Жаңалықтар

Ақмешіттегі аялдамалар да аяулы

Сыр өңірі
Ақмешіттегі аялдамалар да аяулы
Фото: Автордікі 27.03.2017 16:43 7411

Алаштың анасы атанған Сыр өңірі ұлыларын ұлықтауды ешқашан ұмытқан емес. Кезінде астана мәртебесін иемденген Ақмешіттің бүгінгі келбеті бұған дәлел. Бұл шаһардың аялдамалары да ерекше.

Қызылорданың әр аялдамасынан тарихымызда ойып тұрып орын алатын тұлғалардың бейнелері менмұндалап тұрады. Игі бастаманың тұрғындар мен қала қонақтары үшін құнды екені сөзсіз.

 – Қазіргі таңда қала ішінде заманауи үлгідегі 119 аялдама орнатылған. Көше бойында орналасқан аялдамаларда Алаш зиялыларының, қазақ қоғамында өмір сүрген ұлт көсемдері мен қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың өмірбаяны, қызмет жолы мен елге сіңірген еңбегі, шығармалары жайлы баяндалған. Аталған жоба Қызылорда қаласы әкімдігінің ықпалымен былтырғы жылдан бастап жүзеге асты. Тұрғындардың кітап оқуға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында виртуалды түрде 24 электронды «Мобильді кітапхана» нұсқасындағы кітап сөрелері жасалды. Көлік күтіп тұрған жолаушылардың уақытын тиімді пайдалануы үшін бұл таптырмас дүние деп білеміз. Бастапқыда көше кітапханасына көпшіліктің таңырқай қарағаны рас. Алайда, халықтың мұндай бастамаға дән риза екенін байқадық. Ақпараттық көрнекі құралдарды ілудегі басты мақсат – ел игілігі жолында еңбек еткен арыстарды халыққа танытып, ұмыт болған есімдерді қайта жаңғырту болатын, - дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің маманы Мағжан Сәтбай.

Технология қарыштап дамыған бүгінгі қоғамда жарнаманың да рөлі артып тұр. Өркениетті елдердің қалалары аялдамаларын көздің жауын алар жарнамаларға толтырады. Сол арқылы қаржы табуды да көздейді. Оның үстіне қарбаласы көп қазіргі заманда кітапқа үңілуге уақыт тапшылығын желеу ететіндер қатары көбейді. Ендеше, табыс үшін емес, рухани азық үшін жасалған жаңа үлгідегі Ақмешіттің аялдамаларына сіз де бір сәт аялдап көріңіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға