты жәрдемдесу шараларын ұйымдастырады. Дала генерал-губернаторлығы мен Батыс-Сібір оқу округі арқылы олардың құзырындағы училище түлегіне Халық ағарту министрлігінің жолдамасын алуға тырысады. Қиырдағы империя астанасына барып оқудың қаржылық тұрғыда қамтамасыз етілусіз мүмкін болмасын де ескеріп, шәкіртінің туған жеріндегі әкімшілікке – Қарқаралы уезі бастығының атына арнайы хат жолдайды. Хатында ол Әлихан Нұрмұхамедовтың өте жақсы оқығанын, тәртібі үнемі үлгілі болғанын айтады. Аса қабілеттілігін, оған міндетті түрде жоғары оқу орнына түсіп білім алу керектігін баса көрсетеді. Сол себепті оған қазақ қоғамынан тағайындалған стипендияның берілуі жалғастырыла берілуін сұрайды. Көтерген екі мәселесінде де сергек көңіл ұстаздың меселі қайтарылмады.

 

Бітірушілерге аттестат тапсырар алдында, 1890 жылғы 11 маусымда училище директоры Доброхотов Қарқаралы оязнайына тағы бір хат жазады: «Жоғары текті мырза. Сізге аса қиыла өтініш білдіріп, Сұлтан Әлихан Нұрмұхамедовке мынаны хабарлауыңызды сұраймын: ол орман институтына түсуге Санкт-Петербург қаласына бару үшін Омбы арқылы өтерінде Дала Генерал-Губернаторы Мырзаның Кеңсесіне профессор Бородиннің атына хат алу үшін тікелей өзі келетін болсыншы». Өзіне кепілдік хат берілетіні жөніндегі бұл қатынас қағазбен аттестат алғаннан кейін танысқан Әлихан қуанышты да разы, ол хат мәтінінің ашық бағанына: «18 маусымда оқыдым, Дала Генерал-Губернаторы Мырзаның Кеңсесіне келуге міндеттенемін»,- деген қолтаңбасын түсіреді.

 

Сұлтан Әлихан Нұрмұхамедов қалтасына Дала генерал-губернаторының кепілдемесін салып, империя астанасына аттанады. Кепілхат орыстың атақты ботанигі, өсімдіктердің тыныс алу физиологиясы, анатомиясы және экологиясы жөніндегі ірі маман, орман институтының профессоры Иван Парфеньевич Бородиннің атына жазылған еді. Ғалым орыс Азиясында қызмет етіп жатқан мемлекет қайраткері хатынан осынау жиырма жасар талапкердің оқуға құштарлығына кепілдік берген мінездеме жолдарын ықыластана оқып шығады да, оның институтқа қабылдануына қамқор болады.

 

Студенттік шағы

 

1890 жылы күзде қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырып, Әлихан Санкт-Петербург Орман институтына оқуға түсті. Сол тұста фамилиясын бабасының атынан жаздыруға да рұқсат алды. Сонымен сұлтан Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың ғұмырындағы маңызды белес – Питерде өткізген төрт жылдық студенттік кезең басталды.

 

Әлихан Бөкейханов жоғары оқуға кірген жылы қазақтың тағы бір болашақ аяулы ұлы жоғары оқуды бітірген еді. Ол – Бақытжан Бисәліұлы Қаратаев, әйгілі Әбілқайыр ханның ұрпағы, орыс үкіметінің отарлаушылық әрекетіне қарсы көтерілген 1805-1816 жылдарғы қозғалыстың жетекшісі болған Қаратай сұлтанның шөбересі, Императорлық Санкт-Петербург университеті заң факультетінің түлегі.

 

Астанаға алыстан келген жиырма жасар жас Әлихан студенттік өмірдің алғашқы жылдарында, сөз жоқ, Бақытжан сынды аға буын қандастарына еліктей қарады. Мазасыз ой-пікірлері бұрқ-сарқ қайнаған жаңа қауыммен бауырласып кетуіне сол секілді ересек азаматтар оң ықпал етті деп әбден айтуға болады.

 

Көп ұзамай Бақытжан Қаратаев Кутаисиге қызметке жіберіледі. Соған байланысты астанадан кеткенге дейін, екеуі сөз жоқ, ағалы-інілі жылы қарым-қатынаста болды. Әрі бұл шақта, қараңғы қазақ халқы туралы ағартушылық тұрғыда ой толғайтын барша көзі ашық азаматтар секілді, олар пікірлес-тін. Сондықтан да, көзқарастарындағы кейін айқын көрінген елеулі айырмашылықтың тап сол питерлік кезеңде орын алуы әсте мүмкін де емес еді. Дегенмен араға ширек ғасыр салып барып – бұл екеуі бірін бірі мойындамайтын, тіпті тыңдай қоймайтын жағдайға жетті. Екеуі екі үлкен саяси ағым басына шықты.

 

Буырқанған Питердің саяси мектебінен жастай өту – оның болашақ қайраткерлік қызметіне көп жәрдемдесті.

 

Ғылыми және саяси шығармашылық соқпақтарында

 

1894 жылы орман шаруашылығының экономисі мамандығымен оқу бітіреді. Омбыға оралады. Алғашқы жылдары әуелі төменгі дәрежелі орман мектебінде оқытушы, одан Омбы қоныс аудару басқармасының шенеунігі қызметтерінде істейді. Сол негізгі қызметтерімен қатар ғылыми-зерттеушілік, шығармашылық, публицистік жұмыстарға ден қоя бастайды. Зерттеуші және қаламгер ретіндегі алғашқы тәжірибелерін жасайды. Осы шаруалар барысында ол кемелденеді, жан-жақты толысады. Болашақ қайраткерлік, серкелік қабілетін ұштай түседі.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл

 

Оның ғылыми-зерттеу жұмыстарға араласуы Тобыл губерниялық статистикалық санаққа шақырылуынан басталады.

 

1903 жылы Әлихан Сібір темір жолы бойындағы Челябі және Том қалалары аралығын мекендеп жүрген қазақтардың мал шаруашылығының жай-күйін экономикалық тұрғыда зерттеген экпедицияға қатысады. Бұл экпедицияның материалдары да артынша «Сібір темір жолы аудандарын экономикалық тұрғыдан зерттеу жөніндегі материалдар» деген атпен 1904 жылы Том қаласында жеке кітап болып жарыққа шықты. Әлихан Бөкейханның «Дала өлкесіндегі қой шаруашылығы» деген ғылыми монографиясы осы кітапқа енген.

 

Бөкейханов 1896 жылы Императорлық Орыс жағырафиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің толық мүшелігіне қабылданды. Ал 1901 жылы қоғам жұмысына елеулі үлес қосып жүргені ескеріліп, Бөлімнің басқару комитетінің мүшесі болып сайланды.

 

Әлихан Бөкейханов орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір Бөлімінің Семей бөлімшесін ашуға белсене қатысты. Семейде ұлы ақын Абай Құнанбаевпен қатар статистика комитетінің мүшесі де болды.

 

Географиялық қоғамға мүше бола жүріп, ол туған елінің тарихын, ағымдағы ахуалын жан-жақты тануға және зерттеулерін баспасөзде жариялауға жақсы мүмкіндік алды.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл

 

Отаршылдық, ішкі Ресей шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыру саясаты, жергілікті халық пен келімсектер қарым-қатынасы оның қаламына ілінді. Ол империя қоластына қазақ хандықтарының өту себептерін қарастырды. Ұлт-азаттық көтерілістерге де көңіл бөле бастады. Тұрмыс-салт, мәдениет, билік, заң, этнографиялық мәселелер, өнер, ұлттық құрылым, шежіре, әдет-ғұрып, діни иланым, ауыз әдебиеті, фольклордың мәні, оның тарихи оқиғаларды бейнелеу дәрежесі, ауыз әдебиетіндегі әйел бейнесі, әйелдің әлеуметтік жағдайы – бәрі-бәрі оның назарынан тыс қалмады.

 

Зерттеулері мен мақалалары өткен ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында «Семей облысының зерделік кітапшаларында», қоғамның Семей бөлімшесі жазбаларында, Дала және Түркістан өлкелерінің Омбы мен Тәшкендегі мерзімді басылымдары беттерінде шығып тұрды. Ол жазған шежіре Щербина экпедициясы материалдарының 1903 және 1905 жылдары жарық көрген томдарында жарияланды.

 

Ғылыми мәжілістерде, көпшілік жиналыстарында ол зерттеулері негізінде баяндамалар жасап, дәрістер оқып тұрған. Қазақ мәдени мұраларын Том қаласындағы өлкетану музейіне жинастыруда әйгілі ғалым Григорий Потанинге жәрдем берген. Оны өзі және өзінің соңына ілескен ұлт зиялылары тегіс жоғары бағалаған, онымен болашақта саяси жұмыста да пікірлес болған.

 

1882 жылғы 15 мамырда Дала генерал-губернаторлығын құру туралы император пәрмені шықты. Қазақтар Дала уәлаяты деп атаған бұл әкімшілік құрылымға Ақмола, Семей, Жетісу облыстары біріктіріліп, 1868 жылғы «Орынбор және Батыс-Сібір генерал-губернаторлықтарының дала облыстарындағы басқару туралы уақытша ереже» негізінде басқарыла бастады.

Ғылыми-публицистік еңбек жолы

 

Дала өлкесінің орталығы Омбы қаласында күн сайын шығып тұрған «Акмолинские областные ведомости» атты ресми газетке қосымша ретінде, қазақ тілінде, 1888 жылдан 1902 жылға дейін «Дала уәлаятының газеті» атты апталық жарық көріп тұрды.

 

Үкімет тарапынан шыққан ресми басылым. Міндеті – ел-жұртқа аса жоғары пәрмен, жарлық, бұйрықтарды жеткізіп отыру. Газет ағымдағы тыныс-тіршілікті, қоғами ахуалды, саяси-әлеуметтік өмір мәселелерін, тарихты, ауыз әдебиеті үлгілерін, ел мүддесін көздеген сан-қырлы сөздерді жазды. Мақалалар патша цензурасы мүмкіндік берген мөлшерде, сол кезгі сауат деңгейінде, саяси, мәдени, іліми өре жеткен дәрежеде жазылды.

 

Ол кезде қазақ журналистикасы енді ғана қаз тұра бастаған шақ. Соған қарамастан, алғашқы газетшілеріміз елдегі орын алған саяси-әлеуметтік ахуалды дәл ажыратып, өткір тұстарын көтеріп, жұртшылық назарына ұсынып жатты.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл

 

Уәлаят ортылығы болғандықтан да Дала генерал-губернаторы кеңсесіне сол кездегі ең ықтимал шапшаңдықпен тез жеткен құжат барлық демократиялық көңіл-күйдегі қауым арасына бірден әйгілі болды. Қол қойылғанына бар болғаны екі-ақ күн толар-толмаста, 19 қазан күні, Омбыда қала жұртшылығы қатысқан үлкен митинг болды. Оған Әлихан Нұрмұхамедұлы мен оның пікірлес жолдастары да қытысты. Олар манифест мәтінін зор шабытпен неше мәрте оқиды. Алғашқы жиынның ізінше, қыр қалаларындағы белгілі азаматтарға қуанышты жеделхаттар жолдады. Ақ патшаның халыққа әркімнің ешкім қол сұқпас дербестігін, жеке бас амандығын, ар-ождан, сөз, жиналыс және одақтасулар бостандығын тарту екенін хабарлады олар бұл жеделхаттарында.

 

«Бұл хабар барлық жерде сүйінішпен қабыл етілді,- деп жазды Әлихан Бөкейханов кейіннен. – Біз өзіміздің барша хабарласушы жолдастарымыздан масаттанған жауап-жеделхаттар алдық»,- делінген.

(Жалғасы бар).

Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға