Жаңалықтар

Әкімдер қордаланған мәселелердің шешімін тауып, нақты нәтиже көрсетуі тиіс - сарапшы

Әкімдер қордаланған мәселелердің шешімін тауып, нақты нәтиже көрсетуі тиіс - сарапшы
Фото: Жеке мұрағат 05.11.2023 09:01 3704

Бүгін елімізде қала және аудан әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Осыған орай «Amanat» партиясы қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди аталған сайлаудың маңызына тоқтала отырып, бұған қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Соңғы 1,5 жылдың ішінде елімізде ауқымды демократиялық реформалар іске асырылды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының негізінде еліміздің барлық билік тармағы, жалпы саяси жүйесі трансформациядан өтіп, жаңғыруда. Яғни демократиялық құндылықтарға негізделген жаңа саяси жүйе қалыптасуда. Жалпы демократиялық реформалардың аясында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, демократияландыру өте маңызды қадам болып табылады, – деді бас сарапшы.

Ерлан Ахмеди қазіргі таңда облыс деңгейіндегі қала және аудан әкімдерін тікелей сайлаудың жаңа деңгейіне өтіп жатқанымызды айтады.

Бұл саяси науқандар арқылы реформалар өзінің ауқымын кеңейтуде. Жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру аясында халықтың жергілікті мәселелерге деген жауапкершілігін арттырып, саяси процестерге қызығушылығын жоғарылату арқылы жергілікті биліктің тиімділігін арттыруға өзінің позитивті әсерін тигізеді. Сондықтанда бұл өте маңызды кезең. Алдағы уақытта ол жалғасын тауып, 2 жылдың ішінде пилоттық форматта басқа да қала және аудан әкімдері сайланады, – дейді ол.

Бас сарапшысының айтуынша, сайлауда жеңіске жеткен әкімнің бойында ең бірінші кезекте отансүйгіштік қасиет болуы қажет. Екіншіден, қандай жергілікті мәселелер бар екенінен хабардар болуы тиіс. Үшіншіден, ең негізгісі, қордаланған мәселелердің шешу жолдарын көрсететін нақты жоспарды ұсынуы және оны іске асыруы, яғни нәтиже көрсетуі керек.

Сайлау нәтижесінде жергілікті жерде өзіндік саяси, электоралдық мәдениет қалыптасса деген тілек бар. Облыстарда, аудандарда халық тек қана әкімнен ғана талап етпей, саяси процеске қатысу арқылы өзі де жауапкершілікті мойнына алатын болады. Өйткені жеңіске жеткен кандидатқа өздері үміт артып, бағдарламасына сеніп, таңдау жасады. Сайлаудан кейін болашақта  өңірлерімізде саяси дәстүрлер қалыптасып, демократиялық жүйеміз одан әрі дамып, нығая түседі деген ой бар, – деді Ерлан Ахмеди.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға