Әкім Өскемендегі ауа сапасының төмен болу себебін түсіндірді
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Өскемендегі ауа сапасының нашар екендігін растап, оған әсер ететін факторларды атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өскеменде соңғы кездері ауаның сапасы өте нашар. Өскеменнің экологиясына географиялық, климаттық, антропогендік шарттар әсер етеді. Нақтырақ айтқанда, қала сайда орналасқанына байланысты және қыста қала маңында тұрған екі су электр станциясы дәл Ертіс өзенінде орналасқан. Қыстың өзінде ауа райы қандай аяз болса да су ешбір уақытта қатпайды. Соның әсерінен температураның өзгерісіне байланысты қала ішінде ылғал, дымқыл шыға береді. Жылына шамамен 180 күн жел болмайды, он шақты күн қолайсыз метеожағдай туғызады, - дейді Көшербаев Үкімет отырысында.
Әкім шаһарда 70 мыңнан астам кәсіпорын болса, соның ішінде 10-ы ірі кәсіпорын екендігін алға тартты. Бұдан бөлек автокөлік пен жер үйлердегі пештер де ауаны ластап отырғанын тілге тиек етті.