Жаңалықтар

Ақмоладан қалған көне ғимараттар

Бүгін ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні екенін білесіз бе? 
Ақмоладан қалған көне ғимараттар
18.04.2018 09:47 11747

18 сәуірде еліміз халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күнін атап өтеді. Бұл мерекені 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық ассамблеялар кеңесі бекіткен. Атаулы мерекеге байланысты елорданың тарихи орындарының картасына енген көне ғимараттар туралы материал әзірлегенді жөн көрдік.

Тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау әрі насихаттау мақсатында елорда әкімдігі бас шаһардағы тарихи орындардың картасын құрастырған болатын. Бұл ескерткіштердің барлығы сонау Ақмола заманынан қалған, уақыттың түрлі сынақтарына төзе білген, бүгін де сыны кетсе де, сыры кетпеген рухани мұралар қатарындағы көне әрі тарихи ғимараттар.

Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында:  «Біз халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», - деген еді.

Міне, елорда әкімдігі жасаған тарихи орындардың картасы құрамына енген бірегей тарихи-мәдени нысандар Астана мәдениетінің тамыры тереңдегі тарихының айғағы болса керек. Демек, еліміздің бас шаһары Астана тек озық технологиялар мен жаңа идеялар мекені ғана емес, мәдени әрі тарихи фактілердің қайнар көзі.

Тарихи деректерге сенсек, елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Үңілген адамға әр сәулет туындысында ұрпаққа ой салатын тарих шежіресі жатыр. Ал, елордада 46 тарихи және мәдени ескерткіш болса, оның ішінде 34 сәулет және қалақұрылысы ескерткіші, 12 археологиялық ескерткіш бар екен.

2003 жылы Елбасымыз Қазақстан халқына жолдауында арнайы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Бағдарлама қабылдағаннан кейін 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткішке реставрациялық жұмыс жүргізіліп, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. Құрамына 218 нысан кірген  тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімі жасалды. Ұлттық мәдениетіміз үшін орыны ерекше 30 сәулеттік және археологиялық нысандарға қосымша ғылыми зерттеулер жүргізілді.

Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Армения, Америка Құрама Штаттары сондай-ақ Батыс Еуропа сынды елдерге ғылыми зерттеу экспедициялар ұйымдастырылды. Нәтижесінде ғылыми топтарда бұдан бұрын белгілі Қазақстанның сәулеті, этнографиясы, тарихы бойынша жобамен бес мың жазба және баспалар алынды. 350-ден астам кітап басылса, олардың ішінде этнография, археология, тарих бойынша сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер бар.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» сондай-ақ «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Сакралды Қазақстан», «Туған жер» сынды жаңа жобалар арқылы әлі де жалғасын тауып келеді деуге толық негіз бар. Осы аталған ірі жобалардың бір парасы ретінде Астана қаласының әкімдігі жасаған тарихи орындардың картасына кірген  елорданың мәдениет тарихындағы 10 ескерткішті назарларыңызға ұсынамыз.

Көпес П.С.Силиннің тұрғын үйі, Кенесары, 35

Қаланың ескі орталығында орналасқан екі қабатты ғимаратта ХІХ-ХХ ғасырда Ақмола қаласының танымал көпестерінің бірі – П.С.Силин тұрған үй. Ал, 1918 жылы бұл жерде Ақмола қаласы Қызыл армиясының екіншісі ротасы орналасқан екен. Тарихи деректерге сенсек, бұл ғимаратта ХХ ғасырдың 90-шы жылдары Президент істері басқармасының медициналық орталығы мекендесе, 1997-98-ші жылдары – астананы көшіру бойынша комиссияның штабы болған.

Беларус Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі

Жоғарыда аталған ғимараттың бұрышында 2005 жылы 19 мамырда Беларустің Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ашылды. Беларус Республикасының Президенті Александр Лукашенконың ресми сапары кезінде ашылды.  Көне ғимараттың сәулет және көркемдік үлгісі модерн элементтерімен сипатталып, классикалық стильде салынғандығымен ерекшеленеді. Сәулеттік ғимараттың тектоникасы жиек тастары төрт қырлы тірек көмегімен тұрғызылғандығы әрі мықты ернеуімен көз тартады.

Дәрігер Ф.И.Благовещенскийдің тұрғын үйі

Сәулеті мен көркін қаз-қалпында сақтаған ағаш үй қаланың ескі бөлігінде орналасқан. Өз заманында бұл ғимаратта дәрігер Ф.И.Благовещенский тұрса керек. Одан бері кеңес кезінде ғимаратта облыстық орталық бухгалтерлік мектеп орналасыпты. Қазір тарихи мекенде С.Сейфуллин атындағы музейдің әкімшілігі қоныс тепкен. 

Мәдени нысанның тарихы Ф.И.Благовещенский атымен тегіннен-тегін байланыстырылмаса керек. Ф.И.Благовещенский (1881-1938 гг.) – ординатор, дәрігер, қалалық аурухана жетекшісі болып жұмыс істепті. Тарихи мәліметтерде бұдан бөлек ол 1910 жылдан 1926 жылға дейін Ақмолада сот-медициналық сарапшы міндетін атқарғандығы жазылады. 1923-1924 жылдары Ақмола балалар изоляторында еңбек еткен. 1929-1930 жылдары Ақмола тубдиспансерінің меңгерушісі және өңірлік аурухананың аға кеңесшісі қызметтерінде болған.

Үй толықтай ағаштан салынған. ХІХ ғасырдың аяғымен ХХ ғасырдың басына тән эклектика стилінде бой көтерген.

Көпес үйі

Сейфуллин көшесі мен Әуезов көшесінің қиылысында орналасқан бір қабатты көне ағаш үйдің сәулеті мен мұналап тұр. Тарихи деректерге сенсек, мұнда 1846 жылы Ақмола облысының көпестер тобының өкілдерінің бірімен алынған тауарларға есеп жүргізу үшін жертөлесі бар кеңсе ретінде салынған. Ал, ХХ ғасырда «Зорька» балабақшасы орналасыпты.

1988 жылы, яғни 30 жыл өткеннен кейін атақты революционер және қазақ әдебиеті негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллин  музейі ашылды. Өз замынында Сәкен Сейфуллин осы үйге жұмыс бабымен келіп жүрген екен. Бүгін де музейдің 8 залында Сейфуллиннің сирек кездесетін кітаптары, фотоқұжаттары мен мұрағат материалдарының фото және ксерокөшірмелері, тұтынған заттары жинақталған.

Көне ғимараттың сәулеті де ерекше. Үй бөренелерден тұрғызылған, төбесі биік қаптал шатырмен қапталған. Өрнектермен көмкерілген терезелерінің жақтаулары ғимаратты сәнді әрі декоративті етіп тұр.

Қалалық басқарма ғимараты

М.Горький атындағы орыс драма театрының әкімшілігі орналасқан ғимарат та елордадағы көне нысандардың бірі. Ғимараттың тарихы ХІХ ғасырға тән.  Сол уақытқа сай эклектика стиліне жатады. Жертөлесі бар, бір қабатты үй.  Сыртқы келбеті жонылған қызыл кірпішпен өрнектелген нысан өзіндік сәулетімен ерекшелініп тұр. Тарихи мәліметтерде ғимарат мемлекеттік басқарма үшін тұрғызылғаны жазылады. Сол заманда шаһардың бірінші әкімшілік ғимараты болған. Ақмоланың өмірінде маңызды саяси, қоғамдық, шаруашылық рөл атқарды.

Соғыс жылдарында ғимаратқа 59-шы атқыштар дивизиясының штабы орналасқан екен. Одан кейін мекеменің қабырғасында әртүрлі ұйымдар болды, оның ішінде облыстық кітапхана да бар. Ғимаратқа 2003 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Десе де нысанның алғашқы келбеті сақталды. Ғимарат Астана үшін тарихи және сәулеттік тұрғыда өте құнды.

Гимназия

ХІХ ғасырға тән көне ғимарат шаһардың Желтоқсан көшесі 13 мекенжайында орналасқан. Қазір мекемеде  М.Горький атындағы орыс драма театрының әкімшілік ғимараты отырады. Тарихына үңілсек, ХІХ ғасырдың соңында ғимарат гимназияға арналып салыныпты. Бастапқыда екі қабатты ғимараттың құрылысы, қызыл кірпіштен, ерекше сәулетті етіп тұрғызылған. Тарихи деректерде 1899 жылы Ақмоланың қалалық басқармасы және көпес-меценат С.А.Курбин ғимаратты театрға айналдыру  үшін сатып алу мақсатында 100 рубль жұмсаған деген мәліметтер кездеседі. Осылайша 1899 жылы алғашқы тұрақты труппа құрылған. 1913 жылы бұл жерде Г.Аубакировтың татар труппасы жұмысын бастайды. Ол Романовтардың патшалығының 300 жылдығы құрметіне «Жизнь за царя. Ивaн Сусанин» спектаклін сахналаған. Ал, 1918 жылы бұл сахнада С.Сейфуллин қазақ жастарының күшімен «Бақыт жолында» сынды спектакльмен қатар өзге де қойылымдар қойған. Өкінішке қарай, соғыстың басталуына байланысты театр тарап кеткен екен.

Сол жылы мамырда Ақмолаға пойызбен Ворошилов орыс драма театры келіпті. Жергілікті труппа оның құрамына енген. Одан кейін «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагерінің» тұтқын әйелдер қатарынан актрисалар қосылып, қатарды толықтырды. Аталмыш труппа негізінде 1943 жылы қазақ және орыс бөлімдерінен тұрған облыстық музыкалық-драма театр құрылды. 1955 жылдың 10 қыркүйегінде ҚАЗ ССР Мәдениет министрлігі Ақмола облыстық драма театрын ашу туралы бұйрық шығарды. 1959 жылы театрға Максим Горькийдің аты берілді.

Ерекше сәулетімен көз тартатын үш қабатты кірпіштен тұрғызылған театр ғимараты ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы классикалық стильдегі архитектураның озық үлгісі болып табылады.

Көпес М.К.Кубриннің сауда үйінің ғимараты

Көпес Матвей Кубриннің сауда үйінің ғимараты «Матвей Кубрин с сыновьями и КО» серіктестігі сауда үйі ретінде салынды және қашан да түпкі мақсатынан айнымай пайдаланылуда. Революциядан кейін ғимаратта қалалық орталық кітапхана, орталық баспа, уездік экономикалық бөлім жұмыс істеді. 1944 жылы өрттің салдарынан барлық ағаш құрастырылымдары жалынға оранып, жойылып кетті. Сауда орыны 10 жыл бойы пайдаланылмай тұрды. 1950 жылы атқарушы комитет өртеніп кеткен әмбебап дүкенді қайта қалыпқа келтірді. Жарты ғасырға жуық бұл ғимаратта аспазхана және «Радуга» сауда дүкені болды. Қазір бұл жерде «Астана» сауда орталығы жұмысын дөңгелетіп отыр.

Ғимараттың сәулеттік стилі «модерн» стиліне жатады. Нысанның алдыңғы жағының қанаттары Кенесары және Бөкейхан көшелері бойымен орналасқан. Архитектуралық стилінен петерборлық архитектура мектебін байқауға болады.

«Астана» концерт залы

Мәдени орын 1999 жылға дейін – тың игерушілер сарайы болса, кейіннен  Конгресс-холл атанды.

«Астана» концерт залы елорданың ескі бөлігінің орталығында орналасқан.  Ғимараттың құрылысы 1961 жылы басталып, 1963 жылы аяқталған. Мәдени орда Қазақстанда тың жерлерді игеру жылдары бой көтерген. Сарайды салу барысында латвиялық архитекторлар П. Ю.Фогедс, О. Н. Краукшс, Д. К. Даннеберг жобалары пайдаланылған. 2355 орынға лайықталған мәдениет сарайы сол кезде үлкендігі жағынан СССР-де Кремль съезд сарайынан кейін екінші болып саналыпты.  Ал, 90-шы жылдардың соңында ғимарат күрделі жөндеуден өтті.

«АЛЖИР» мемориалды-музей кешені

2007 жылы Целиноград ауданына қарасты Ақмол ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде «АЛЖИР» мемориалды-музей кешені ашылды. Бастапқыда бұл жерде «26-нүкте» деп аталатын орын болған. 1938 жылы НКВД-ның Ақмола арнайы бөліміне (Қарағанды лагеріне) қарасты «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» пайда болды. Бұл кеңес дәуірінде ең үлкен әйелдер лагері саналған. Лагерь бір сөзбен «АЛЖИР» деп аталды. Азап мекеніне Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдері мен туған-туыстары қамалды. Қапаста тұншыққан сегіз мың әйелдің бар айыбы – «халық жауы» атанған күйеулері мен туыстарынан бас тартпағандығы еді.

Музейдің ерекше архитектуралық келбеті келушілерді таң қалдырмай қоймайды. Музей аумағында «Қайғы қақпасы» монументі, шолу мұнарасы, «Күрес пен үміт» және «Ашыну мен дәрменсіздік» атты екі мүсіндік композиция, сондай-ақ «Еске алу қабырғасы», ГУЛАГ картасы салынған «Жас» стелласы бар. Музейдің ұзындығы 12 м.үңгіртаудан басталады. Қабырғада тағдырдың тауқіметін тартқан 7 620 есім қашалып жазылған.

«Астана-Бәйтерек» монументі

Астананың бойтұмары саналатын «Астана-Бәйтерек» монументалды ғимараты 2002 жылы ашылды. «Бәйтерек» монументі Астананың тек Астананың ғана емес, күллі Қазақстанның сәулеттік символына айналды.

Идея авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Алғаш болып, мидай жазық далаға бой көтерген нысанның сызба-жобасын әлемдік сәулет өнерінің шеберлері жасады. Мәселен, Ресей академиясының сәулетшілері мен белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава сондай-ақ «Ақорда» қазақстандық жобалау-құрылыс компаниясы салды.

«Бәйтерек» деп аталуында эпикалық түсіндірме бар. Түпкі идеясында «Самұрық» қасиетті құсы туралы ежелгі қазақ аңызы жатыр. Монументтің биіктігі – 97 метр, бұл мемлекеттің жаңа астанасының жарияланған жылын сәйкесінше, ел тарихын санаудың жаңа нүктесін білдіреді.

Монументтің ішкі архитектурасы үш аумаққа бөлінген. Мағынасы әлемнің үш негізін айқындаса керек. Металл құрастырманың биіктігі 105 метр болса, салмағы 1 000 тоннадан асатын бес жүз тіреуіш арқылы нық тұр. Ғимараттың диаметрі 22 метр, салмағы 300 тонна «хамелеон» шыныдан жасалған, күннің түсуіне байланысты түсін өзгертетін шар болғандығымен ерекшеленеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен  ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын»,- деген болатын.

Ұлттық мәдениеттің бір парасы – тарихқа деген құрмет. Олай болса, тарихи әрі мәдени ескерткіштерге, орындарға деген құрмет еселенген сайын біз рухани жаңғырамыз. Бұған қоса еліміздің бас шаһары – ажарлы Астанамыз биыл өзінің 20 жылдығын атап өтпек. Уақыт сынаптай сырғыған сайын, бас қалаға қатысты әрбір дерек тарих беттеріне алтын әріптермен жазыла бермек.

Суреттерді түсірген Арман Мухатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға