Жаңалықтар

Ақпараттық Қазақстан: жаңа медианың дамуы

Қазақстанның ақпараттық коммуникациялық технологияларының даму перспективасы қандай? 
Ақпараттық Қазақстан: жаңа медианың дамуы
11.09.2017 15:54 33056

ХХІ ғасыр – инновация ғасыры. Біріккен ұлттар ұйымының шешімімен ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры деп бекітілген болатын. Сондай-ақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында ХХІ ғасырды техниканың, ақпараттандырудың озық дамыған кезеңі деп көрсетті.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 8 қаңтардағы № 464 Жарлығымен бекітілген "Ақпаратты Қазақстан - 2020" мемлекеттік бағдарламасында "Адамзат өркениетінің қазіргі заманғы дамуы ғылыми-техникалық төңкерістің кезекті кезеңі - ақпараттық коммуникациялық технологияларды өмірдің барлық салаларына енгізумен сипатталады, бұл технологиялар адам өмірінің салтын өзгертіп, ақпараттық қоғамға, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы жоғары қоғамға көшу үшін іргетас әрі материалдық база болады" деп атап көрсетілген. Қазақстанның ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласы қалай дамуда, қандай преспективалары мен проблемалары бар? осы және басқа мәселелерді мақаламда шолып шығамын.  

Әлемде тележурналистика 16 сала бойынша дамыса, интернет журналистика 32 сала бойынша дамып отыр. Интернет журналистикасының негізін интернет сайттары мен порталдар құрағандықтан, бүгін әр саланы бөлек-бөлек қарастырамыз. Олар: авиа сайттары, көлік сайттары, аниме сайттары, архитектураға арналған арнайы  салалық сайттар, әскери сала, географиялық сала, генеалогия саласы, мемлекеттік сала, танысу сайттары, тарихи сайттар, киносайттар, ақпараттық технологиялар саласына қатысты сайттар, әдеби сайттар, медециналық сайттар, музыкалық бағыттағы сайттар, білім саласындағы сайттар, танымдық сайттар, діни сайттар, финанс саласындағы сайттар, отбасылық сайттар, аударма жұмысына арналған сайттар, спорттық сайттар, театр саласына қатысты сайттар, фотография саласына қатысты сайттар, экономикалық сайттар, заң саласындағы сайттар. Промо сайттар мен корпоративтік сайттарды қоспағанда, Қазақстанда фотохостинг және видеохостинг бір сайтта жасақтала береді. Осылайша, ақпараттық сайттар мәтінмен қатар видеохостингте сақталған видеоларды, фотохостингте сақталған фотоларды оқырманға материал арасында бөлісіп, конвергентті журналистиканың негізін қалап отыр. Интернет дәстүрлі ақпарат құралдары – телеарна, радио, газеттерг қарағанда аудиориясына әлдеқайда тез қалыптастырды. Мысалы радио алғашқы 50 миллиондық аудиториясын 38 жылда, ал телеарна 13 жылда жинаған екен. Ал, интернет небәрі төрт жылда осындай көрсеткішке ие болған.

Интернет журналистиканың жылдам дамуын оның күрделілігімен байланыстырады. Яғни, бір мезетте дыбыс, видео, мәтін, түрлі инфографикалар, суреттер беруге болады. Дәстүрлі ақпарат құралдарында яғни, газет-журналдарда сайт редакциясында бір редактор атқаратын қызметті  жеке-жеке топтан құралған  командалар істейді. Интернет журналистиканың тағы бір ерекшелігі ол – бір адам – бір бұқаралық ақпарат құралы ретінде саналады. Оған дәлелдер де өте көп. Бізде салалық сайттар көбейіп келеді. Өзінің қызығушылығы бар адамдар белгілі бір салада жеке сайттар ашып жұмысын жүргізіп отыр. Бәсекеге қабілеттілігін де байқап отырсыздар.

Қазіргі таңда әлемдік БАҚ жаппай интернеттенуге көшті. Еркін ойдың аймағы саналатын интернет әлемі дәстүрлі БАҚ-тың нағыз бәсекелесіне айналды. Елімізде ғаламторды пайдаланушылар саны да едәуір арта түскені баршамызға аян.  Дәстүрлі ақпарат құралдарындағы тұтынушылардың көпшілігі жаңа медианың жаңалығына мойын бұрды. Ал, жаңа медиа ақпарат таратудағы жылдамдығымен ерекшеленіп тұр. Дәстүрлі журналистикамен қатар интернет журналистика да қоғамда өзіндік орнын айқындай бастады. Бізде дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет арасындағы бәсекелестікте таразы басы тең емес. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен күресте интернет журналистикасы жеңіске жетті деп ойлаймыз. Өйткені интернетті алғашқы кезде өсек-аяң ортасы деп қабылдайтын телеарналар, радио, газеттер қазіргі таңда еріксіз жеке сайттар ашуға бел буды. Тіпті арнайы веб-редакция жасақтап, қазір сонымен жұмыс атқарып отыр.  Әлемде ақпарат тарату шапшаңдығымен ерекшеленетін онлайн журналистика алға озды. Жыл сайын ақпаратты интернет арқылы алушылар саны көбейіп келеді. Мысалы, 2002 жылы 1,1 млрд адам жаңалықтарды интернеттен оқып білсе, 2004 жылы оның саны 3,4 млрд-қа дейін еселене түскен.

Әлемнің көп елдерінде теле, радио, газет-журналдар онлайн режімінде ақпарат таратуға көшті. Бірақ, біздің елде онлайн журналистиканың игілігі толық меңгерілмей келеді. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары  жаңа онлайн режимінде жұмыс істеуге толық бет бұрған жоқ. Интернет қауымдастығындағылар бұл жаңалықтарды сол мезетте естіп, біліп, талқыдан өткізіп жатады. Бұл жерде әлеуметтік желілердің (facebook, twitter) қызметі алдыңғы орынға шығып тұр. Оған қоса, телевизия әлемінің жаңа медиамен бәсекесіне көңіл толмайды. Телеарналардың web нұсқаларының жұмысы жоғары деңгейге жете қойған жоқ. Дизайны мен жаңартылу жағын айтпағанның өзінде, ақпарат алуға кедергі көп. Сонымен қатар, қазақ газеттеріне жаңа онлайн режімінде жұмыс істеуді мықтап қолға алатын уақыт келген сияқты. Алыс аймақтарға газет таралып біткенше оның ақпаратының маңыздылығы кеми түседі, ақпарат ескіреді. Ал, газет сайттарының басым көпшілігі – оның қағаздағы нұсқасының көшірмесі ғана. Сонымен бірге, сайт оқырмандарымен өзара диалог жүргізу ісі дұрыс қолға алынбаған.

Интернет контингентінің басты талабы – ақпараттың жаңарып отыруы. Міне, сондықтан, газет сайттарының да жаңартылып отыруының маңыздылығы осы жерден көрінеді. Жаңа медиа кеңістігі жаңалыққа толы. Алайда, бұл кеңістікте де шешілмеген мәселелер шаш етектен. Әсіресе, ұлттық, тілдік мүдде екінші орынға ысырылып қалып жатыр. Интернет кеңістікті ұлт мүддесіне жұмыс істеткізуде әлі де жайбасарлық танытып келеміз. Интернетті тұрақты пайдаланушылардың АҚШ пен Ресей өнімдерін қолданып жүргені жасырын емес. Олар шетелдік компаниялардың қалтасын толтырып отыр. Әзірге бізде қазақ тілінде контент әзірлейтін мамандар тапшы. Ресейлік интернеттің тау бұзардай екпіні тілдік мүддемізді екінші орынға ығыстырды. Ауызекі тілдегі ақсауымыз аздай, интернет әлемі де «жетім сөздерге» толып барады. Бұған көз жеткізу үшін оқырманның өз пікірін қалдыратын форумдар бөлімін бір шолып шықсаңыз болғаны. Әрине, интернет еркін ойдың аймағы. Дегенмен, мұнда жариялылық принципіне кереағар нәрселер көптеп жасалынып жатыр. Интернет журналистиканың дәстүрлі БАҚ орнын баса алмасы анық. Алайда, дәстүрлі БАҚ оқырманға интернеттегі сияқты жылдам әрі ықшам ақпарат таратуды қолға алса, жаңа медиа тұтынушыларын өздеріне тарта алатын еді. Себебі, оқырманның ақпаратты тұтыну тәсілі өзгеріске ұшырады.

Интернет — журналистика – XX ғасырдың соңында интернеттің дамуы мен өркендеуінің нәтижесінде пайда болған журналистиканың жаңа түрі. Интернет желісі, кең аудиторияға дереу әрі сапалы ақпарат таратудың жаңа әдісін ойлап тапты. Бұл тұрғыда, кез келген интернет пайдаланушы адам өзіндік бұқаралық ақпарат құралын құруға үлкен мүмкіндікке ие болды. Интернет басылымдардың өзінің ресми БАҚ беделі болуы мүмкін, ал кей жағдайларда болмауы да мүмкін. Интернет басылымда қызмет ететін журналист (интернет — журналист) дәстүрлі журналистиканың жұмыс істеу техникасымен көп кезіге бермейді. Мәселен, полиграфия, телетүсірілім немесе аудиожазбаның арнайы аппаратуралары. Ал интернет журналисттің қызметіндегі ең бастысы әрі маңыздысы – оның интернеттегі құқылық аспекті. Дәлірек айтсақ, журналист интернет желісіне жариялаған әрбір мақаласына жауапты, бірақ практика жүзінде бұл жағдай көбінде іске аспайды. Соңғы жылдары интернеттің индивидуализациялануы кең ауқымды танымалдылыққы ие болды. Кез келген тұлға өз алдына ешқандай да шектеусіз әрі бақылаусыз ақпараттың құрастырушысы және таратушысы. Соған орай,  блогосфера ұғымы уақыт өте келе үлкен сұранысқа ие болып, өркендеу үстінде. Тіпті, ғылыми ортада осы блогосфера дәстүрлі БАҚ-ты ығыстырып тастауы да мүмкін деген пікір қалыптасты. Қазіргі таңда, халықтың көпшілігі тәжіриебелі журналистика мен блогосфера бір – бірін барлық бөлімдер бойынша жақсы толықтырады деген ойға тоқталады. Блогты интернет журналистика дамуының тағы да бір баспалдағы ретінде қабылдасақ болады. Ол интернет өркендеуінің бірден –бір дәлелі болмақ.

Интернет-журналистика – дәстүрлі журналистиканы эволюциясы, жаңа ғасырдың жаңалығы. Қазақстандағы алғаш онлайн басылымдардың тағы бір ерекшелігі және кемшілігі, ақпарат сенімсізділігі, тілдің тұрпайылығы. Сенімсіз дейтініміз, келтірілген мәліметтермен танысқан оқырман оны өзі тексеруге қауқарсыз болған. Кейінірек интернет аудиториясы үшін саяси, әлеуметтік топтардың кез келген өкілі ашық пікірі мен көзқарасын білдіре алатын трибунаға арналған, қазақстандық интернет-журналистиканың жаңа баспалдағы болған «Навигатор» интернет-газеті. Жариялаған материалдарға жасалған пікірлерге редакция жауап қайтарып, оқырманымен тікелей байланыста болатын. Басылымды Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, және Алмания оқырмандары оқып, 40 мемлекетке таралатын. Бұл басылым нағыз журналистік еңбектің жемісі: интернеттің интерактивті мүмкіндіктері пайдаланып, журналистиканың жаңа стандарттарын қалыптастырды. Осы тұста басылмның талантты журналисі марқұм болған Асхат Шәріпжанның жасаған еңбегі де зор екенін айтқымыз келеді.

Тәуелсіз қоғамдық-саяси басылым бірнеше сот процесстерінен кейін адресін өзгертуге мәжбүр болды, «Навигатордың» аты да өзгерді: «Зона KZ» бүгінгі технологияларға сай шығып жатыр. Мемлекеттік қызмет пен саяси институттардың рөлін пәрменді етіп, тиімділігін арттыруға қоғамдық пікірдің алатын орны айтарлықтай орасан. Ал, қоғамдық пікір ақпарат құралдары арқылы қалыптасатындығы дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бүгінгі таңда қоғамдық пікірдің басты мінбері БАҚ және одан таралатын ақпарат дегенді әлем ғалымдары жаппай мойындап отыр. Бұрын кеңінен қолданылып келген дәстүрлі «журналистика» деген ұғымның мазмұнымен бірге атауының өзіне елеулі әсер еткендігін дәлел ретінде атап көрсетуге болады. Айталық, ақпараттық технологиясы жоғары деңгейде дамыған Батыс елдерінде «Маss Меdia» және «Маss communication» деген атаулар тұрақты қолданылатыны мәлім. Қазіргі күні әлем журналистикасының дамуын айқындайтын негізгі 4 факторды зерттеушілер анықтаған. Атап айтқанда:

Жаһандану немесе глобализация (ықпалды қызмет атқарушысы: жаңа ақпараттық технология, интернет журналистикасы, ақпараттық қатынастың жаңа құралдары мен бағыттары).

Бұқарасыздандыру немесе демассовизация (дәстүрлі БАҚ-тың ақпарат қабылдаушылары азайып, олардың түрлі топтарға бөлінуі, аудитория үшін таңдау жасау мүмкіндіктері кеңейгендіктен ақпарат қабылдаушыларды мақсаттарына қарай анықтау мүмкін болмауда)

Орталықтандырылу немесе конгло-мерация (БАҚ-тардың бір қолға шоғырлануы қарқын алып, бір ақпарат бірнеше арна арқылы көпке тарайтын болды)

Ұқсастырылуы немесе конвергенция (БАҚ атаулының өзара жақындасуы, ұқсастық табуы, тың технологияның нәтижесінде жаңасы мен дәстүрлі ақпарат құралдары арасындағы айырмашылықтардың азаюы, екеуінің де қосарлана қолданылу үрдістері)

Қазіргі кездегі қазақ медиа жүйесінде жоғарыда аталған бағыттар белгілі деңгейде көрініс тауып отыр. Кей жағынан қарқынды өрістеу бағыты байқалып отырғанын анық аңғаруға болады. Олардың әрбіріне жеке-жеке тоқталайық: Жаһандану үрдісі қазақ журналистикасында қалай көрініс тауып отыр? Бүгінде бізде БАҚ тек сан жағынан ғана өсіп отырған жоқ. Ақпарат құралдарының жаңаша түрлері де пайда болуда. Атап айтсақ, онлайн баспасөз, кабелдік телевизия, қысқа толқынды радио, смартфон немесе ұялы байланыстар арқылы ақпарат тарату, мобайлдық ақпарат қабылдау мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар медиа жүйесі өз ішінде интернет журналистика, із кесу журналистикасы, азаматтық журналистика, БАҚ жарнамалық насихаты, экономикалық және, экологиялық журналистика, талдау журналистикасы т.с.с. бағыттарға бөлінді.Мұның бәрі қазақ аудиториясы үшін әлемнің әр тарабынан түрлі ақпараттар қабылдауға және жеткізуге, өздерінің көзқарастары мен ой, пікірлерін интернет арқылы көпке жеткізуге кең мүмкіндік беріп отыр. Қысқасы, ақпарат үшін уақыт пен кеңістік ұғымына тәуелділік барынша азайды, тіпті жоғалды деуге де болады. Мысалы, телекөрермендер кабелдік телевизияның 70-тен астам арнасы арқылы бірнеше тілде ақпарат алып отыр. Қазақстанда бүгінде 9 миллион адам Интернет қызметін пайдаланады. Елімізде күніне 25-30 мың адам электронды үкімет қызметіне жүгінеді екен. Мұның бәрі ақпараттық жаһанданудың қаншалықты жоғары қарқынмен жүріліп жатқанын айғақтайтын шынайы көрініс.

Ақпараттық сұранысты өтеудің жиілігі осыншалық тұтасып, қарқынды өсуі қазақ журналистикасына елеулі ықпал етіп отырғанын ерекше атап айту ләзім. Ең алдымен ерекшелеп айтарымыз, таңдау мүмкіндігі мейлінше артты. Нәтижесінде, БАҚ арқылы ақпарат қабылдаушылар бірнеше топқа бөлінді. Оларды жас ерекшеліктеріне, кәсіби мамандықтарына, білім деңгейлеріне, әлеуметтік сипаттарына қарай бірнеше топтарға бөлуге болады. Онлайн журналистикасының қарқынды дамуы дәстүрлі мерзімді баспасөздің оқырмандарын азайтып, олардың таралымын кемітті. Әсіресе, жастардың арасында газет-журнал оқитындардың саны күрт төмендеді. Олардың ең негізгі тұтынатын дүниелері интернет, телевизияның ойын-сауықтық бағдарламалары болып тұр. Күнделікті және апталық сапалы газеттердің оқырмандары жасамыс егде адамдарға айналды. Сонымен қатар,  блогерлер де өз оқырмандарын тапты. Сайт, порталдардың саны күн өткен сайын артып келеді және оған деген оқырман қауымның назары мен ынта-ықыластары да айырықша. Сонымен қатар конвергенциядан да біздің медиа саламыз тыс қалып отырған жоқ. Оның өзі бір ақпарат құралының БАҚ-тың  әртүрлі сипаттарын өн бойына қатар сіңіріп, таратып отырған ақпараттарымен, оны дайындау тетіктерінің өзінде ұқсастырылу үрдісінің кең өріс алуы болып табылады. Мұндай үрдіс соңғы жылдары елеулі түрде қарқын алып келеді. Оған ықпал етіп отырған басты фактор жаңа ақпараттық технологиялар. Медиа қызметіне сандық технологияның енгізілуі арқылы  интернет жүйесі кино мен телевизияның қимыл-қозғалысын, іс әрекетін, радионың дыбыс-дауысын, фотожурналистиканың бейнелеу тетіктерін, мерзімді баспасөздің мәтіндік барлық нұсқаларын, онлайн кітап, құралдарды және пошталық байланыстың барлық мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланатын болды.  Барлық газет-журналдар дерлік өздерінің интернеттік нұсқаларын жасап алды. Радио мен телеарналар да бағдарламаларын интернет арқылы ақпарат қабылдаушыларға ұсына алатын жағдайға жетті. Мұның бәрі ақпараттық кеңістік пен уақытқа тәуелділікті азайтып, оның жеделдігі мен баршаға ортақ болу мүмкіндігін кеңейтті. Нәтижесінде, ақпараттық сыйымдылықтың көлемі едәуір артумен қатар БАҚ-тың интерактив сипатын қарапайым көрініске айналдырды. Олар ақпарат қабылдаушылармен кері байланыс жасап, пікірлесетін мүмкіндікке ие болулары арқылы азаматтық журналистиканың дамуына кең жол ашты. Оның жемісі ретінде мынандай мәселелерді ерекше атап көрсетуге болады:

журналистика жайындағы дәстүрлі ұғымның қамтитын аясы кеңейіп, мазмұны өзгерді;

журналистиканың дербес институт ретіндегі сипаты өзгеріп, бұқаралық ақпараттық қатынастан гөрі «Маss communiication»-нің құрылымына айналды;

ақпарат — тауарға, бизнеске айналып, көптеген БАҚ оның өзінің басты мақсаты етіп алға шығара бастады; желілік ақпарат әлеуметтік қызметтің барлық саласына дендеп еніп, журналистика функциясының белгілі бір бөлігін блогерлер атқаратын болды;

журналистиканың жаңа ағымдары (азаматтық, экологиялық, із кесу, экономикалық, саяси, талдау, онлайн журналистика т.с.с.) пайда болып, оның өзі ақпарат қабылдаушыларды түрлі топтарға бөлінуіне ықпал ете бастады;

тың жаңалықтар дайындау журналистің ғана емес, сайт, порталдардың да құзырындағы ортақ іске айналды;

әрбір тың ақпаратты таратуға мүдделі тұлға оның көздерін сандық технологияның көмегімен қалаған бағытына жібере алатын болды;

бұрын кімнің не жазатынын басқарушы ұйымдар, БАҚ басшылары шешіп келсе, енді ақпарат қабылдаушылар іс жүзінде тапсырыс берушіге айналды. Айталық, ақпаратты тұтынатын ортаның сұранысын зерттемей тұрып, баспасөз ісін жүргізу мүмкін болмай қалды;

интерактивтік сипат елеулі орынға шығып, ақпарат қабылдаушылар өздері ақпараттың мазмұнын жасауға ықпал ететін жағдайға келе жатыр;

журналистика мамандығы туралы дәстүрлі ұғым түбірімен өзгеріп, жаңа ақпараттық технология оның мазмұнын тереңдетіп, арнасын кеңейтті, сапалық жаңа талаптарды қоя бастады;

БАҚ-ты басқарудан бастап, жаңалықтарды, хабарларды дайындау үрдісіне Батыс елдерінің тәжірибелері, шығармашылық тәсілдері біртіндеп ене бастады;

азаматтардың сөз еркіндігі, ойларын ашық білдіру бостандығы аздап болса да шынайы көрініске қарай бет алуда. БАҚ жариялылық пен пікіралуандықтың мінберіне айналуына мүмкіндіктер ашылды.

Мәселені түйіндей келе мынандай қорытындыға келдік: Біріншіден, әлемдік медиа жүйесінің даму тенденциясы қазіргі қазақ журналистикасына елеулі түрде ықпал етіп келеді. Нәтижесінде, БАҚ жүйесінде, оның туындыларының мазмұнында, жанрларында, жазу шеберліктерінде елеулі өзгерістер пайда болды. Дүниежүзілік демократиялық журналистика дәстүріне бет бұрушылық көрініс тауып келеді. Екіншіден, қазақ баспасөзі либертариялық журналистикаға қатты бой ұрып кетпесе де белгілі деңгейде жасалып жатқан оң қадамдар баршылық. Алайда, шешімін таппаған мәселелер де шаш етектен. Үшіншіден, Қазақ журналистикасының 100 жылдан астам тарихи даму дәстүріндегі озық үлгілерін сақтай отырып, оны қазіргі заман талаптарымен сабақтастырып дамытуға мерзімді баспасөз саласы жіті назар аударып келеді. Төртіншіден, Қазақстанда БАҚ сан жағынан аздық етіп тұрған жоқ. Алайда, қоғамдағы ақпараттық сұранысты қамтамасыз етуге келгенде артта қалушылық байқалуда. Ұлттық және коммерциялық телеарналардың бәрі дерлік кешкі жаңалықтар шығарылымдарында бір ғана оқиғаны, жалғыз синхронды алма кезек қайталаудан аса алмай отыр. Сондықтан, саннан сапаға көшуді қолға алатын уақыт жетті.

Жаңа мыңжылдықтағы ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы нәтижесінде, ғаламтор әлемдік сипатқа ие болып, таралымы мен тағылымы зор құбылысқа айналды; заманымыздың бүкіл болмысын айқындайтын ортақ құндылық болып қалыптасты. Сөйтіп, ғаламтор қоғамдық өмірдің барлық саласына дендеп енді: саясат пен экономика, әлеумет, мәдениет пен өнер, тіпті, жұмырбасты пенденің күнделікті тұрмыс-тіршілігі де желімен тығыз байланысып, біте қайнасып кеткендей. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына ғаламат әсер етіп, соны сатыға көтерді. Ғаламтор ақпарат ағынының тиегін ағытты, әлемдік ақпараттық кеңістікті қалыптастырып, шеңберін кеңейтті, журналистиканың тың саласы – жаңа медианы жасады. Бұл үдеріс Қазақстанның ақпараттық кеңістігін де айналып өтпеді. Әлі өзіндік бет-бейнесі дұрыс қалыптаспай тұрып, отандық БАҚ интернет-журналистика, яғни, жаңа медианың оң және теріс әсерінен соңғы жылдары орасан зор өзгеріске ұшырауда. Алайда, әлемдік жаңалықты жақсы-жаманын сұраптамастан сіңіріп алғанымыз жарамас-ты. Сондықтан, жаңа медианың отандық БАҚ, ақпараттық кеңістікке ықпалын сараптап алу керек.Бұқаралық коммуникация құралдары ғасырлар иірімінде қарыштап дамыды. ХV ғасырда − кітап, ХVІ − газет, ХVІІ ғасырда журнал жарыққа шықты. ХХ ғасырда радио мен телевизияның жасалуы ақпарат саласында орасан зор толқыныс тудырса, ал, ХХІ ғасырда аталмыш коммуникация құралдарын бір арнаға тоғыстырған Интернет пайда болды. Бұл жайт БАҚ-ның дамуына катализаторлық ықпал етіп, өнімділігін, пәрменділігін арттырды, жаңа медиаға жол ашты. Көне түркі жазулардан бастау алып, заман көшінен қалмай, өскелең дәуірге өзінше үн қосып келе жатқан қазақ журналистикасы да бұл жаңалыққа тосырқай қарамады. Қазақ интернет-журналистикасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, нақтырақ айтқанда, 1995 жылы қалыптасты. Сөйтіп ондаған жылдың ішінде отандық интернет желісі -Қазnet-тің үлкен бір саласына, бір сегментіне айналды. Қазnet-тің жандануы нәтижесінде жаңа медиа арналары дамыды: көптеген БАҚ дәстүрлі түрден заманалы мәтіндер мен құрылымдарға ауысты, қазақтілді контенттер мен аудиовизуалды ақпарат көлемі артты, таралу ауқымы кеңейіп, қолжетімді бола түсті. Жаңа медианың журналистикаға ықпал-әсерін екі тарапта қарастырған жөн. Ғаламтор арқылы қазақтілді ақпарат алаңдары: порталдар, сайттар, форумдар мен блогтар қазақ аудиториясына тікелей бағытталып жатыр. Қазақ тілді домендер мен хостингтердің саны күннен күнге артып келеді. Қазақтілді интернет-аудитория қалыптасып, бүгінде олардың саны молайды (100 адамға шаққанда 58 тұрғын ғаламторды пайдалана алады. – kzcontent.kz). Жаңа медиа қоғамда журналистиканың жаңа формасын туғызды. Ол құбылыс азаматтық журналистика, интернет-журналистика деген атпен танымал. Жаңа медиа ақпараттың мәтінге тәуелділігін жойды. Себебі, мультимедиялық, графикалық ақпараттың таралуы мәтіндік жүйенің баламалы тенденциясына айналды. Түсінікті де қысқа гипермәтіндер, газет-журнал мәтіндерінің қатталуы, радиотелевизия және баспасөз мұрағаттың қолжетімділігі, іздеу жүйесінің ыңғайлылығы, интерфейстің тартымдылығы бұқаралық ақпарат құралдарын ыңғайлы ете түсті.

Жаңа медиа қоғамдағы демократиялық үдерістердің дамуына оң үлес қосуда. Цензураның құрсауын белгілі бір межеге дейін жойды. Интернет БАҚ-тардағы аудиториямен байланыстың оңтайлы әдістерінің болуы ақпарат тұтынушыларының ой мен сөз еркіндігіне мүмкіндік берді. Аудиториямен тығыз қарым-қатынас орнату ісі: оларды медиа ісіне тарту, қоғамдық мәселелерді талқылауға қатыстыру жаңа медианың әлеуметтік маңызын арттыра түсті. Мәселен, тұрақты жұмыс жасап жатқан Abaі. kz ақпарттық порталы, «Мінбер» Ұлттық интернет газеті, «Замандас», Маsa.kz, Baq.kz секілді сайттардағы түсіндірме, түсініктеме (комментарий) жазушылардың өздері ашық пікірталасқа барып, айтысып жатады. Не болмаса, материал туралы өз ойларын ортаға салады. Мұның өзі белгілі бір деңгейде сөз еркіндігі бар екенін аңғартады. Бұрынғы кездерде кері байланыс тек хат немесе радиотелевизияда телефон қоңырауы арқылы ғана орнатылса, ғаламтор енген қазіргі кезеңде, онлайн хат алмасу мен электронды пошталардың дамылсыз жұмыс істеуі, он-лайн тілдесулердің ұйымдастырылуы еліміздің демократиялық принциптерін жүзеге асырады.Қарап отырсақ, қазір «мен» деген БАҚ барлығында дерлік веб-сайт, портал, жекелеген журналистік блогтар мен форумдар, рейтинг-сауалнамалар тіпті әлеуметтік желілері де бар. Бұл дәстүрлі БАҚ-тың өзі жаңа медиа арқылы ақпарат нарығына шығып отыр дегенді білдірсе керек. Алайда, телевизия мен радионы былай қойғанда, баспасөздің веб-парақтары жаңа медианың қалыпына (стандарт) көп келе бермейді. Веб-беттердегі посттардың тым шұбалаңқылығы, визуалды ақпараттың жұтаңдығы байқалады. Мәселен, АҚШ-тың «USA Today», «New York Тіmes» «Washіngton Post» секілді ірі басылымдарының веб-беттерінде үлкен көлемдегі материалдар аз, мұнда мәтіннің неғұрлым ықшам, оқуға жеңіл болуына аса мән беріледі. Ал, біздің елде газет бетін толтыру үрдісі ғаламторға да ауысып кеткендей.Ғаламтордың қазақ тілді интернет сайттарға тигізетін кері әсері де баршылық. Ақпарат ағынының толассыздығы салдарынан басқа тілдегі контенттер қазақ тіліндегі ақпаратты ығыстырып шығаруда. Тіпті, өзіміздің елде де көбіне орыстілді ақпаратқа басымдық беріледі. Мәселен, қазақтілді Қазnet-тің дәл қазіргі жағдайы орыстілді сайттармен текетіресе алатындай деңгейге жете алған жоқ. Тұтынушысы ең көп делінетін түрлі әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттар, ақпарат агенттіктері көбіне орыс немесе басқа тілде ақпарат таратады. Тіпті, белгілі, ауқымы кең отандық интернет-порталдардың өзі басым бағытты орыс тіліне беріп отырады.Журналистердің кәсіби абыройы мен жұмысына кедергі келтіретін көзқарас қалыптасты. Блоггерлер, оқырман-авторлар журналистиканың тілдік, стильдік мән-мағынасын төмендетті. Публицистиканың эмоционалды-экспрессивті деңгейі әлсіреп, мәтіннің көркемдігі мен мәні, мазмұндық жүйесі арзандады.

Ғаламтор тілі деген атауды иемденген «подокаффтық сленг» қазақтілді ақпарат кеңістігіне де теріс әсер етті. Тілдік нормалардан тыс немесе сленгтік мәтіндер қазақ тілінің күш-қуатын одан әрмен әлсірете түсті. Бұл ана тіліміздің тазалығы мен прогрессивті дамуын тежейтін жайт. Онсыз да мемлекеттік тіліміз тұғырына қона алмай отырған бүгінгі таңда ғаламтордағы қазақ тіліне мұндай кері әсері − «жығылғанға жұдырық». Германиялық RTL-дің бас редакторы Петер Клэппель: «Интернет жақсы журналисті ұшпаққа шығарады, жаман журналисті шыңырауға түсіреді» деуінің шындығы бар. Себебі, жаңа медианың соны мүмкіндіктері арқылы жетістікке жетіп журген журналистер аз емес. Интернет журналистің аудиториямен байланысын одан әрмен тереңдетіп, жан-жақты етеді.

Ақпарат жинаудың белгілі бір айла-тәсілдерін меңгерген журналистке интернет таптырмас құрал.  Авторлық құқыққа қол сұғушылық, шығармашылық ұрлық (плагиаттық) жолмен өзгенің еңбегін пайдаланып, соңынан араздасып жататындар да жиі кездеседі. Жоғарыда айтылғандай, интернет-журнализм журналист кадрлардың кәсіби сауатсыздығы мен білімділігін қажет етпейтіндіктен, бұл салада сауатсыздық дендеп барады. Жаңа медианың дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына  ықпалы туралы түрлі пікірде, коммуникативистер. Өйткені, соңғы кезде дәстүрлі мас-медианың өзінде ғаламтордың тілдік ерекшеліктері мен ақпараттың берілу формасына еліктеу бар. Мәселен, интернет тіліндегідей қысқа да нұсқа жазу, лид- мәтіндер, визуалды ақпараттарды мейлінше мол беру үрдісі дәстүрлі БАҚ-ға да үйреншікті болып барады. Кейбір мамандардың пікірінше, жаңа медиа дәстүрлі БАҚ-қа бәсекелес емес, оның жаңа технологиялық жалғасы, жаңа формаға енген трансформациясы деп қарастырған жөн десе, басқа сарапшылар жаңа медиа күндердің күнінде дәстүрлі БАҚ-оның ішіндегі баспасөзді уақыт көшінен ысырып тастауы да ғажап емес: «Газет оқу 1975 жылға дейін туылған ұрпаққа тән. Олардың қатары мол болып тұрғанда, газеттер өмір сүре береді. Мүмкін, ақпарат құралы ретінде болмас, бірақ, қайталанбас бірегей өнім түрінде қалады, «басты газет оқырманы» – билік. «Билік жасарған сайын, газеттер де оған қызықсыз болып қалмақ» Ал, шынтуайтына келгенде, медианарықта анағұрлым сапалы, бәсекеге қабілетті және ары қарай дами алатын БАҚ қалуы бек мүмкін.Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» (2009 жылғы 6 ақпанда өзгертілген) Заңға сәйкес, Қазақстандағы интернет-ресурстары, атап айтқанда, портал, форум, блог, чат, WAP-портал, интернет-телевидениесі дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілді. Демек, жаңа медиа бұқаралық ақпарат құралдары дәрежесіне теңестіріліп, үлкен мән берілді. Ендігі уақытта, интернет-ресурстарына басқа бұқаралық ақпарат құралдары секілді аса жауапкершілікпен қарап, сапасыз дүниелермен былапыттай беруге болмайтыны анық. Журналистиканың таралу формасы ауысса да, оның халық алдындағы мақсат-міндеттері өзгерген жоқ. Яғни, интернет-журналистика еліміздің дамуына, қоғамдық өмірдің қай саласы туралы сөз қозғалса да, аса кірпияздықпен, сауаттылықпен, байыптылықпен болжам-байламдар жасауы тиіс.Жаңа медианың, соның ішінде салалық сайттардың  басты ұмтылыстары мен ұтылыстары осындай. Ғаламтор пайдасы мен зиянының ара салмағына қарамастан адамзаттың ажырамас құндылығына айналып үлгерді. Енді, оны санамыздан аластату мүмкін емес. Тек ғаламтордың, оның әсерінен туындаған БАҚ формасы – жаңа медианы өз ой-санамызға лайықтап қолдансақ болғаны.

Авторы: Әйгерім Тоқсанбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға