Алакөл жағасында жоғалған бес жастағы балалар табылды
Ұл мен қыз бала ата-анасының көз алдында ойнап отырып, жоқ болып кеткен.
Алакөл көлінің жағасында жоғалған бес жастағы балалар аман-есен табылды. Олар ата-анасынан бір шақырым жер алыстап кеткен, деп хабарлайды El.kz облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– 16 шілде күні кешке қарай Алакөл көлінің жағалауын күнделікті патрульдеу барысында Алакөл өңірінің жедел-құтқару жасағының құтқарушыларына 2017 жылы туған, Жетісу облысы Алакөл ауданы Ақши ауылында ата-анасымен демалыста жүрген екі отбасының балалары жоғалғандығы жөнінде хабарлама түсті. Ұл мен қыз бала ата-анасының көз алдында ойнап отырып, жоқ болып кеткен, – делінген хабарламада.
Іздеуге алты құтқарушы мен 3 жүзу құралы жұмылдырылдған.
– Балалар ата-аналары орналасқан орыннан шамамен 1 шақырым қашықтықта, әртүрлі жерлерден аман-есен табылды. Медициналық көмек оларға қажет болмады,- делінген облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Балалардың ата-аналарымен судағы қауіпсіздік ережелері және су маңында кәмелетке толмаған балаларға үнемі назар аудару қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Облыстың ТЖД азаматтарды суға шомылу маусымында барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.
