Жаңалықтар

Ақыртас аңыздары: Алыптар тұрғызған сарай

Жаңа қабілетіңізді ашатын орын
Ақыртас аңыздары: Алыптар тұрғызған сарай
26.06.2017 18:29 16460

Тараз қаласының солтүстігінен 40 км жерде орын тепкен көне Ақыртас қаласының қалдықтары бүгінде тек еліміздегі жұртшылыққа ғана емес, алыс-жақын шет елден келетін саяхатшылардың көзайымына айналды. Мұнда қарапайым адамдар ғана емес, бақсы-балгерлерде жиі ат басын тіреп жатады. Оның өзіндік себептері бар. Олардың айтуынша, мұнда келгенде олардың бойына ерекше қуат, күш сіңіп, басқаша әсерге бөленеді екен.

Ғалымдардың пікірінше, Ақыртастың астында өте үлкен қуыс бар. Ол жерде табиғи газдардың мол қоры жатыр. Жердің астындағы осынау геотектоникалық процестер адамның бойындағы қарым-қабілетін ашуға көмекетеседі екен. Сол себепті, келушілердің аяқ алысы басылған емес. Бойыңызда жасырын жатқан қабілетіңізді ашқыңыз келсе, Ақыртастан ашып қайтыңыз!

Енді, Ақыртас хақында ел аузында жүрген аңыздардың бір сыпырасын шолып шықсақ.

«Бір алып өте сұлу қызға ғашық болып қалады. Мұны білген сұлу оның махаббатын дәлелдету үшін өзіне арнап тастан үлкен сарай салуды тапсырады. Алып айтқанын істеп, таудан тас әкеліп, сарай салуға көшеді. Сарайы біткен соң, әлгі таудың ортасынан Талас өзенін ағып өтетін тесік жасаймын деп тыраштанып жүргенде, басқа сұлу қызға көзі түсіп, бастаған ісін аяқсыз қалдырыпты. Өмірден озғанда алыптың сүйегінен Әмударияға көпір тұрғызылыпты-мыс».

«Ерте кезде Ақыртас қаласы жұртшылығының басына қауіп төніп, дұшпандары жағадан алыпты. Сол кезде етегі жасқа толған халық құдайдан «жау аузында кеткенше, тасқа айналдыра көр» деп жалынып-жалбарынған деседі. Алла Тағала көпшіліктің тілегін қабыл етіп, оларды мал-мүлкі, үй-жайымен бірге тасқа айналдырып жіберген екен. Бүгінгі қалған тастар осы халықтың ескерткіші деседі».

Аңыздар легі мұнымен тоқтамайды. «Әкелі-балалы қос батыр тастан қала тұрғызуды ойлап, осы істің қамымен баласы таудан тас әкеліп, әкесі жерде қалауға көшеді. Баласының жан-жағына алаңдамай жұмыс жасауын қадағалап тұрған әкесі оның көзі Түйме сұлуға түсіп кеткенін аңғармай қалады. Баласы сол сұлудың артынан еріп, қалмай қояды. Салып жатқан сарай туралы мүлде ойдан шығарады. Қуып келе жатып оған алты қызы бар сұлу жабылып тас лақтырады. Сол тастар үлкен-үлкен төбеге айналыпты-мыс. Ақыры, сұлу қаша-қаша бір биікте жан тапсырады екен. Оның басына әкесі үлкен қорған тұрғызып, Түймекент қаласы атанып кетіпті. Сұлудың есімі – Түйме болса керек. Әлгіндегі тас қалашығы сол күйі бітпей қала беріпті».

Тағы бір аңызда «Адам атаның сұлу қызы болыпты. Сол қыздан Әжі атты алып туған деседі. Оның бойы биіктігі соншалық жерді топан су басқанда да тізесі дейін ғана жеткен екен. Бірде Түймекенттің ханының көркем қызы барын естіп, сол жақа құда түсуге адам жібереді. Хан алыпқа құрмет көрсетіп, қызын беретінін, қалыңмалдың орнына тастан қала салып берсе болатынын айтады. Ханның өтінішін орындап, Әжі тастан қала сала бастайды. Осы кезде айдай сұлу болашақ жарын алыстан көріп, басы айналып, әлі құрып жұмыс жасаудан қалады. Бетіне тіке қарай алмаған алып, оны қалай жар етпекпін деп, өз ісіне өкініпті. Ал тас қамалдың құрылысы сол күйі аяқсыз, тоқтап қалған екен».

Ақыртас туралы мына бір аңызға көз жүгіртелік:

«Түймекент деген кентте ханның айдай сұлу қызына Алаңғасар атты қызметшісі қатты ғашық болады. Хан болса, тағы да бірнеше жыл адал қызмет етсе қызын міндетті түрде берем деп, үміт сыйлап қояды. Арада қаншама уақыт өтсе де, хан айтқан сөзінде тұратын ойы жоқ. Бұған ашуланған Алаңғасар ұлы Арыстанды алып, Талас өзенінің арнасын өзгертетін тастан қамал тұрғызбаққа бекінеді. Бар ойы – өзін алдаған ханды сусыз қалдыру. Таудан ұлы тас лақтырып тұрады, ал өзі қамалдың қабырғасын қалауға кірісіп кетеді. Арыстанға тау басынан айналасына көз тастамауды тапсырады. Алаңғасар қамал бітуге айналғанда ханға хабар жіберіп, сусыз қалатынын ескертеді. Мұның рас-өтірігін білмекке шыққан сұлу қызын Арыстан көріп, басы айналып, әкесіне лақтырып жатқан тастары жетпей әбігер болады.  Бұған қатты ашуланған әкесі ұлынан не болғанын сұрайды. Жан-жағына қарама деген тілегіне құлақ аспаған ұлына қатты ренжіп, жазаламаққа бекінеді. Ұлы әкесінен ақыры қашып құтылады. Ғашықтық дерті бойын балқытып, оны күннен-күнге әлзідендіре түседі. Тіпті, жүріс-тұрыстан қалады. Ол қалаға қарай құласа бірнеше үйдің күлін көкке ұшыратынын түсінген халық өзенге қарай құлағанын қалайды. Ақыры, Арыстан өзенге құлап, оның денесі көпір болып қалыпты-мыс.

Ежелгі Тараздың алтын шеңберінде жатқан Ақыртас сарай кешені атағы дардай Египет Пирамидалары, Афины Акропольдары, Рим колизейі, Перудегі сарайлар секілді нысандармен пара-пар тарихи орын екені даусыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға