Жаңалықтар

«Алақандағы әлем»

Миниатюралы мүсіндер көрмесі
01.07.2016 03:46 7628

«Астана» ұлттық сурет галереясында суретші, ағаш және сүйек өңдеудің шебері Руслан Жүнісовтің «Алақандағы әлем» атты жеке көрмесі ашылды. Шара ел Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналды.

«Алақандағы әлем»

Көрмеге автордың ағаштан жасалған миниатюралы 23 мүсіні қойылған. Олардың әрқайсысы – биіктігі 2-5 сантиметрден аспайтын, түрлі материалдардан жасалатын сәндік-қолданбалы өнердің көркем туындылары. Жапон халқында бұл өнер кең таралған.

Жалпы шығармашылық жолында Руслан Жүнісов 200-ге жуық мүсін жасаған. Оның қолынан шыққан кіп-кішкентай адамдарға үңіле қарасаң, әрқайсысы сөйлей жөнеледі. Мүсінші бар ғаламның бейнесін алақанына сыйдырғандай әсер қалдырады. Бұлар – жай ғана ойыншықтар емес, үлкен өнер туындысы. Руслан Жүнісовтің ең алғаш жасаған жұмысы – «бір қапшық бақыт арқалаған ергежейлі». Оны мүсінші өзінің сүйікті жұбайына сыйлаған екен.

«Алақандағы әлем»

Шараның ашылуында сөз сөйлеген «Астана» ұлттық сурет галереясының басшысы Асылхан Сәдуов мұндай көрме елордада алғаш рет өтіп жатқандықтан, дайындық барысында галерея ұжымының қатты қобалжығанын айтты:

 – Расымен, осындай әдемі көрме болады деп күтпеген едік. Бүгін қатты қуанып тұрмыз. Байқасаңыздар, Руслан Жүнісовтің мұнда қойылған әр мүсіні, әр суреті сөйлеп тұр. Суретші әрбір мүсінге өзінің жүрегін бергендей әсер қалдырады.

«Алақандағы әлем»

Ал, Астана қаласы Суретшілер одағының төрағасы Тоқтар Ермеков өзінің көрме туралы пікірін былайша жеткізді:

– Сондай жылы көрме, сан түрлі образдар, сюжеттер... Адамдардың қарым-қатынасы, мінезі, бәрі-бәрі осынау кішкентай өнер туындыларының бойына сыйып тұр. Жалпы, тарихтан бейнелеу өнеріне айрықша көңіл бөлген елдердің қарыштап дамитынын білеміз. Мысалы, ежелгі Египет, Грекия мемлекеттерінің ұлы мәдениеті олардың атын әлемге әйгіледі. Ал, бізден кейінгі дәуірде ұрпақтарға қалатын өшпес мұра осы Руслан Жүнісов  сияқты суреткерлердің қолынан шықса керек.

«Алақандағы әлем»

Белгілі фотограф Арман Байсадықов мүсіншінің миниатюраларының ғаламтор бетінде танылуына көп үлес қосты. Ол кішкентай «адамдарды» Астананың ең көрікті жерлерінде суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеген. «Руслан Жүнісовпен алғаш танысқанда-ақ оның бойындағы зиялылықты байқадым. Шығармашылық адамы екені бірден байқалып тұрды. Осындай керемет жанмен танысқаныма ерекше қуаныштымын» дейді фотограф.

«Алақандағы әлем»

Руслан Жүнісов Астанаға осыдан үш жыл бұрын көшіп келген екен. Бұл – оның елордада ұйымдастырылған алғашқы көрмесі.  Суреткер өзінің мүсіндерінің бір күндік жұмыс емес, жылдар бойы жасалған еңбек екенін айтады.

–       Бала күнімнен кішкентай жәндіктердің тіршілігін қызықтағанды ұнатамын. Қоңыз, өрмекші, тарақандар кіп-кішкентай болғанымен, олардың барлық дене мүшесі бар. Сыртқы пішіні сондай қызық көрінеді. Сонымен қатар, бала кезде маған жаңа жылда шыршаға ілетін әйнек ойыншықтар ертегі әлемінің элементтеріндей көрінетін. Ержеткенде мен де сондай ойыншықтар жасаймын деп ойладым.

«Алақандағы әлем»

Кейінірек жапон халқында бұл өнер «нэцкэ» деп аталатынын білдім. «Нэцкэнің» туындыларының суретін алғаш 25 жасымда бір ашықхаттан көрдім. Бірінші рет жасаған 5-6 жұмысымды Қарағандыдағы музейге апардым. Музей директоры «бұларды сізге қайтармаймыз» деп, менен бәрін сатып алды. Осылайша, мен бір күнде байып шыға келдім...

Миниатюралық мүсін өнері Қазақстанда енді-енді дамып келе жатыр. Бұл туындылар мыңдаған жыл бойы сақталуы мүмкін. Кезінде Жапонияда бір алып кеме суға батып кеткенде, «нэцке» су астында жүздеген жылдар бойы жатыпты. Оны кейін су астынан алып шыққанда, сол баяғы қалпында сақталған екен. Яғни, ағашты жақсылап өңдесе, ол ұзақ сақталады. Мен де өз жұмыстарымды жақсы сақталатын ағаш түрлерінен жасаймын, – дейді мүсінші.  

«Алақандағы әлем»

Руслан Жүнісов өзінің әр жұмысына аз дегенде үш ай уақыт жұмсайды. Кейбір процесстер тіпті жарты жылға дейін созылады. Алдымен, ойға алған туындысының сипаттамасын жазады. Қатты ермексаздан мүсінді жасайды. Содан соң, оны ағашқа көшіреді. «Ағашты кескен кездегі дауысты естіген сәтте шабытым оянады. Ағаштың кішкене бір бөлігін байқаусыз кесіп алсаң, қайта желімдеуге келмейді. Сондықтан, жұмыс барысында еш асықпаймын. Әрбір детальға мән беремін» дейді өзі.

АНЫҚТАМА

«Алақандағы әлем»

Руслан Жүнісов – суретші, мүсінші, ағаштан және сүйектен миниатюралы пластика оюдың шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Суретші Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Ол – екінші халықаралық Киев көрмесінің, «Өнер – халық қазынасы» атты облыстық байқауының дипломанты, «Туристік өнімнің үздік презентациясы» атты байқаудың номинанты. Сондай-ақ, ол «2007 жылы Қазақстан Республикасындағы шағын бизнесті дамытудағы жетістіктері үшін» атты республикалық байқауда «Халықтық көркемөнер саласындағы үздік кәсіпкер» атағын жеңіп алды.

«Алақандағы әлем»

Суретші қолөнер саласындағы әдістемелік оқу құралдарын жазған. 2010 жылы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге сіңірген еңбегі үшін «Сердце, отданное детям» атты ҚР білім беру ісінің үздіктеріне арналған жинаққа да енгізілген болатын.

Руслан Жүнісовтің туындылары Амстердам қаласындағы заманауи өнердің ұлттық музейінде, Қарағанды қаласының бейнелеу өнері музейінде және «Астана» ұлттық сурет галереясының қорында сақталған. Мүсіндер түрлі халықтар мен этностардың тарихына негізделе жасалып, оларда негізінен қазақ эпостық жырларының, аңыздардың және ертегілердің кейіпкерлері бейнеленген.

Көрме 1 шілдеге дейін жалғасады.


Роза ӘРЕН

Суреттер фотограф Арман Байсадықовтың жеке қорынан алынды

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға