Жаңалықтар

Әкімдіктер барлық рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын жоюы керек

Әкімдіктер барлық рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын жоюы керек
Фото: primeminister.kz 15.12.2022 18:05 1715

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Президент жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында коммуналдық қалдықтарды басқару тиімділігін арттыру және тұрғын үй секторында, өнеркәсіпте және басқа да салаларда энергия үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі жоспарлар қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев биылғы жылдың үшінші тоқсанында республика бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 24%-ды құрағанын баяндады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді (2020 – 18%, 2021 – 21%) және 2025 жылға қарай 30%-дан асуы керек.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 3 005 ҚТҚ полигоны жұмыс істейді, бұдан бөлек Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тағы 20 полигон салу жоспарланып отыр. Әртүрлі кезеңдерде қоқысты бөліп жинау 142, ал сұрыптау 101 елді мекенде енгізілді.

Премьер-Министр қолданыстағы полигондардың ішінде тек 630-ға жуығы ғана (21%) экологиялық және санитарлық нормаларға сай екенін атап өтті. Сондай-ақ Үкімет басшысы жылына 4-4,5 млн тонна тұрмыстық қалдықтар жиналатынын, алайда жергілікті атқарушы органдар қоқыс жинау жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отырғанын айтты. 

«Бұл үрдіс стихиялық полигондардың пайда болуына алып келеді, оларды жою үшін бюджет қаражаты жұмсалады. Атап айтқанда, құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуге арналған инфрақұрылым Қостанай облысы мен елордада ғана ұйымдастырылған. Қалған аймақтарда ондай инфрақұрылым жоқ», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр әкімдіктерге 2023 жылғы 1 маусымға дейін барлық рұқсат етілмеген полигондарды жоюды және жалпы полигондарды экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкестендіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-Министр қалдықтардың барлық түрін қайта өңдеуді ынталандыру, 5 000-нан 10 000 адамға дейін тұратын елді мекендер үшін полигондардың үлгілік жобаларын әзірлеуді жеделдету, сондай-ақ жаңа Қала құрылысы кодексі аясында құрылыс қалдықтарының айналымы жөніндегі норманы қарастыру қажеттігін атап өтті.

Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады.

Ол «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай экономикада энергияның жұмсалуын 30%-ға (2008 жылғы деңгейден) төмендету жоспарланып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты көп пәтерлі тұрғын үйлердің, әлеуметтік объектілердің, өнеркәсіп кәсіпорындарының және көлік инфрақұрылымының энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды іске асыру көзделіп отыр. Министрдің айтуынша, басқарудың, энергоменеджменттің автоматтандырылған жүйелері енгізіледі, арнайы құрылғылар орнатылып, жабдықтар ауыстырылады.

Премьер-Министр бұл тәсілдерді қолдап, тұрғын үй секторына бірінші кезекте назар аудару қажеттігін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға