Алғыс айту
Алғыс – қуаныш үстінде, жиын, мереке, той-томалақта адамдардың бір-біріне білдіретін игі тілектің этикалық мәнді атауы.
Әуелде, көне түркі тілінде алғыс сөзі (алкыш – algis) деп аталып, «мадақтау, ізгі тілек айту» мағынасында қолданылған. Сондай-ақ, алкыш алғыс кейбір түркі халықтарында, мысалы, алтайлықтарда өтіну, жалбарыну, сахаларда әртүрлі рух иелеріне арналған мадақтау, жалыныш деген мағынада қолданылады. Мұны, әсіресе, ислам дінін қабылдамаған жұрттың фольклорынан анық байқауға болады. Нұрсан Әлімбайдың пікірінше, алғыстың түптөркіні алас, аластау сөзінен, онтологиялық тұрғыдан келгенде аластау ғұрпынан бастау алады. Аластаудың негізгі мәні жамандық әкелетін жәдігөй немесе озбыр күштердің ықпалынан құтқару екендігі белгілі. Алғыстың да түпкі мәні – ризашылық білдіру арқылы жамандықтан ада болуды тілеу. Демек, алғыс алас сөзінің уақыт келе сан алуан логикалық, морфофонологиялық және фонетикалық контоминациялық түрленістің нәтижесі болып табылады. Осы жайт алтайлықтардың алқыш деп аталатын фольклорлық жанрында көрініс береді. Бірақ алқыш қазақ тіліндегі алғыс мағынасында емес, бата-тілек ретінде қолданылады. Алайда алқыштың семантикасын алғыс төркінінің алас, аластау ұғымымен генетикалық байланысын айғақтау үшін әбден қолдануға болады. Алтайлықтар аңға шығардың алдында отқа табынып, аластау ғұрпын атқарады екен. Осыған байланысты алқыш айтатын болған:
Алас, алас,
Отыз басты от ене,
Қырық басты қыз ене,
Шикі болса пысырған,
Тоңды болса еріткен,
Ата болып айланып түс,
Ене болып иіліп түс!
Аңшы биік таулардың асуынан асқан сайын тоқтап, сол таудың рух-иесіне бағыштап арша тұтатып, киелі ағашқа ақтық байлап, алкыш айтқан:
Ал тайга асуын берсін,
Ағын су кешуін берсін,
Алтайым аңын аттырсын,
Жорық жеңіл болсын!
Бұл алкыштарда аңшы отпен таудың иесіне жалбарынып, арнайы ырым жасағаны көрініс тапқан. Алтайлықтардың отбасылық-тұрмыста айтылатын тілектері, алкыштары қазақтардағы батаға ұқсайды. Демек, алтай алкышында біздегі тілек, жалбарыну, бата жанрлары бірыңғай көрініс тапқан дейді академик С.Қасқабасов.
Алғыс тек «ізгі ниетті» ғана білдірмейді. Қазақта алғыс сөзі, әдетте, үлкен бір істің атқарылып біткен кезінде, яки болмаса жас адамның үлкен қарияға жасаған игілікті іс-әрекетіне қатысты айтылады. Яғни қазақтағы алғыс ежелгі сипатын өзгерткен, ол рух-иеге немесе басқа бір құдіретке жалыну емес. Керісінше, қазақ алғысы ризашылық белгісі, игі іс атқарған адамға деген ерекше қатынасты көрсетеді. Сол себепті қазақ жастары үлкеннің алғыс-ын алуға тырысқан. Мәселен, олар тойда, аста жиналған үлкендердің алдынан шығып, аттарынан қолтықтап түсіріп, үйге енгізеді. Сол кезде риза болған ақсақал «Қарағым, ғұмырлы бол!» деп өзінің алғысын айтады. Немесе, үйде жағалай отырған адамдардың қолына су құйып, орамал беріп, қызмет етеді, ал келіндерге үлкендер «Көп жаса, шырағым!» деп ризашылық сезімін білдіреді. Сол сияқты жас келін үйге келген кісіге, яки жасы үлкен адамға ізет көрсетіп, сәлем етеді. Оған «Қалқам, өркенің өссін» деп, үлкен кісі өзінің ризашылық батасын айтады. Я болмаса жас адам үлкен кісінің әлдеқалай берген тапсырмасын дер кезінде ойдағыдай орындаса, қария оған «Жасың ұзақ болсын!» деген сияқты алғыс айтып, екі жақтың да көңілі хош болады. алғыс тұрмыспен, ғұрыппен тікелей байланысын жоғалтпаса да, ежелгі синкретті сипатын өзгертіп, негізінен, этикалық тұрғыда қолданысқа көшкен.
Қазақ алғыс-ы нақты адамға қарата айтылады, сөйтіп, ол екі адамның бір-біріне деген ізгі ықыласын білдіреді. Оның басты мақсаты жақсылық істеген адамға ризашылық білдіру, алғыс алған адамның көңіл қош болып, ырыс-берекесі арта түседі деп ырымдаған. Қазақта алғысты риза болған адам айтады, оны сұрап алмайды, басқа түркі халықтарындағыдай арнайы алғысшылар болмайды.
Сахаларда үлкен тойлар мен қуанышты жиындар басталмас бұрын Алғысшылар әртүрлі рух-иелерге, құдіретке қарата көлемді алғыс айтатын болған. Ондай алғыстардың құрылымы да біршама күрделі: бірталай рух-иені, кереметтерді мадақтаған кіріспеден, содан соң, соларға бағышталған тоғыз түрлі жалыну, жалбарынудан, одан кейін, қорытынды өтініштен тұрады. алғыс айтылған соң сол құдіреттерге арнап қымыз шашады.
Мұндай көнелік белгі қазақ алғысында жоқ. Жалпы, қазақ алғысы өзінің байырғы мән-мағынасын, әлеуметтік- тұрмыстық қызметін жоғалтумен бірге, жеке бір жанр ретінде де қызмет етуден қалған болуы ықтимал. Оның себебі көп: біріншіден, ислам дінін ертерек қабылдаған қазақ халқы бұрынғы алғыс сөзін бата сөзімен алмастырып, алғыстың мән-мағынасын көшірген, сөйтіп, күнделікті өмірде алғыс айтудың орнына «бата беру» орныққан. Байқайтынымыз: алғысты риза болған жақ өзі айтса, батаны екінші жақ көбінесе «Батаңызды беріңіз!» деп сұрап алады. Екіншіден, алғыс ұғымында ризашылық белгісі сақталған, ол туралы қазақ паремасында «Алтын алма, алғыс ал!» деп келетін мәтелде алғыстық сакральды сипатын байқауға болады. Себебі, қазақ ұғымында алғыс алған адамды Тәңір жарылқап, оның құты көбейеді, ырысы артады деп сенген (толығырақ қ. Бата). алғыстың мазмұны көбіне тілек түріндегі білдіріледі: Алла риза болсын! Көп жаса! Өмір жасың ұзақ болсын! Бақытты бол, Тең құрбыңның алды бол! және т.б.
М.Әуезов шығармаларында қазақы алғыстың мынадай түрлері айтылады: Алдыңнан жарылқасын; амандық шаттықпен көрісуге жазсын; аруақ жар болсын; аруақ қолдасын; бақыл бол; жолыңа жұп шырақ; жолың болсын; көрісуге күн жақсы болсын; қадамың құтты болсын; қайырлы болсын; қайыры бірге болсын; қосағыңмен қоса ағар; байлар көбейсін; құдай көңіліңді өсірсін; құсың құтты болсын; қызығың ұзақ болсын; ойнар көбейсін; осы бетіңнен жарылқасын; өмір жасың ұзақ болсын; от анасын жарылқасын; өркенің өссін; садағаң келсін; сауық молайсын; сақтай гөр терістен; тие берсін; тілектерің тап болсын; тілеуің берсін; ұзағынан сүйіндір. Сонымен, дәстүрлі қазақы алғыс белгілі бір жанның жасаған жақсылығына (рухани, материалдық, институционалдық және т.б.) деген ризашылықтың когнитивтік образы болып табылады. Демек, жасалған жақсылықтың рухани қайтарылымы іспеттес алғыс-ты дәстүрлі ортадағы әлеуметтік байланысты нығайтудың ілкімді принциптерінің бірі деуге болады.
Әдеб.: ДТС. Л., 1969; Төленова С. Алғыс мәнді тұрақты тіркестер // ҚМ. 1974. №6; Эргис Г.У. Очерки по якутскому фольклору. М., 1974; Каташ С. Алкыш сос (благопожелания) – древний жанр алтайского фольклора // Улагашевские чтения. Горно-Алтайск, 1979. Вып.1; Жанпейсов Е.Н. Этнокультурная лексика казахского языка (на материалах произведении М.О. Ауэзова). Алма-Ата: Наука, 1989; ҚӘТС. 1-том. Алматы: Арыс, 2004; Қазақ әдебиетінің тарихы. 1-том. Фольклорлық кезең. Алматы: Қазақпарат, 2008.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»