Жаңалықтар

Алакөлдің электр энергиясы сын көтермейді – сенатор Амангелді Толамисов

Алакөлдің электр энергиясы сын көтермейді – сенатор Амангелді Толамисов
Фото: ©Pixabay.com 21.09.2023 12:49 1137

Туристер көп – электр қуаты аз. Сенатор Амангелді Толамисов Алакөл көлінің маңындағы аудандарда электр энергиясының тапшылығы туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттың сөзінше, Алакөл демалыс аймағы – республика бойынша ірі туристік нысандардың бірі. Бүгінгі таңда онда 302 туристік нысан бар. Биыл өңірде демалушылар саны 1,5 миллион адамға жетіп, оларға 6,9 миллиард теңгеге қызмет көрсетілген.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға ұлғайғанын көрсетеді. Алайда аймақтың инфрақұрылымы мұндай ауыртпалыққа төтеп бере алмай отыр. Сонымен қатар Алакөл ауданындағы Ақши және Көктұма ауылдарының маңындағы демалыс аймақтарына келген жаңа тұтынушылар электр қуатының жетіспеуіне байланысты бірнеше жылдан бері электр желісіне қосыла алмай отыр, – деді депутат.

Сондай-ақ сенатор 2023 жылдың жазғы демалыс маусымында Алакөл көлінің жағалауында 20 рет электр энергиясының өшкенін, салдарынан демалыс орындарының әртүрлі 150-ден астам тұрмыстық техникасы істен шыққанын тілге тиек етті.

Сонымен қоса көл жағалауында орналасқан Көктұма ауылында электр энергиясы кернеуінің төмендігіне байланысты бір туристік нысан өртеніп кетті. Жазғы демалыс маусымы басталғалы бері көл жағалауының электр энергиясының мәселесі жөнінде азаматтардан жергілікті атқарушы органдарға 100ден аса арыз-шағым тіркелді, – деп атап өтті депутат.

Депутат президент жолдауында туристік әлеуетті іске асыру міндеті алға қойылғанын атап өтті. Ал электр энергиясының тапшылығы өңірдегі туризмнің дамуына теріс әсер етеді және туристік нысандарға зиян келтіреді. Сенатор өз кезегінде электр желісі мен қосалқы станция салуды ұсынып отыр. Оның үстіне жергілікті билік тарапынан ұсынылған тиісті жобалар дайын тұр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға