Әкімдер өз өңірлерінің экономикалық өсу драйверлеріне айналуға тиіс - депутат
Депутат Әділ Жұбанов ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа Қазақстанда инвестициялардың төмендеуіңне байланысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, елдің экономикалық дамуын жақсарту және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында еліміздің өңірлеріндегі әкімдердің функциялары мен өкілеттіктерін күшейту мүмкіндігін қарау қажет.
Бүгінде әкімдер күш-жігерінің едәуір бөлігі бюджет қаражатын игеруге және өңірлердің тұрақты дамуы үшін басымдық болып саналмайтын мәселелерді шешуге бағытталуда. Сонымен бірге, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы шеңберіндегі әкімдердің жұмысының тиімділігіне тікелей тәуелді болып табылатын үлкен әлеует бар. Бірақ бұл әлеует жеткілікті дәрежеде бағаланбай отыр. Өңірлік даму әр облыстың бірегей ерекшеліктеріне негізделуге тиіс. Бұл негізгі салаларға инвестицияларды белсенді тартуды қамтиды. Кәсіпкерлікті қолдау және қолайлы инвестициялық ахуалды құру экономикалық өсімді жеделдетіп, халықтың өмір сүру деңгейін арттыра алады. Бизнес-қоғамдастықпен өзара іс-қимылды күшейту, әлеуетті инвесторларды тартып, өңіраралық және халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамыту қажет. Ол үшін инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ жергілікті тауарлар мен қызметтерді ілгерілетуге күш жұмылдыру маңызды, - деп атап өтті ол.
Қазіргі уақытта инвестицияларды тарту жөніндегі жұмысты, негізінен, ел Президенті және орталық мемлекеттік органдар ғана жүргізеді, бұл әкімдердің өз өңірлерінің экономикалық әлеуетін әрдайым толыққанды бағаламауына және тиісінше инвесторларға жобаларды, инвестиция салу үшін нақты ұсыныстарды бере алмауына алып келіп отыр. Осыған байланысты, өңір басшыларын инвестицияларды тікелей тартуға міндеттеу қажет.
Мысалы, әкімдер инвестициялық жобаларды ілгерілету үшін Қазақстанның шетелдегі елшіліктерімен жеткілікті деңгейде жұмыс жүргізбейді. Әкімдер ел Президенті мен орталық мемлекеттік органдардың бастамаларымен ғана емес, өз өңірлерінің ерекшеліктері мен бәсекелік артықшылықтарын жете біле отырып, өздері басшылық ететін өңірді халықаралық аренада толығымен таныстыру мүмкіндігін алар еді. Бұл нақты салаларға немесе жобаларға инвестиция салуға дайын нысаналы инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.Қазіргі уақытта инвестицияларды тарту жөніндегі функциялар Сыртқы істер министрінің жетекшілік ететін орынбасары мен Инвестиция комитетінде шоғырланған. Алайда орталық мемлекеттік орган тарапынан өңірлердің экономикалық потенциалы мен инвестициялық тартымдылығы әрдайым ескеріле бермейді, - деді ол.
Оның сөзінше, бүгінде әкімдер жұмысының тиімділігін бағалау өлшемшарттарын қайта қарау және бюджетті игеруге баса назар аударудың орнына, мынадай өлшемшарттарды енгізген жөн:
- тартылған инвестициялар көлемі;
- жаңа өндірістер мен кәсіпорындардың саны, өйткені жаңа өндірістердің ашылуы өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Себебі, бұл көрсеткіш халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді.
Бұл көрсеткіштер әкімдердің рейтингтерін қалыптастыру үшін негіз бола алады, бұл олардың қызметін анағұрлым объективті бағалауға және шынайы экономикалық нәтижелерге қол жеткізуге ынталандыруға ықпал ететін болады.
Әкімдер, бірінші кезекте, өз өңірлерінің экономикалық өсу драйверлеріне айналуға тиіс. Бұл олардан аумақтың ерекшеліктері мен әлеуетін терең түсінуді талап етеді.
Әкімдердің рөлі әкімшілендіруді ғана емес, сонымен қатар, өңірлерді стратегиялық дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуді де білдіруге тиіс. Ол үшін оларға салықтық жеңілдіктерді әзірлеуді, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету мен шағын және орта бизнесті қолдауды қоса алғанда, тартымды инвестициялық ахуалды құру үшін құралдар мен өкілеттіктер беру қажет. Сонымен қатар, Инвестиция комитетінен өкілеттіктерді өңірлердің әкімдеріне ішінара беру мүмкіндігін қарау қажет, бұл әкімшілік-аумақтық бірліктердің әлеуетін пайдалана отырып, инвесторларды тарту мәселелерінде жеделдік пен тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылғандарға байланысты, өңірлерді дамытудың стратегиялық мақсаттарына, оның ерекшеліктері мен халықтың қажеттіліктеріне сай, әкімдердің жұмысындағы негізгі басымдықтарды қайта қарауды ұсынамын, - деді депутат.
Аталған шараларды енгізу өңірлердің стратегиялық көшбасшылары ретінде әкімдердің позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді, бұл, өз кезегінде, Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына және оның азаматтарының әл-ауқатын арттыратын болады.