Жаңалықтар

Ақын лирикасындағы ақындық «мен»

Өмірі өлеңмен өрілген
Ақын лирикасындағы ақындық «мен»
26.03.2017 11:56 5870

Жыр дауылпазы Қасым жырларынан нәр алып, туған жерін тебірене жырлап өткен Дәуітәлі ақын халқының, өзі өмір сүрген қоғамындағы өзгерістерге  бей-жай қарамайды.

«Дәстүрін елдің сақтаумен ,

Өседі ұрпақ-өрендер,

Өртеліп кейде жатқанмен

Өлмейді өткір өлеңдер,- деп ақынның өзі айтпақшы, өлмейтін өткір өлеңдеріндегі ақынның «мені» кім,  лирикалық қаһарманы қандай жан?

Өзінің «Рух жыры» өлеңінде ақын:

Ғашықпын мен бәріне жақсы адамның,

Шұғыласын соларға тастаған күн.

Қай ортаға мейлі кездессем де,

Ортасынан солардың дос таба алдым.

Мен болмаған орта жоқ жастығымда,

Шекара да болмады достығымда

Небір түрін жігіттің серік қылып

Кездестірдім барысын,

Қасқырын да,-десе, «Мен тәңірдің ұлы едім»,-атты өлеңінде:

Мені Тәңір жаратудай жаратты,

Сұңқар едім,

Қыран едім қанатты.

Талай рет жерге бірақ қаратты,

Зар илетіп заманалар абақты.

Бірақ бізде енді жай жоқ қамығар,

Заманның да бір бұрауы табылар.

Мейлі қанша кескілесек те

Болармыз

Жылан сынды кесірткелік әлі бар,-дейді ақын.Сонау ғұндардан қалған өр рух, жауына бас имеген қайсарлық, «арыстанға  арыстан  боп  атылған» алдаспандай айбар бар ақын жырларында.

Ақынның лирикалық кейіпкері-жігері мұқалмаған,досына адал,көлгірсуге кешірімсіз жан. «Сағынғанда сары ала күздей,қайырымсызға қыстай қатал,  балаларға үзілген жүзімдей елжіреген,адал аппақ көңілді, тап-таза қылықты сәбидей  періште пейілді жан :

Жалғанда  мұң бір жанға жолатпаймын,

Жағымпаз да болмаймын,

Жаратпаймын

Жасыратын несі бар ашынғанда

Ақиқатпын

Ап-ащы арақтаймын -дейді. Ақынның өзі жайлы өзінен артық айтар ешкім жоқ. Тыңдайықшы:

Дей алмаймын,

Мәңгілікпін,

Өлмеймін,

Бірақ менің өз менім бар,

Мен деймін.

Топырақ та тойған болар –қанағат

Жүрегімді жырларыма жерлеймін.

Жыр оқы,дос,

Ойыңды ойға жанисың,

Мүмкін тәтті сезімдерге жарисың.

Менің жұмбақ жырларымның ішінен

Жанып жатқан бір жүректі танисың.

Ақынның лирикалық кейіпкері-  елін емірене сүйеді,оның әр тасы мен сайына

ғашық. Ұлы Қасымды пір тұтқан, оның жырларынан нәр алған ақын жырлары

Қасым поэзиясымен үндесіп, рухани сабақтасып жатыр.

Егер Қасым Аманжолов :

...Барым да, бақытым да – осы өлеңім,

Жақыным, жүрегімнің досы өлеңім.

Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа,

Мен қайтіп босқа жасап, босқа өлемін,-десе, Дәуітәлі ақын

Азамат ақын атандым,

Аузыма қарар ел енді,

Қорғайтынымдай Отанды

Қорғаймын мәңгі өлеңді,-деп жырлайды.

Өлеңін «өмірім» деп түсінетін  киелі жырдың, қасиетті ана тіліміздің құдіретін

ерекше жырлайды.

Кең айтасың,

Кемсінбей тең айтасың

Ортайтасың,

Қайтадан молайтасың.

Сен шерткенсің менің бар өткенімді,

Болашағым жайлы да сен айтасың,-дейді ақын.

«Анасының тілінде сөйлемеген адамды қалтыраған көлеңкеге» бағалаған

ақын: «Анасының тілінде төгіп жырын,асқақтаған ақында арман бар ма ?»-

деп жырлайды.

Дәуітәлі Стамбеков шығармашылығының келесі бір ауқымды тақырыбы-

адамгершілік мәселесі. Қай кезде де адамдық болмысты сақтау,адам болып қала білу-міне,ақынның өмірлік ұстанымы.

Сондықтан шамам келсе, болып адал,

Жинаймын жақсылықтан жаныма нәр,

У беру ойымда жоқ қасыма да,

Досымның қоса аламын дәміне бал,- дейді ақын. Адам адам болу үшін ең

әуелі өз бойындағы кемшілікпен күресу керек екенін айтады.

Менің де болу керек бір есебім,

Бар және қарсы тұрып тіресемін.

Жамандық атаулыны жеңу үшін

Өзімнің мінімменен күресемін,-немесе:

Кемшілік әлсіздікке сүйенеді,

Кемшілік иесімен жиі өледі.

Күресем мен өзімнің міндеріммен,

Өзімнің дұшпаным деп білем оны.

Ағызып  аярға  ұқсап  өз  басыңды,

Тоздырып тым ертерек тозбасыңды,

Өкініш айбалтасын жалт еткізіп,

Кеседі кемшілігің өз басыңды,-дейді ақын.

Өз кемшілігін мойындап,өз мінін жөндей алған адам ғана  алға дұрыс қадам басады деген ой тастайды.

Шынында, Абай атамыз  айтқан  «бес асыл іс пен бес дұшпанды» тап

басып,одан бойын аулақ сала білу-адамдық жол. «Менің қорғаным мен шабуылым-шындығым,әділдігім,адалдығым» деп  адамдықты ту еткен қайсар рухты,жігерлі ақынның біз таныған бейнесі осындай.

Дәуітәлі Стамбеков – өлеңнен кестелі өрнек салған суреткер, өр рухты қайсар тұлға. Тәніне дерт батса да, ұрланып жыландай жымысқыланып келе жатқан жылан-ажалмен арпалыса отырып, қайталанбас құдіретті өлеңдерін халқына беріп кетті. Ақын жырлары өз оқырмандарын  шынайылығымен,табиғилығымен, адалдығымен баурайды. Кейінгі  ұрпақты тәлім-тәрбиеге,имандылыққа,адамгершілікке баулиды.

«Сын кезде жігерін жасытпаған, кіп-кішкене асықтай» шымыр жырларымен теңіздей терең философиялық ой  тастап,сұлулыққа табынған,адамдықтың ақ жолын темірқазық етіп кеткен Стамбеков өлеңдері  мектеп бағдарламасына енгізілсе деген өтінішім бар. «Өзін-өзі тану», әдебиет сабақтарында Дәуітәлі ақынның жырларынан  адамдықтың  үлгісін  алған  ұрпақ  бүгінгідей  заманда  қоғамда  өзіне лайықты  орнын табатын азамат болып өсетініне сенімім мол.

2007 жылы қаңтар айында  атамның 60 жылдық мерейтойына орай Алматыдағы Жазушылар Одағында ақын Сәкен Иманасовтың жүргізуімен керемет кеш өткіздік. 52 жасында дүние салған атам биыл арамызда болса 70 жасқа толар еді. Атамның 70 жылдық мерейтойына орай көптеген іс-шаралар, еске алу кештері өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта да 75 жылдық, 80 жылдық мерейтойларын атап өтеміз деген сенімдемін.

Аяжан Мадибекова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға