Жаңалықтар

Алакөлдегі ұшақ апаты: ААК оқиғаның мән-жайын айтты

Алакөлдегі ұшақ апаты: ААК оқиғаның мән-жайын айтты
Фото: ©El.kz 29.07.2024 11:47 523

Азаматтық авиация комитеті 25 шілдеде Алакөл көлінде әуе кемесінің құлауына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Ақши ауылында болған. Ұшақ көлге құлап, салдарынан екі адам зардап шекті.

ААК мәліметінше, бұл әуе кемесі азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізімінде тіркелмеген, тиісінше оның ұшуға жарамдылығы сертификаты болмаған.

Ұшқышта авиация персоналының қолданыстағы куәлігі жоқ. Әуе кемесінің құлау себептерін тергеумен құқық қорғау органдары айналысады, - делінген хабарламада.

Ведомство азаматтарға үндеу жасап, әуе көлігін таңдау кезінде қауіпсіздіктің негізгі аспектілерін ескеруді ұсынды:

- әуе кемесінің иесінің уәкілетті органдар берген барлық қажетті лицензиялары мен сертификаттары бар екеніне көз жеткізіңіз;

- әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету қашан жүргізілгенін біліңіз;

- ұшқыштың тәжірибесі мен біліктілігі туралы біліңіз. Оның әуе кемесінің белгілі бір түрін басқару үшін жеткілікті тәжірибесі болуы қажет;

- әуе кемесінің иесі өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, соның ішінде жолаушылар алдындағы жауапкершілігін сақтандырғанына көз жеткізіңіз;

- ұшу алдында қауіпсіздік бойынша нұсқама мен көрсетілім өткізілуі тиіс. Бұл сізге төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуге көмектеседі;

- барлық апаттық-құтқару жабдықтары (мысалы, құтқару кеудешелері) жарамды күйде екендігіне көз жеткізіңіз;

- ұшу алдында ауа райының ұшу үшін қауіпсіз екендігіне көз жеткізіңіз. Қолайсыз ауа-райында ұшудан аулақ болыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға