Жаңалықтар

ҚАЛАМДЫ ҚАРУ ЕТКЕН «ДЖИУ-ДЖИТСУ»

Әдебиетке келмек жас талапкер кiмдердi, олардың нендей дүниелерiн оқымақ керек деген сауал көтерiлгенде, (ал бұл сауал жиi көтерiледi), алдымен еске түсетiнi – Андре Моруаның тiзiмi.
30.06.2014 12:38 3412

Жапон әдебиетi туралы жазбалар

 

Роман және ертегi

Әдебиетке келмек жас талапкер кiмдердi, олардың нендей дүниелерiн оқымақ керек деген сауал көтерiлгенде, (ал бұл сауал жиi көтерiледi), алдымен еске түсетiнi – Андре Моруаның тiзiмi. Ғайыптан тайып осындай тiзiм жасау құқығы бiзге де берiлсе, онда қандай қаламгерлердiң есiмi аталар едi?

Басқаны қайдам, өз басым Моруаның тiзiмiн дөңгелектеп, тек Бальзакты, онда да оның тек «Үзiлген үмiттер» романын ғана қалдырар едiм. Тағы кiмдердi ұсынар едiңiз, мынауыңыз аз ғой десе, алтын уақытыңызды алғым келмейдi, қаласаңыз мына бiр шағын ғана жапон ертегiсiн сүзiп шығуыңызға болады деген болар ем. Қалғаны өз ықтиярыңыздағы дүние.

Иә, 90-жылдардың басында бiз бiр топ болдық. Аға ақын-жазушылар әдебиетке жаңа бiр толқын келдi десiп қуанысып жатты. Сүйiншi сұрасты. Бiз де сенiмдi едiк. Әдебиетте өз айтарымыз, өз орнымыз бардай көрдiк. Ендi... Бүгiнде сол толқын жағалауға жетпей жуасып қалған секiлдi сезiледi. Тiптi жоқ деуге де болады. Нелiктен?

Рас, бұл көңiл сол кездерде-ақ мына жас толқынның бiразы далақтап босқа жүргендер екенiн жақсы түйсiнетiн. Дегенмен үмiт күттiретiндерi де бар едi. Өкiнiштiсi, олардың да бiразы қазiр сол босқа жүргендердiң қатарын толықтырып үлгердi. Ортанқол журналистке айналды немесе нәпақасын тауып жеу үшiн басқа тарапқа ойысты. Амал қанша?! Бәлкiм, бұл да жазылған ережесi жоқ өмiр заңдылығы шығар...

Өз басым Бальзактың «Үзiлген үмiттерiн» ауылда оқыдым. Неге екенiн қайдам, үлкен қаладағы өмiр, мейлi, ол студенттiк болсын, маған Әзiлхан ағамның «Махаббат, қызық мол жылдарындағыдай» емес, керiсiнше, дәл осы «Үзiлген үмiттердегiдей» болып түйiлетiн. Қазiр сол бала түйсiгiмнiң алдамағанын, кейiн, мына бiр жын-сайтаны мен перiштесi аралас улы, дулы қалаға келгенде, көзге көрiнбес қорғаныма, қорғаушыма айналғанын байқаймын. Өйткенi, көз алдымда, Көктөбенiң бауырындағы Алматыда Бальзактың «Үзiлген үмiттерi» қойылым болып жүрiп жатты. Әлi де жүрiп жатыр. Әнеу бiр редактор, мынау бiр журналист, мына бұратылған актриса... олардың бәрi-бәрi мен бала кезiмде танысқан «Үзiлген үмiттердiң» iшiнде де бар едi. Қысқасы, мен әр тасы, әр бұтасы таныс жерге түстiм. Ол үшiн Бальзакқа рахмет.

Қайсыбiр бауырым бүгiнгi Францияда Бальзак оқылмайтын жазушылардың қатарында дейдi. Мұнысы Бальзакты оқығысы келмейтiнiн аңғартқаны. Iшiмнен күлемiн де қоямын. Ал роман оқығысы келмейтiн адамға ертегi оқышы деп қалай айтарсың. Оның үстiне, қазақ емес, жапонның ертiгiсiн. Оны оның өзiмшiл көкiрегi көтере алар ма?

Дау жоқ, бүгiнгi жапон әдебиетi – бүкiл әлем көзiн сүзiп отырған ең үздiк әдебиеттердiң бiрi. ХIХ ғасырдың басында француз, орта тұсы мен соңында орыс әдебиетiне қонған бақ бүгiнде Латын Америкасы мен iрiлi-ұсақты аралдарға қоныс тепкен осы жапон әдебиетiне қонақтаулы. Себебi неде? Бұл сауалға талай адам жауап iздеген болар. Оны тапқысы келгендер бiздiң қазақ әдебиетiнде де жетерлiк. Күмәндансаңыз, Мұхтар Мағауиннiң қайсыбiр дүниелерiне көз тастауыңызға болады. Сауалға жауап iздемесеңiз де классиктiң қалай қалыптасатынын аңғару үшiн.

Осы бiр себебi неде деген сауалға ой-шамам, қабiлет-қарымым жеткенше мен де жауап iздегем. Жауабын, күлкiлi болса да айтайын, ертегiден, қарапайым ғана жапон ертегiсiнен тапқандай болдым. Ертегiден байқағаным, бұл жапон халқы Бальзактың «Үзiлген үмiттерiмен», ХIХ ғасырда жазылған романмен сонау орта ғасырларда-ақ танысып үлгерген екен. Нақтылап айтсақ, жапонның өз «Үзiлген үмiттерi» бар болып шықты. Дәл осы жерде, ретi келiп тұрғанда, ертегiнi де баяндай кетсем, ешкiм ренжи қоймас деймiн.

Жапон ертегiсi астанадан алыс әлдебiр елдi мекенде бiр жас ақын болыпты деп басталады. Өте аңғарымпаз, сезiмтал балдырғанның жыр моншақтары оның талантына бас июшiлердiң қолжазбалары арқылы астанаға да жетiп жатқан. Олармен танысқан мұндағы ақсақал, қарасақал жыр сүлейлерi де өмiрге ұлы ақын келдi деп бас изескен. Бала ақынның ауылына бiрнеше рет хат та жазысқан. Онда «Сенiң орның астанада, әдеби-ғылыми ортада, дарыныңды жетiлдiрем десең тез жет» деген сөздер бар едi. Мұндай хаттар жас дарынның мерейiн тасытты. Ол ендi астанаға сапарға шығуға асығатын болды. Тек жергiлiктi ғибадатханадағы ұстазы ғана бұл ғажайып сәттi кешеуiлдете берген. «Буының бекiп, бұғанаң қатқан жоқ, тағы да екi-үш жыл шыда, сосын да астананың төрiне үлгересiң ғой» деген тоқтам сөз айтқан. Ұстаз сөзiнен аса алмаған бала у-шулы астананы қиялында кезiп, түсiнде көрiп жүрдi. Ақыры шыдай алмаған, бiр түнi қашып шыққан.

Әне, ол белден-бел, қырдан-қыр асты, небiр өзендерден өттi. Көкiректе туған қаншама жыр ақ қағазға түстi. Бала бұл кездерi шын бақытты едi. Санасында өз жұлдызына, оның биiктiгiне деген сенiмi де беки түскен. Мiне, ол жаяу-жалпылап Миямино жазығына да iлiктi. Мұндағы әсем табиғат бұған дейiн көргендерiнiң бәрiнен де артық, бәрiнен де әсем едi. Бала бiр күн осында қалып, Миямино жазығының сұлулығына арналған жыр жазуға бел байлады.

Күн батты, түн болды, зеңгiр аспан көгiнде жұлдыздар жымыңдасты. Көп кешiкпей бiр бүйiрден Ай да көрiндi. Бiрақ өлең келер емес. Бала қатты қиналды. Ал оның есiл-дертi бiр ғана қиялға, Миямино алқабының әдемi көркiн паш етер жыр жазуға мықтап ауған едi. Шық түсе баста­ғанда ғана жырдың алғашқы жолдары жазылғандай болған:

– О, Миямино алқабы!

Не деген қалың шық?!

Бiрақ бала қанша күбiрлесе де, қиялын қанша қозғаса да ендiгi жыр жолы туар емес. Баланың көңiлiне ендi күдiк кiре бастады. «Япыр-ау, – дедi ол iшiнен, – мынадай сұлулықпен шендесе алар бiр өлең жаза алмасам, астанаға бару, онда ақынмын деп жүру не керек? Өйтсем өзiмдi-өзiм алдағаным болмай ма? Жоқ, қалайда алдымен өлеңдi жазып алуым керек. Астанаға сапарды содан кейiн жалғастырамын».

Дегенмен бала қиялы алға бiр баспай қойды. Тағы да таң атты, Күн шықты, сосын тағы да Күн батты, түн болды, осылай жалғаса бердi. Бала күбiрлеп Миямино алқабын кезедi де жүредi:

– О, Миямино алқабы!

Не деген қалың шық?!

деп қайталай бередi, қайталай бередi. Бiрақ өлеңдi ары жалғастыруға шамасы келер емес. Ендi баланың көңiлiнде торығу басталды. Астанаға сапарын жалғастыруға намысы, кейiн қайтуға ұяты жiбермейдi, жан-дүниесiнде өлеңнiң соңғы жолын жазып қалармын деген жалғыз ғана үмiт. Ақыры күбiрлей-күбiрлей әбден сүлдесi қалған бала қалың гүлдiң ортасына шаршап-шалдығып құлаған. Күбiрлеп жатып көз жұмған. Кейiн осы маңның адамдары оның мүрдесiн тауып алып, жолдың бойына жерлейдi. Бiрақ, бiр ғажабы, баланың мазасыз рухы түнде де Миямино алқабын күбiрлеп кезiп жүретiн боп алады.

– О, Миямино алқабы!

 Не деген қалың шық? 

дейдi бұл күбiр. Сосын осы бiр күбiр қайталана бередi, қайталана бередi.

Осы маңнан өткендердiң естiмегенi жоқ бұл азалы рух туралы әңгiме ауыздан ауызға көшiп жүрiп, ақыры баланың ауылына да жеткен-дi. Ұстаз әңгiменiң өзiнiң балауса шәкiртi туралы екенiн бiрден түйсiнген. Сосын аяулы шәкiртiнiң рухын тыныштандыру үшiн сол күнi-ақ жолға шығып кеттi.

Мiне, ол да Миямино жазығында. Түн қойнында азалы рухтың пайда болуын күтiп отыр. Көп кешiкпей бала ақынның күбiрi естiлдi. Артынша елесi де көрiндi. Елес:

– О, Миямино алқабы!

Не деген қалың шық?!

деп ендi бiр қайталай бергенде, ұстаз:

– О, Миямино алқабы!

Не деген қалың шық?!

Жұлдыз бiткен жерге көшiп алғандай!

деп жалғастырып жiбередi. Сосын осы өлеңдi бала шәкiрт те қайталады. Дауысында риза болған жанның сезiм толқынысы байқалады. Бiрақ ол ұстазына еш назар аударған жоқ. Шамасы, байқамаған секiлдi. Өлеңдi, күбiрлеген қалпы, аяңдап барып моласына сiңiп кеттi.

Жапон ертегiсi осыдан кейiн азалы рух Миямино алқабын кезуiн тоқтатыпты деген түйiн жасап барып аяқталады.

Мiне, осы ертегi Бальзактың «Үзiлген үмiттерiнiң» жапон­­дық нұсқасы болып табылады. Және Бальзак романынан көп бұрын дүниеге келген. Хронологиялық дәлдiкке ұмтылатын болсақ, кемi бес-алты ғасырлық тарихы бар ертегi деуге болады.

Бұл ненi аңғартады? Иә, иә, дұрыс айтасыз, француз әдебиетiнiң ХIХ ғасырдың басында ғана жеткен қайсыбiр шындықтары жапон әдебиетiне орта ғасырларда-ақ мәлiм болғанын байқатады. Ал мұндай тамыры тереңде жатқан, ұлы Бальзактың өзiн бала шәкiрт ретiнде қабылдайтын әде­биеттiң мұрагерлерi ХХ ғасырда әдебиет көшбастау­шылары болуға әбден лайық едi. Себебi, рухани ой көшiнiң алдына шығуға қажеттiнiң бәрi де оларда бар болатын.

 

Ертегiден тарайтын шындық

Жапонияның ең алғашқы жазба ескерткiштерi бiздiң дәуiрiмiздiң ҮIII ғасырына жатады. Мысалы, «Кодзики» («Көне заманда болған жайттар жазбалары») 712 жылы жазылса, «Нахон секи» («Жапония шежiрелерi») 720 жылы дүниеге келген. Қысқасы, жапон жазба әдебиетiнiң он үш ғасырлық тарихы бар деуге болады. Ал ең бiрiншi жапон жыр жинағы «Манъесюдiң» («Мың жапырақ топтамасы») тағы да осы ҮIII ғасырдың еншiсiнде екенiн ескерсек, жапон әдебиетiнiң тамыры тым тереңде екенiне ерiксiз бас шұлғисыз. Кейiнгi Хэйан дәуiрi (Х ғасырлар) әдебиеттiң гүлденген дәуiрi болды десек, және қателеспеймiз. Бұл кездегi жапон ақсүйектерi өз жанынан бiр шумақ жыр шығара алмайтын әрiптестерiн үлкен мәдениеттен жұрдай, кiсiлiгi жоқ жан санауға дейiн жеткен-дi. Адамзат тарихында «Өмiр мен өлең егiз» деген сөзге лайық бiрден-бiр кезең болатын болса, дау жоқ, ол жапон шежiресiндегi осы бiр мамыражай уақыттар болып табылады. Әлем әдебиетiндегi алғашқы роман да жапон топырағында осы кездерi дүниеге келген болатын. Иә, алғашқы роман.

Бұл кездерi императорлардың өзi поэзияға қатты назар аударды. Жергiлiктi жерлердегi есiмi жаңа шыға бастаған ақындардың бәрi де астанаға, әмiршiнiң құзырына шақы­ры­латын. Мұнда олардың жыр мүшәйралары ұйымдас­ты­рылатын едi. Жыр сайысында озып шыққан ақындарға мол тарту-таралғылар берiлетiн. Ал олардың қайсыбiр, патшаның сарайында қалып, үздiк өлеңдердiң жинағын түзушi ретiнде арнайы бекiтiлген жалақы алып тұратын кездерi де кездесетiн. Жапон тарихы осындай ақындардың қатарында Ки-но Цураюкидiң есiмiн атайды. Ол әзiрлеген «Кокин-сю» («Көне және жаңа жапон жырларының жинағы») антологиясы қазiрге дейiн «Манъесюдан» кейiнгi үздiк жыр топтамасы болып есептеледi.

Мiне, жоғарыдағы ертегiде осы дәуiрдiң сұлбасы менмұндалайды. Мұнда да алыс ауылдағы ақын, мұнда да астанаға шақыру қағазын жiберетiн әлдебiр беделдi адамдар. Мұнда да жыр құмар зиялы қауым. Егер ол кездерi анау-мынау адамның астанаға сапар шеге бермейтiнiн ескерсек, балғын ақынның жыр жолдарын қолжазба арқылы астанаға жеткiзген тағы да сол ақсүйектер қауымына жататын ауқатты адамдар болып шығады. Ал мұндай астана секiлдi ақын-жазушының көп жиналар жерiнде өнер адамдарының өз бастарында болған трагедиялар туралы сөз қозғамауы, өмiрде расымен-ақ болған олардың қайсыбiрi қағазға түспей қалуы мүмкiн емес. Демек, жаңағы баян етiлген жапон ертегiсiнде де ақиқат өмiрдiң шынайы суреттерi қиялмен астастырыла өрiлiп көрiнiс тапқан деуiмiзге әбден болады. Заты ертегi демесеңiз, және де бұл Бальзактың атақты «Үзiлген үмiттерiнен» рухани көтеретiн жүгi жағынан бiрде кем емес шынайы шап-шағын шедевр. Иә, ХIХ ғасырдағы Париж Х ғасырлардағы жапон астанасының тыныс-тiршiлiгiн айна-қатесiз қайталайды. Асылы, мұндай әдебиет бәсекесiнде де Азияның Еуропаға мұрын шүйiре, менменси қарауына әбден болатын болар. Әлде ұлы Бальзак Х ғасырда Азияның тү-у шығысында, жапон аралдарының бiрiнде өмiр сүрдi ме екен? Жапондар ұстанатын дзен-буддизмге сенсек, бұлай болуы да бек мүмкiн-ау...

 

Әрiптеспен әңгiме

«Жас қазақ» газетiнiң алғашқы тырнақалды санында жапон жазушысы Акутагаваның шағын сұхбаты және ой үзiктерi жарияланған болатын. Әрине, Акутагаваға таңдауымыз түскенде бiздiң де өз көздегенiмiз болды. Бiрақ не айтпағымызды оқырманның өзi ұғып алсын деген пiкiрдi ұстанған едiк. Ендi ойласақ, онымыз дұрыс болмаған секiлдi.

Мiне, «әл-Тайрда» (бұрынғы атақты «Қаламгер») отырмыз, қатарлас әрiптестерiм «Жас қазақтың» алғашқы санын қызу талқылап жатыр. Талқылау барысында әдебиет бетi туралы да сөз болмай қалған жоқ. Ең үлкен ескертпе «Акутагаваны неге бердiңдер, өзiмiздiкi де жетпей қалды ма?» деген ой ауанына тiрелдi.

Мен бұл ескертпешiлердiң Акутагаваның ой үзiктерiне назар аудармағанына таң қалдым. Онда бар болғаны 24-ақ жасар Акутагаваның ұстазы Нацумо Сосэкиге жазған хатынан (1916 жыл, 28 тамыз) үзiндi бар-ды. Үзiндi ауқымы шағын ғана, мәтiнi төмендегiдей:

«... Бүгiн Чехов әңгiмелерiн ағылшын тiлiнде жаңа басылған аудармасынан оқыдым... Дәл бұлай жазуды үйрену үшiн бүкiл ғұмырың жетпеуi мүмкiн. Кумэ сiзге менiң Сологубты ұнатпағанымды жазған болар. Жоқ, мен Сологубты тұтас ұнатпайды емеспiн. Оның туындыларында да мен басымды иетiн тұстар жетерлiк. Ал мен тек Уэльстiң әңгiмелерiнiң ғана жер-жебiрiне жетiп жатырмын. Егер осындай деңгейдегi жазушының өзi мықты қаламгер ретiнде мойындалып жатса, бұл жапон жазушылары ағылшын жазушыларын басып озды деген сөз ғой...»

Мiне, осындай сөздердi менiң маңайымдағы қатарластарым түгiлi, үлкен ақын-жазушы ағаларымның да бiрде-бiрi әлi күнге айта алған жоқ. Ал жаңағы әдебиетте ендi таныла бастаған, қайсыбiрiнiң жұлдызы танылмай жатып ендiгi өшiп те үлгерген бауырларымның қай-қайсысының да Уэльс пен Сологуб түгiлi, Чеховты да оқымағандарына бәс тiге алатыным анық-ты. Тiптi олардың, шынтуайтына келгенде, Акутагавамен таныстығы да жоқ болатын. Әйтсе де, олар 24 жасар Акутагаваға өздерi келiп қалған отыздың желкесiнде тұрып пiкiр айтудан еш тайсақтаған жоқ. Ағылшын Уэльске, орыс Чехов пен Сологубқа, әрине, әлем мойындаған Акутагаваға олардың жақын арада салиқалы пiкiр айта алатынына және күмәндiмiн. Және олардың арғы-бергiнi танымай жатып толыққанды әдебиет жасай алатынына да күмәнiм бар. Өйткенi, олар Акутагаваның 25 жасында игергенiн елуге келiп те еңсере алмайтын секiлдi. Шамасы, әдебиеттегi өмiрiн сол баяғы шәкiрт қалыптарында аяқтайтын болар.

 

Шекспир мен Куросава

Немiс Эрнст фон Гессе-Вартег сонау 1904 жылы, «Жапония және жапондар» атты еңбегiнде былай деп жазыпты: «Жапонның «джиу-джитсу» деген сөзi азғантай ғана адамға мәлiм болар. Бiрақ осы сөзде жапондардың басқа халықтарға деген көзқарасы, олармен қарым-қатынаста ұстанатын мiнезi жатыр, Еуропаның мыңдаған миль алыста жатқан аралдар мемлекетiнiң табыс құпиясы да осы сөздiң астарында бұғулы.

Джиу-джитсу – әлсiздiң әлдiге қарсы қолданатын әдiс-тәсiлдерiнiң жиынтығы. Тұтас бiр ғылым. Ол күшке қарсы күш қолдануды емес, қарсыластың күшiн өз игiлiгiне қалай пайдалануды үйретедi. Тек самурай ғана емес, кез келген жапон басына қиын-қыстау күн түскенде осы әдiс-тәсiлдерге жүгiнедi.

Жапония Еуропада бар барлық жаңалық бiткендi игердi, бiрақ оны сол қалпында пайдаланған жоқ, тек өзiне тиесiлi мөлшерде, өз күш-қуатын арттыратын дәрежеде ғана қолданысқа алды. Еуропа Жапония үшiн, бар болғаны, биiкке шығаратын саты ғана болған секiлдi».

Өткен ғасырдың басында айтылған осы сөз бүгiнгi Жапонияның да шындығы. Грек милиардерi Онассис су сыйымдылығы 100 мың тонналық танкерлердi жасай бастағанда, ағылшынның «Таймс» газетi бұған болашағы жоқ шаруа ретiнде күле баға берген болатын. Жапондар болса әп-сәтте Онассистiң бастамасын iлiп әкетiп, лезде су сыйымдылығы 500 мың тонна танкерлердi мұхит айдындарына жiбере бастады. Бұл күнде олар осындай кемелер жасаудан әлемде бiрiншi орында тұр. Транзистор, бейнемагнитофон, телевизор туралы де осыны айтуға болады. Ал бұл джиу-джитсу әдiсi жапон әдебиетi мен өнерiне де жат емес. Егер Акутавага өз новеллаларының көбiнiң желiсiн орта ғасырлық хроникалардан, Қытай «Көне әңгiмелерiнен» алса, (мысалы, жазушының атақты «Расемон қақпасы» шедеврi осындағы жарты-ақ беттiк әңгiменiң дамытылған нұсқасы болып табылады) әйгiлi режиссер Акиро Куросава Шекспирдiң өзiн жапон қылып жiбердi. Шекспирдiң «Макбетi» мен «Король Лирiн» оқымаған адамның осы жапон режиссерiнiң «Қанға былғанған тақ» және «Ран» фильмдерiн көне жапон материалдарының негiзiнде түсiрiлген екен деп ойлап қалуы әбден мүмкiн нәрсе. Бiз өз бiлетiндерiмiз туралы ғана айтып отырмыз. Ал бiлмейтiндерiмiз қаншама.

Иә, жапондар да өзгелерден үйренедi. Бiрақ үйренген нәрсесiн сол қалпында қайталамайды, жапон рухы мен жан-дүниесiне, оның iшкi сұранысына сай етiп дамытады, жетiлдiредi. Бiзге жапондардың осы жағынан үйрену керек.

Егер жапондардың ауыр кемелердi сыртқы жаудың басқыншылығынан сескенiп, 1860 жылдары ғана жасай бастағанын ескерсек, арада қырық жыл өтер-өтпесте жапон флотының екi жүз жылдық тарихы бар орыс флотын тiзе бүктiргенi де қызық. Еуропалық өркениет пен мәдениетке назары Мэйдзи реформаларынан (1867 жыл) кейiн ғана бұрыла бастағанын ойласақ, арада елу-алпыс жыл өтпей-ақ Акутагава, Сосэки секiлдi Еуропа түгiлi, әлем мойындайтын қаламгерлердi дайындап үлгергенi және таңқаларлық. Және олардың бәрi де еуропашыл жазушылар емес. Шығармаларынан жапон табиғатының исi аңқитын қаламгерлер.

Ал бiзде орыс әдебиетi арқылы Еуропа, әлем әдебиетiне көз салғалы қанша уақыт өткенiмен, бәрiбiр Акутагавалар байқалар емес. Бәлкiм, дертiмiздiң дауасы неде екенiн бiлмек үшiн Жапония жаққа жiтiлеу қарау керек болар.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға