Жаңалықтар

Қала сәні – муралдар

Қабырғаларға салынған суреттер көше мәдениетінің бір түріне айналған
Қала сәні   –   муралдар
08.06.2020 18:20 4810

Елімізде жыл сайын зәулім ғимараттардың қабырғаларына салынған муралдар саны артып келеді. Белгілі бір тақырыпқа құрылған әрі өзіндік көркемдік ерекшелігі бар стрит-арт стиліндегі бұл туындылар шаһар көркін одан сайын ажарландыра түскен. Сондай-ақ, қабырғаларға салынған көлемді әрі көркем мұндай суреттер көше мәдениетінің бір түріне айналып үлгерген.

Мурал –  монументальды бейнелеу өнерінің танымал бағыттарының бірі. Бұл ағылшын тілінен енген сөз. Ол қабырғаға салынған сурет деген мағынаны білдіреді. Оның тарихы бұрынғы кездегі адамзат баласының үңгірде қабырғаларға қашаған жазуларынан бастау алады. Ең бірінші түрлі-түсті мұндай мурал Латын-Америка елдерінде өткен ғасырдың бірінші жартысында салына бастаған. Мексикадағы үйлердің қабырғалары жұртшылықты өз бостандықтары мен құқықтары жолында күреске шақыратын муралдарға толы болған. Уақыт өте келе олардың мазмұны өзгеріп, үлкен мегаполистерде көбінесе сюрреализм бағытындағы суреттер кеңінен тарала бастаған. Кейін бұл бағыт Латын Америка елінің шекарасынан асып, өзге мемлекеттерге таралды. Олардың қатарында елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы да бар. Жалпы бас шаһарда бірінші қабырға суреті 2017 жылы салынған болатын. Мұндай суреттердің арқасында қалалардың келбеті ажарлана әрі ерекшелене түседі.

d3cc9881-d0bc-4a03-b3b8-00c4d978d22d.jpg

Биыл Жеңістің 75 жылдығына орай елордадағы тұрғын үйлердің біріне қазақтың біртуар ұлы, әскери қолбасшы, тактик, стратег, жазушы әрі Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының қабырға суреті салынған болатын.

– Өздеріңізге мәлім, биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Соған орай біз осы тарихтан әсіресе Қазақстан тарихынан сыр шертетін дүниені жасағымыз келді. Арада көп уақыт өтпей еліміздің тарихында ерекше орын алатын батыр бабаларымыздың бірі Бауыржан Момышұлының портретін салуды жөн көрдік. Осы портрет арқылы соғыс даласында елі мен жері үшін от кешкен батырларымызға шексіз алғысымызды жеткізуді мақсат еттік, - дейді жоба жетекшісі Кристина Бекмурзаева.

Осылайша «біз алыстан көз тартатын әрі өзгелерден ерекше болып тұратын композиция болғанын қаладық» дейді ол.

– Біз қабырғада салынған портретке даңқты жауынгер Бауыржан Момышұлының жас кезін әдейі таңдап алдық. Байқасаңыздар, қазақтың біртуар ұлының суретін соғыстан жақындары мен туыс-туғандарын күткен көптеген аналар мен жауынгерлердің жарларын бейнелейтін әйел адамның қолдары ұстап тұр. Сол арқылы Ұлы Отан соғысының ешбір жанұяны айналып өтпегенін жеткізгіміз келді. Оған қоса, осы композиция арқылы бабаларымыздың бейбіт өмір үшін соғысқанын әрі өзінің Отаны мен жерін қорғағанын көрсетуге тырыстық, - дейді жоба жетекшісі Кристина Бекмурзаева.

Бұл жобаны шамамен бір ай дайындаған. Ал портретті қабырғаға салуға бір аптадай уақыт кетіпті.

– Осы композицияны салу үшін көптеген жұмыстар жүргізілді. Бұған алдымен, эскиз салу, концепциясын жасау қажет болды. Ол үшін біршама нұсқалар ұсынылды. Жұмыс барысында суреттің көзге көріне бермейтін ұсақ жеке детальдарына дейін баса назар аудардық. Олардың барлығын егжей-тегжей мұқият ойластыру өте маңызды. Бас-аяғы бұған бір айдай уақыт жұмсалды. Бастысы біз өз мақсатымызға жеттік деп ойлаймын, - дейді жоба жетекшісі Кристина Бекмурзаева.

3a026136-2e60-410a-963a-fa133a9074dc.jpg

Бұл муралдың авторлары – Али Закир мен Ержан Танаев. Олар Tigrohaudcrew командасының граффитті-суретшілері. Шығармашылық топтың бұл Нұр-Сұлтан қаласындағы алғашқы жұмысы емес. Бұған дейін олар бас шаһардағы басты көшелердің бірінің бойындағы тұрғын үйдің қабырғасына қазіргі кезде «COVID-19» жұқпалы індетімен күресте алдыңғы қатарда жүрген ақ халатты дәрігерлерге арнап көлемді сурет яғни мурал салған болатын. Бұл сурет бейнеленген көпқабатты тұрғын үй медициналық университеттің жанында орналасқан.

– Бұл муралды салудағы басты мақсатымыз ақ халатты абзал жандарға алғыс білдіру болды. Көпшілікке белгілі, олар қазіргі таңда бүкіл әлемді жайлаған коронавируспен күресіп жатыр. Барша қазақстандықтар үшін бүгінде медицина саласының әр қызметкері батыр ретінде есептелінеді. Өздеріңізге мәлім, президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерге қолдау көрсетіп жатыр. Соған біз де өз үлесімізді қосуды жөн көрдік. Әлбетте, олардың еткен еңбектерін сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес, - дейді шығармашылық топ.

Олардың республика бойынша қазіргі кезде 15-тен аса көлемді жұмыстары бар.

– Біздің алғашқы суретіміз яғни мурал осыдан бес-алты жыл бұрын Талдықорғанда пайда болды. Бәрі содан басталған еді. Қазіргі кезде еліміз бойынша салынған муралдың көбісінде танымал жазушылар мен спортшыларымыздың бейнесі бейнеленген. Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Ақтау, Ақтөбек, Қостанай сынды өзге де қалалардағы тұрғын үйлердің қабырғаларында ілулі тұр, - дейді Али Закир мен Ержан Танаев.

Олардың айтуынша, сурет салу өнерімен 2004 жылдан бері айналысып келеді. Ал 2007 жылдан бастап граффитимен шұғылданса, соңғы бес-алты жылдан бері муралдар салумен айналысады.

– Биіктікте сурет салудың өзіндік қиыншылықтар бар. Мәселен, биіктікке көтерілгенде бойынды аздаған қорқыныш сезімі билейді. Жасыратыны жоқ, әсіресе күтпеген жерден жаңбыр, жел секілді ауа-райының күтпеген қолайсыздығынан да одан сайын қорқыныштылау болатыны рас... Жалпы жұмыс барысында осындай қиындықтар кездесіп жатады. Қазіргі кезде шеберханамызда түрлі тақырыпта суреттер салумен айналысып жатырмыз. Алдағы уақытта өзіміздің жеке көрмемізді өткізу жоспарымызда бар, - дейді шығармашылық топ.

Жалпы суретшілердің айтуынша бір қабырғаға шамамен 30 литр түрлі-түсті бояу қажет. Ал муралдың өзі кез келген ауа-райына көмескіленбей 5-6 жыл шыдас береді екен. Демек тұрғын үйлердің бүйіріне бейнеленген көркем суреттер әлі талай көз қуантатыны сөзсіз.

Елорданың жиырма жылдық мерейтойы кезінде бұрынғы Астана қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында көше суретшілерінің арасында көптеген түрлі фестивальдер өткізіліп, бас қала одан сайын әдемілене түскен болатын.

Жалпы мұндай қанық түсті әрі айшықты суреттер шаһардың күнделікті күйбең тіршілігінен жалыққан тұрғындары мен қала қонақтарының жүздеріне қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтыны сөзсіз...

(Суреттер сұхбат берушілердің жеке мұрағатынан алынған)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға