Алакөлден Антальяға дейін. Депутаттар жазда қайда демалады?
Депутаттар жазғы демалысын қайда және қалай өткізеді? Бұл сауалға Мәжіліс депутаттары Дәулет Мұқаев, Елнұр Бейсенбаев, Бақытжан Базарбек жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде Dauletten лақап атымен танымал Дәулет Мұқаев Түркияға бармақшы.
Депутат болмай тұрып, Түркияға жолдама алып, брон жасап қойғанмын. Демалыста Түркияға барамын. Сондай-ақ, шілде айының соңында Алакөлде демалу жоспарым да бар. Ал алғашқы 10 күнде Астанада боламын. Халықпен жүздесіп, кездесулерге қатысамын, - деді Дәулет Мұқаев.
Биыл Мәжілісте талай былықтарды, жерлерді заңсыз алып қойғандар туралы қайта-қайта мәселе көтерген Бақытжан Базарбек ешқайда кетпейді.
Екі ай отбасыммен Қазақстанда боламын. Отбасылық жоспарымыз бар, емделеміз. Өңірлерді де аралау жоспарымыз бар, - деді Базарбек.
Оның айтуынша, депутаттардың жаңа стереотипін қалыптастыру жоспарланып жатыр.
Стереотип бойынша каникулдың өзінде де депутаттар жұмыс істейді. Facebook-тан да өздеріңіз көріп жүрген шығарсыздар, көп демала қоймаймын. Тау-тас пен шөлді аралап халықпен бірге боламын, - деді Бақытжан Базарбек.
Сонымен қатар, ол талап бойынша депутаттар өңірлерді екі апта уақыт бойы аралап жүруі тиіс екенін айта кетті.
Ал Елнұр Бейсенбаев Балқаш пен Алакөлге барамын деп отыр.
Бізге ыңғайлы, тиімді. Бала-шағамыз кішкентай ғой. Ал партиялық жұмыс жағынан әлбетте, өңірлерді аралаймыз, - дейді депутат.
Бұған дейін Ринат Зайытов жауап берген еді.